Аймақтар • 09 Сәуір, 2023

Өндіріс әлеуеті арта бастаған өңір

328 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір кезде Петропавл қаласы өнеркәсіп өндірісі қарыштаған қаламыз еді. Бірақ онда негізінен әскери-өнеркәсіп кешенінің зауыттары ғана құлашын кең жайып тұратын. Қазір бейбіт өмірдің тауарлары да сол өндіріс деңгейіне жақын көлемде өндіріле бастады.

Өндіріс әлеуеті арта бастаған өңір

Қазір Солтүстік Қазақстанда өнер­кәсіп өндірісін дамыту бойынша бірне­ше инвестициялық жобалар іске асырылуда, соның салмақтылары облыс орталығының өзінде. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму (КИИД) басқармасының басшысының орынбасары Н.Садықов: «Жаңа жобаларды іске асырудың және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртудың арқасында біз өнеркәсіп саласының үдемелі даму траекториясын сақтайтын боламыз. 2022 жылы өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4%-ға (395 млрд теңгеден 490 млрд теңгеге дейін) ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8%-ға ұлғайды (2021 жылы – 306 млрд теңге, 2022 жылы – 401,6 млрд теңге)», дейді.

2022 жылдың қорытындысы бойын­ша жалпы өнеркәсіптің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 7-орын алған. Өсім пайызы республикалық орта деңгейден жоғары. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту – экономика өсімінің негізгі драйверіне айналуы керек дейді маман. Өткен жылы Қазақстанның ірі кәсіпорындарымен, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін ұлттық компаниялармен облыс кәсіпорындары шамамен 81 млрд теңгеге шарттар жасаған. Соның арқасында тапсырыс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 28%-ға артқан. Бұл машина жасау саласын 2022 жылы 3,3%-ға арттырып, 111,5 млрд теңгеге жеткізді. Соның ішінде ресейлік «Урал» мотоциклін шығару жолға қойылды. Былтыр 8,9 млн АҚШ доллары көлеміне тең 730 мотоцикл шығарылды.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуды ынталандыратын индустриализацияның біртекті картасы жасалған. 2010 және 2019 жылдар аралығында осы картаның шеңберінде 57 млрд теңгенің 71 жобасы іске асырылды. Соның арқасында 2800 жаңа жұмыс орны ашылды.

Осы картаның келесі, 2020-2025 жылдар аралығындағы кезеңінде 141 млрд теңгені игеретін 25 жоба іске асы­­ры­луы жоспарланған. Соның 17 жо­ба­сы бүгінге дейін іске асырылды. Бұл машина жасау, электр қуаты, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және жеңіл өнеркәсіп салаларында іске асырылған жобалар. Оларда шығарылған өнімдер аймақтағы өңдеу өнеркәсібінің 45 пайыздық үлесін алып отыр. Жаңадан енгізілген жетілдірілген технологиялардың арқасында еңбек өнімділігі де 2022 жылдың 9 айында 4,1%-ға артты.

Солтүстікқазақстандық тауар өндіру­шілердің экспорттық әлеуеті де ар­тып келеді. Былтыр ол 423 млн АҚШ доллары көлеміне жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29,4%-ға артық. Мәселен, «Cool Infinity», «Киров атын­­­дағы зауыт» ЖШС, «Изолит», «Электр­­техникалық зауыт» ЖШС өнім­­дері елдің сыртынан өздерінің рыноктарын тапқан.

