Президент • 12 Сәуір, 2023

Отандық ғылым мемлекеттік бюджетке тәуелді - Қ.Тоқаев

386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында отандық ғылымның тұралап қалу себептерін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық ғылым мемлекеттік бюджетке тәуелді - Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы ғылымның дамуына кері әсер ететін факторларға тоқталды. 

«Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды. Жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар», деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласындағы өзекті мәселелерді де атап өтті. Соның ішінде ғылымға бөлінетін қаржының ұлғайғанын, бірақ, жұмсалуында теңсіздіктер бар екенін айтты.

«Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.

Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.