04 Шілде, 2014

Ақсақалдарды Алакөлге шақырып, алғысқа бөленді

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Семей өңірінде кәсіпкерлер аз емес. Ал осы өңірде туризмді дамытуға атсалысып келе жатқан азаматтарды көп деуге келмейді. Исағали Омаралинов сондай азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі. Оның бұл мәселемен айналысып келе жатқанына ширек ғасырдан асып барады. Қазірде айдынды Алакөл жағасындағы 350 орындық ең үлкен демалыс кешені осы азаматтың иелігінде. Мұнда тынығушыларға барынша қолайлы мүмкіндік жасалған. Өткен жылы осында екі отбасылық сәнді коттедждер салынды. Ал олардың сапасы шетелдердегі демалыс орында­ры­нан еш кем емес. Бір сөзбен айт­қан­да, «Әйгерім» шетелдік қонақ­­тарды қабылдауға да сақадай сай әзір. Жуырда, яғни жаңа маусым алдында Исағали Қалимұсаұлы Өскемен мен Семейдің және облыстың бірқатар аудандарының жалпы жиыны отыздан астам еңбек ардагерлерін Алакөлге шақырып, тегін тынықтырып, демал­дырды. Бес күнге созыл­ған демалыс барысында жасы сексенге тақаған ақсақалдарға мейлін­­ше құрмет көрсетілді. Яғни, мазмұнды кеш, ойын-сауыққа дейін ұйымдас­­­­­ты­рылды. Сол себептен де ақсақалдар ақсұңқар секілді жемін шашып жеп жүрген азаматқа дән риза болды. Бұған дейін де мектеп, мешітке, спорт мекемелеріне қамқорлық танытып келе жатқан Исағалиды қалай мақтасаң да сыйымды. Осы орайда сапарда көңі­лімізге түйіп қайтқан келелі мәсе­лені айта кетсек еш артық­тығы жоқ деп білеміз. Яғни, Ала­­­көлге барып қайту мәселесі әлі күн­ге дейін өз шешімін таппай келе­ді. Жала­ңашкөлден Алакөлге дейін­гі небәрі елу шақырым жерге те­міржол тартылса дейміз. Олай болмаған күнде осы екі ара­лық­тағы жолға асфальт төселсе бұл мә­селе жартылай болса да өз шеші­­мін тапқан болар еді. Ал еліміз­­дің Астана, Ал­маты сынды ірі қа­ла­ларымен бір­ге, Өскемен, Семей­­ден Алакөлге тікелей ұшақ ұшы­­рыла бастаса оның айтары жоқ. Мемлекетіміз әлемдегі аса дамыған 30 ел­дің қатарынан көрінуге талпынып отырған шақ­та бұл қияли әңгі­ме емес. Туризм­ді дамытсақ, елі­міз де қоса дамитын­ды­ғын кім жоққа шығарады! СЕМЕЙ.
Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50