Энергетика • 12 Сәуір, 2023

Күтімсіз энергия нысандары мемлекетке қайтарылады

198 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды.

Күтімсіз энергия нысандары мемлекетке қайтарылады

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгінгі таңда республиканың электр стансаларына техникалық аудит аяқталғанын, бұл жұмысқа халықара­лық консультанттар тартылғанын баянда­ды. Нәтижесінде, тозу, негізгі жабдықтар­дың жарамдылық мерзімі, отын шығы­ны, технологиялық бұзушылықтар және т.б. көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды. Қазіргі уақытта одан әрі іс-қимыл жоспарлары дайында­лып жатыр. Сонымен қатар барлық 37 ЖЭО бойынша әкімдіктермен бірлесіп, алдағы жылу беру маусымына дайын­дық үшін жол карталары жасалып жатыр, олар Энергетика министрлігінің бақылауында болады.

Жалпы, биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 49 қазандықты және 54 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бір энергетикалық блокта, екі қазандықта және үш турбинада әртүрлі кезеңдерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 мың шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ 564 жоғары вольтты қосал­қы стансаларды жөндеу жоспарланған. Электр желілерін жөндеу жұмыстары мамыр айында басталмақ.

Жалпы, өткен қыстың ауыр өткені белгілі. Өткен жылдың қазан айының соңында Риддер электр стансасында жылу желісінің температурасының айтар­лықтай төмендеуімен ауыр апат­тық жағдайлар басталды. Осы жылдың қаңтар айында таспалы конвейерлер галереяларында және №6 қазандықтың басқару тақтасында өрт болды. Наурызда №5 қазандықтағы кабельдердің тер­миялық зақымдануы және №6 қазандық аймағындағы көмір шаңының тарсылы қоршау құрылымдарының ішінара бұзылуы апатқа себеп болды.

Жылыту кезеңінің басынан бас­тап жылу желілері жұмысының темпе­рату­ралық режімін сақтамаудың 133 жағ­дайы орын алды.

«Қаражыра» акционерлік қоғамы алдында жеткізілген көмір үшін шама­мен 1,5 млрд теңге мөлшеріндегі берешек отынның тұрақты жеткізілуіне әсер етеді. Осы фактілер бойынша тергеу жүргізілді, жаза туралы хаттамалар жасалып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.

27 қарашада Екібастұз қаласының жылу желілерінде көптеген зақым бол­ды. Температура кестесі 94 рет орын­далмаған. Министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті технологиялық бұзушылық­қа тергеу жүргізді, әкімшілік жаза шы­ға­ра отырып, «Екібастұзтеплоэнерго» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қолданыстағы айыппұл шаралары халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда өте аз екенін атап өту қажет.

Жылыту маусымы басталғаннан бері «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының жылу орталығы бойынша температуралық кестені сақтамаудың 70 жағдайы байқалды. Қаңтар айында №3 қазандықта күл ұстағыш қондырғы жұмысының нашарлауына байланыс­ты газ құбыры құлады. Қазіргі уақытта №3 қазандықта газ құбырын қалпына келтіру жалғасуда, соның салдарынан №1 қазандық бір апталық артта қалумен жөндеуге шығарылды. Темір­тау қаласының тұтынушыларын жылумен сенімді қамтамасыз ету үшін №7 қа­зандықтың құрылысы жүргізілуде. Келесі жылыту маусымына осы қазан­дықты іске қосу қажет.

Жезқазған жылыту орталығында жы­лыту кезеңінде қолда бар 6 қазандық бойынша 75 апаттық тоқтатулар орын алды. Ең көп саны №9 қазандықта бол­ды, алайда биыл бұл бойынша қар­жы­ландыруға сілтеме жасай отырып күрделі жөндеу жоспарланбайды. Жез­қазған облыс орталығы мәртебесіне ие екенін ескере отырып, министрлік «Kazakhmys Energy» мекемесімен осы жылу орталығын жаңғырту мәселесін пысықтауда.

Желтоқсан және қаңтар айларын­да «МАЭК» мекемесінде сумен жаб­дықтауда қиын жағдай орын алды. Маң­ғыс­таудың энергетикалық негізгі өңір­дің бірі болуына байланысты жоспарлан­ған жөндеу науқанының толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету қажет.

2012 жылдан бастап Кентау жылу орталығында қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізілмейді. Осы жылы шамамен 5 млрд теңге сомаға 4 қазандыққа (№5, 6, 7, 8) және 1 турбинаға (№6) күрделі жөндеу жоспарланған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Мұрат Қарабаевтың мәлімдеуінше, республикадағы жылу­мен жабдықтау желілерінің жалпы ұзын­дығы – шамамен 14 мың шақырым. Ел бо­йынша желілердің 54%-ы орташа дең­гейде тозған – 7,5 мың шақырым желіні ауыстыру қажет. Ең жоғары тозу деңгейі – Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында.

2023 жылы бюджеттен тозу көрсет­кіші 75%-дан асатын коммуникациялар бойынша 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желіле­рін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы, 2029 жылға қарай жылу құбыр­ларының тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр.

Бұған қоса, қазіргі уақытта Үкімет резервінен Ақмола және Павлодар об­лыс­тарындағы жылу желілерін ре­кон­струкциялау мен жаңғыртуға қара­­­жат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Мәселен, 15 наурызда Екібастұз қала­сында 4 жылу магистралін (2-ЖМ, 5-ЖМ, 8-ЖМ, 12-ЖМ) реконструкциялау және Павлодарда жаңа жылу желілерін салу бойынша оң дәйектеме алынды. Сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өтінімі бойынша Степногор және Көкшетау қалаларында жылу жолдарын жөндеу мәселесі пысықталуда.

2023 жылғы бюджетті нақтылау ке­­зінде Павлодар қаласында жылу желі­­лерін қайта жаңарту бойынша 1 жо­­баны (5 км) іске асыруға 1,6 млрд тең­­ге көзделген. Сондай-ақ Павлодар қала­­сында жылумен жабдықтаудың 2 жо­­ба­сы бойынша жобалау-сметалық құ­жат­таманы әзірлеу жүргізілуде.

Үкімет резервінен тиісті қаражатты бөлу туралы қаулының жобасы (13,3 млрд теңге) мүдделі мемлекеттік органдармен келісуде. Сондай-ақ Степногор және Көкшетау қалалары бойынша жылу желілерін жөндеуге (5,9 млрд теңге; 18,3 км) Ақмола облысы әкімінің өтінішхаты жолданды. Бүгінгі таңда сметалық құжаттамалары пысықталуда. Жақын арада Қаржы министрлігіне қолдаухат жіберіледі.

Алдағы жылу беру маусымына да­йын­дық шеңберінде облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қала­ларының жергілікті атқарушы органдары тұрақты жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін:

Жылыту маусымы аяқталғаннан ке­йін тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылықтың және әлеуметтік саланың барлық объектілерін алдағы 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жос­па­рын әзірлеуі және бекітуі, көмір қа­жет­тілігінің дұрыс жоспарларын қалып­тас­тыруы; 2023 жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде жылу желілерінің жай-күйі­не техникалық тексеру жүргізуі және жеке желілерді коммуналдық меншікке берудің орындылығы мәселесін қарауы; 2023 жылдың соңына дейін 2024 жылғы құрылыс монтаждау жұмыстарын қам­тамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжат­тама әзірлеуді аяқтауы; жазғы уақытта тұйықтарда және көмір шұң­қыр­ларында көмір қорларын жинауды бастауы; сауда биржасының ашық жұмысын және көлемдердің біркелкі бөлінуін қамтамасыз етуге міндетті.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өндірісті де, әлеуметтік инфрақұ­ры­лым нысандарын да жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін өнеркәсіп кәсіпорындарын тексеру жұ­мыстары туралы баяндама жасады.

Өңірлердегі жұмыс жоспарлары туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Ақмола облысының әкімі Ермек Мар­жық­паев айтып берді.

Премьер-министр өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблеманың бетін ашып бергенін айтты. Атап айтқанда, Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде ше­шуге тура келді.

«Барлық әкімдік бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтып жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеуі керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, өт­кен жылыту маусымында апаттардың саны айтарлықтай өсті, тіпті ірі қала­лардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да инфрақұрылымдық ақаулар болды.

«Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді. Кейбір өңірлерде көмірді уақтылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшілік­тер болмауға тиіс еді», деді Премьер-министр.

Жалпы, Ә.Смайыловтың айтуын­ша, бұған дейін жабдықтардың техни­калық жай-күйіне уақтылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ. Одан бөлек жылу электр орталық­тарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен.

«Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңге­йінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына қатысты», деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты биыл Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңна­малық тұрғыдан күшейтіп, оларға жос­пардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді. Энергия объектілерін тиісті дең­гейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы беріледі.

«Үкімет пен әкімдіктер және мен­шік иелері тиісті энергетикалық инфра­құрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді. Өңір­лерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмыс­ты сапалы және уақтылы жүргізудің маңызы өте зор», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте екенін айтты. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ды құрап отыр. Осыған байланысты осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек.

«Энергия объектілері иелерінің жа­уапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісімшарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жекеменшіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керек екенін айтты. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізіледі.

Өз сөзін қорытындылай келе, Үкімет басшысы өңір әкімдіктері Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, бар­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектісінің алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындығы бо­йынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қа­жет­тігін айтты.

Оған қоса Әлихан Смайылов 1 мау­сымға дейін қолданыстағы жылу желі­лерінің жағдайына техникалық тек­серу жұмыстарын аяқтау және осы жұмыс­тардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жекеменшіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке беру­дің қажеттілігін анықтау керек еке­нін айтты.

«Туындаған барлық мәселені жылыту маусымына дейін созбай, жедел ше­шу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қа­терлердің барлығын мұқият есептеу керек», деп түйіндеді Премьер-министр.