Қоғам • 12 Сәуір, 2023

Құмар ойындарды жарнамалағандар заңмен қудалануы мүмкін

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңге болған. Бұл статистика 12 сәуір күні Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолданған депутаттық сауалда айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құмар ойындарды жарнамалағандар заңмен қудалануы мүмкін

AMANAT партиясының «Қоғамдық саясат институты» жасаған әлеуметтік зерттеуде халықтың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін және букмекерлік кеңселердің жұмысына қатаң тыйым салу қажеттігін айтқан.

«Бүгінгі таңда букмекерлік кеңселер халықты құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Еліміздің жетекші теле-радио арналары спорт таранслияциялары кезінде букмекерлік кеңселерді жарнамалауда. Қоғамдық орындардағы лотерея терминалдарын жауапты органдар бақыламау себебінен буыны қатпаған бүтін бір ұрпақ сол темір терминалдардың құрсауында жүр», деді Жанарбек Әшімжан.

Осы орайда депутат қарызға қарыз жамап, құмар ойын үшін шағын несие алып ойнайтындардың қатары көбейгенін алға тартты.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесігіміз – жастар! Ал жастарымыз есігі айқара ашық құмар ойындардың ошағындағы отқа жылынып жүр. Құмар ойын дегеніміз – қып-қызыл от! Ол от бүгін ұрпағымызға ауыз салса, ертең қоғамымызды өртке орайды», деп ойын жеткізді Жанарбек Әшімжан. 

Депутаттар Үкіметтен мына нақты іс-шараларды жедел түрде қолға алуын талап етті:

  1. Қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек.
  2. Қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да құмар ойындарды жарнамалау заңмен қудалану керек.
  3. Супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған «Lotomatic» секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек.