Саясат • 11 Сәуір, 2023

Смайылов шенеуніктерге ескерту жасады

218 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылыту маусымына дайындық мәселелері жөніндегі Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Әлихан Смайылов өткен қыс мезгілінде болған қиындықтарға тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Смайылов шенеуніктерге ескерту жасады

Премьер-министр өткен қыс жылу энергетикасындағы көптеген мәселенің бетін ашып бергенін айтты. Атап айтқанда, Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді.

«Барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтып жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеуі керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылыту маусымында апаттардың саны айтарлықтай өсті – тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да инфрақұрылымдық ақаулар болды.
 
«Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді. Кейбір өңірлерде көмірді уақытылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауы тиіс еді», деді Премьер-министр.

Жалпы, Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ. Одан бөлек жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен болған.

«Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына қатысты болып отыр», деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты биыл Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп, оларға жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді. Энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады.

«Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді. Өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 миллиард теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор», деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте. Олардың тозу деңгейі шамамен 77 пайыз болып отыр. Осыған байланысты осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек.

«Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісім-шарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керектігін айтты. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізіледі. Үкімет басшысы барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектісінің алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындығы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қажеттігін айтты.

Әлихан Смайылов 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтау және осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жеке меншіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керек екенін қоса айтты.

«Туындаған барлық мәселені жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатерлердің барлығын мұқият есептеу керек»,  деп ойын аяқтады Премьер-министр.