Инфографика • 10 Сәуір, 2023

Ауылдың ахуалы жақсарады

322 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде халық саны 1,5 миллионнан асатын Алматы облысында 52 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында аталған өңірдің 5 ауданында және Қонаев қаласында қуаттылығы 68 200 оқу орны бар 63 жайлы мектеп нысандарының тізімі бекітілген. Биылғы жылы 28 мектептің, келер жылы 35 мектептің құрылысын бастау жоспарланғандығы жайлы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Алматы облысына іссапары барысында мәлім болды.

Ауылдың ахуалы жақсарады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Аумағы мен халық саны жағынан өңірдегі ең ірі Еңбекші қазақ ауданын­дағы 84 мектепте 53 мыңнан аса бала білім алуда. Бұл ауданда да үш ауысым­дық мектеп мәселесі күрделі болса, соның бірі Рахат ауылдық округіндегі алты жыл бұрын жобалық қуаттылығы 600 орындық боп салынып, пайдалануға берілген №1 орта мектеп. Содан бері оқушы саны үш есеге артқан.

– Рахат орта мектебінде бүгінгі күнге 1660 оқушы үш ауысымда білім алса, сыймаған 800 бала Есік қаласындағы мектептерге тасымалданып оқытылуда. Осы қиындықтың күрмеуін тарқату мақсатында Президенттің қолдауымен жүзеге асатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында республика бойынша ең көп мектеп, яғни 63 мектеп біздің Алматы облысынан бой көтермек. Оның 28-інің іргесі биыл қалану жоспарланған. Соның ішінде Еңбекші қазақ ауданынан осы жоба бойынша 5 мектептің құрылысы басталады. Оған қоса «Верный капитал» компаниясы Есік қаласы мен Шелек ауылынан әрқайсысы 900 орындық екі үлкен мектеп салуды жоспарлап отыр,  –деді облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.

Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша облыста үш ауысымды мектеп саны ең көп Іле ауданында – 14, Талғар ауданында – 11 мектептің құрылысы қаланбақ.

Басқарма басшысының мәлімдеуін­ше, Алматы облысының мектептерінде кадр тапшылығы жоқ емес, биылғы жылдың өзінде 160 ұстаз жетіспейді. Оның ішінде негізінен физика, математика, бастауыш және орыс тілі пәнінің мұғалімдері. Осы мәселені шешу мақсатында Алматы қаласындағы педагогикалық жоғары оқу орындарының барлығымен келісімшарт жасасып, сұра­ныс беріп, мұғалім тапшылығын жою бағытындағы жұмыстарды жандан­дыруда. Сонымен қатар ең өзекті мәсе­ле­лердің бірі – білім сапасын көтеру­де де нақты қадамдар жүзеге аса бастаған. Атап айтсақ, облыс әкімі бекіткен «Алматы облысының білім сапасын артты­ру­дың «Жол картасы» бойынша «Білім-Инновация» халықаралық қоғам­дық қоры облыстағы 50 мектептен 5 мыңнан астам ұстазды даралап, біліктілігін арттыру, оқушылардың ынта-зейінін көтеру бағытында әдістемелік жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Нәтижесіне қарай кейіндеп кеңейту көз­делген. Өйткені аталған облыста білім сапасының деңгейі айтарлықтай төмен­деп кеткендігін бас ұстаз жасырмады.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру арқылы үш ауысымдық мектептер мәселесін түбегейлі шешумен қатар, тозығы жеткен, апатты ғимараттардың болмауы қамтамасыз етіледі, – деген Вице-премьер Алтай Көлгінов аталған жоба бойынша салынатын жаңа мектептерді мұғалімдермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге, бұл орайда ұстаздардың біліктілігіне, іс-тәжірибесіне айрықша назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ өңірлерге келетін жас ұстаздарға алдағы жылдан бастап 10 млн теңгеге дейін көтермеақы төленетіндігін атап өтті.

Адам капиталының сапасын арттыруда денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы айрықша маңызға ие. Алматы облысында 398 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның 58-і жекеменшік. Бұл салада да күрмеуі күрделі мәселелер аз еместігі Есік қаласындағы көпсалалы аудандық аурухана дәрігерлерімен кездесуде мәлім болды. Аудан тұрғындарына 300-ге жуық дәрігер қызмет көрсететін денсаулық сақтау мекемесінде кадр тапшылығы барын аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуова баяндады. Денсаулық сақтау саласындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Алматыдағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен келісімшарт жасалып, ортақ меморандумға қол қойған.

Ауруханаға арнайы келген А.Көлгінов медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасына, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл аударып, пікір алмасты. «Денсаулық пен білім  ең өзекті сала саналады. Еліміздің өсіп-өркендеуінің қос қанаты іспетті. Алайда ауылдарда дәрігер мамандар жетіспейді. Медициналық құрылғылардың тозығы жеткен. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылдың ішінде өңірлерде 600-ден астам нысан салу көзделген. Соның ішінде 38 нысан осы облысқа тиесілі, оған қоса 2 ауданаралық аурухана салынатын болады», деген сөзі дәрігерлердің көңілін жадыратты.

Президент тапсырмасына сәйкес, халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетіндігінен хабардар еңбеккерлер екі білектерін сыбана іске кірісуге да­йын. Үкімет басшысының орынбасары Еңбекші қазақ ауданындағы іссапары барысында Жаңашар ауылдық округіндегі «Адал» агроөнеркәсіп кешенінде облыс­тағы шаруа қожалықтарының басшы­ларымен кездесті. Онда «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін түсіндіре келіп:

– Республика тұрғындарының жартысына жуығы ауылдық аймақтарда тұрады. Олардың кәсіптерін ашып, кеңейтуіне осы бағдарлама арқылы мемлекет тарапы­нан жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсеті­леді. Ауыл шаруа­шылығына қажет құ­рал-жаб­дықтар мен техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсат­қа 1 трил­лионға жуық теңге бөлінсе, оның 8 млрд 300 млн теңгесі Алматы облы­сы­ның аза­маттарына тиесілі. Қаржыға қол жеткізудің заңдылықтары түсіндірі­ліп, оны алғаннан кейін, дұрыс игерілуін жіті назарда ұстаңыздар. «Көктем­нің бір күні – жылға азық» демекші, науқандық жұмыс қызатын шақта бұл мәселені кешеуілдетуге болмайды. Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету арқылы отандық өнім көлемін арттырар болса, бүгінгідей бағаның шарықтауы­на жол бермейтін боламыз, – деген Алтай Көлгінов көптеген шаруагерлердің толғақты сауалдарына тұщымды жауап қайырды.

Түс ауа Қонаев қаласының Бас жоспарымен танысқан Премьер-министрдің орынбасары А.Көлгінов іссапар соңында әкімдік қызметкерлерімен кездесіп, өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуын­да айрықша маңызға ие жобалар жайын талқылап, басқарма басшыларының ұсы­ныс-пікірлерін тыңдады.

 

Алматы облысы