Қолайлы инвестициялық климат өңдеу өнеркәсібінде де тиімді жасалған. Осы күнге дейін 496 млрд теңгені игеруге тиісті 44 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның 44 млрд теңгені игерген 13 жобасы 2022 жылы іске асырылды. Соның ішінде өңірдегі ең үлкен «Масло-Дел» сүт зауытының келесі кезеңін жаңғырту аяқталды. Оның арқасында кәсіпорынның өндіріс­тік қуаты екі есеге жуық арттырылып, жылына шығаратын 120 мың тон­на­ның орнына 323 мың тонна өнім шығара алатын деңгейге жетті. Бұл мақсатқа 5,5 млрд теңгенің инвести­циясы құйылды. Сондай-ақ 2022 жыл­дың маусым айында аса ірі сүт өңдеу­ші «Евразиан Фудс Корпорейшн» ком­паниясының өндірісіне 13 млрд теңге құйылып, толық жаңғырту аяқтал­ды. Бұл кәсіпорынның қатты ірім­шік­терін еліміздің Астана, Алматы, Шым­кент сияқты ірі қалаларының дүкен­дері­нен де жиі көруге болады. Бірақ бір өкініш­тісі сол, өнімнің бағасы өте қымбат.

Импортқа тәуелділікті азайту мақса­тында облыста құс етін өндіретін кә­сіп­орындарға қолдау көрсетілуде. Былтыр «Солтүстік бройлері» кәсіп­орнының 5 мың тонна өнім шығара алатын алғашқы кезеңі іске қосылды. Қазір кәсіпорынның екінші кезеңін іске асыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге Қызылжар ауданында «Жаңа құс» ЖШС іске қосылды. Оған құйылған инвестиция көлемі 1,4 млрд теңге, кәсіпорын жаңадан 60 жұмыс орнын ашты. Қазір ол жылына 1500 тонна құс етін өндіреді.

Тайынша ауданында 1 млрд теңге инвестиция құйылып, жемазықтың 9 түрін шығара алатын жаңа зауыт іске қосылды. Ол жылына 72 мың тоннаның өнімін шығара алады, кәсіп­орын жаңадан 70 жұмыс орнын ашты. Өнімдерін негізінен облыстағы «ЕМС Агро» атты құс фабрикасына, елдің оңтүс­тік өңірлеріне және Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттеріне шығарады.

Петропавлда вагон-термос және вагон-рефрижераторлар шығарыла бастағаны туралы бұрын жазғанбыз. «Кул Инфинити» компаниясы жасап жатқан бұл өнімдердің жылдық саны 800-ге жетпекші. Биыл өндіріске тағы 12 млрд теңге құйылып, қосымша 200 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Былтыр күзде Петропавлда «Рим-КазАгро» ЖШС жылдық қуаты 5 мың тонна болатын қағаз өнімдерін шы­ғаратын фабриканы іске қосқанын қуана жазғанбыз. Құйылған инвес­тиция көлемі 2,5 млрд теңге, жұмыс орындарының саны 80 екенін де айт­қан­быз. Қазір зауыт жұмыс істеп, сани­тарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерін шығаруда. Бұл өнімдер импорттың 16 пайызын жабуға қол жеткізді. Болашақта кәсіпорын өз өнімдерін Ресейге шығаруды да жос­парлап отыр.

Республика халқы Солтүстік Қазақ­станда 2019 жылдан бері «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) ашылғанын біледі. Бұл аймақта істейтін кәсіпорындарға көптеген жеңілдік қарастырылған. Қазір АЭА-да 196,8 млрд теңгенің инвестициясын игеруді мақсат еткен 9 жоба іске асырылуда. Олар толық іске асырылғанда 2,7 мың адамға шақталған жаңа жұмыс орындары ашылмақшы. Бүгінге дейін 2 жоба іске асырылды. Соның ішінде 10 млрд теңге құйылған трансформаторлар шығаратын зауыт және немістің CLAAS комбайнын жинайтын цех. Соңғылар былтыр 332 комбайн жинаса, биыл барлығы 478 ауыл шаруашылығы техникаларын жинауды межелеп отыр. Ал жеті жоба қазір іске асырылу үстінде. Оның ішінде, былтыр екі ресейлік компания өз өнімдерін шығармақ болып, жаңа жобаларды іске асырып жатыр. Міне, Қызылжар өңірінің өнеркәсіп саласындағы қазіргі қадамдары осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы