АСТАНА. 4 шілде. Кеше түнде басталған футболдан Еуропа лигасы 2014/2015 жылдарғы маусымының бірінші іріктеу матчтарында Қазақстанның үш командасы да жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Командалардың екеуі сырт алаңда, Армения стадиондарында ойнағандарына қарамастан, осындай абырой биігінен көрінді. Бұл күні Қарағандының «Шахтері» Гюмриде (бұрынғы – Ленинакан) жергілікті «Ширак» командасына қарсы шықты. Осы жерде айта кетуіміз керек, бұл екі команда кешегі кеңес кезеңінде де ел чемпионатына қатар күш сынасқан. Қарағандылықтар «А» класында ойнаса, ленинакандықтар «Б» тобында өнер көрсетті. Арасында бір-бірлерімен ұшырасып қалған кездері де кездесті. Атап айтқанда, 1969 жылы олар «А» класының екінші лигасында алғаш және соңғы рет тоқайласты. Біздің кеншілер алдымен қонақта өткен ойынды 0:0 етіп тең аяқтап келіп, өз алаңында 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Енді, міне, арада 45 жыл өткеннен кейін жасақтар тағы кездесіп отыр. Бір қызығы, олардың екеуі де сол кездегі атауларын күні бүгінге дейін сол қалпында сақтап келеді.
Армян жерінде өткен бұл жолғы кездесуде де қарағандылықтардың десі басым болды. Бірақ меймандар өз басымдылықтарын көпке дейін голға айналдыра алмады. Олар 71-минутта Андрей Финонченкодан пас алған Михрет Топчагич соққан голдан кейін ғана есеп ашты. Ал 83-минутта Сергей Малый табысты еселеді. Армяндар 86-минутта Серж Дебле күдікті пенальтиден түсірген бір голдан соң ғана бір доптың қарымтасын қайтара білді. Есеп – 2:1.
Арменияның астанасы – Ереван қаласында жергілікті «Пюникпен» кездескен «Астана» ұжымы бұдан да ары кетті. Елорда футболшылары қарсыластарын 4:1 етіп қирата жеңді. Олар 40-минутта Бауыржан Жолшиевтің пасынан Таңат Нөсербаев соққан голмен алға шықса, 67-минутта Бауыржанның өзі ерледі. Оған мұндай мүмкіндікті Марат Шахметов жасады. Бірақ арада бір минут өткенде еревандық Агван Папикян бір доптың есесін кемітіп үлгерді. Содан кейін аалаң үстінде қайтадан астаналықтар құйын үйірді. Соның нәтижесінде 71-минутта Фокси Кетевоама, ал 84-минутта Атанас Курдов есепті ұлғайта түсті.
Қазақстандықтарға соңғы жеңісті Алматыда Албанияның «Кукеси» командасын қабылдаған «Қайрат» әперді. Жеңіс әкелген жалғыз допты 89-минутта Аслан Дарабаев өз есебіне жазды.
Енді қарымта кездесулер 10 шілде күні қарсы командалар алаңдарында өтеді.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: vesti.kz.
Фото: vesti.kz.