Алматы • 12 Сәуір, 2023

Шекарада мерт болғандар

661 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза болған жауынгерлерді еске алу мақсатында «Ерлік – ерге мұра, ұрпаққа ұран» атты көрменің тұсауы кесілді.

Шекарада мерт болғандар

ҰҚК Шекара қызметі «Зас­тава тарландары» респуб­лика­лық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының басшылығы, Ұлттық ұланның әскер және локальды қақты­ғыстары ардагерлерінің басын қосқан іс-шараға «Басқа мем­лекеттер аумағындағы ұрыс қи­мылдар ардагерлері мен мүге­дектерінің» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Мемлекеттік орта­лық музейдің үшінші қаба­тында ашылған көрме қонақ­тарын Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы әскери бөлімдері­нің бірінен шақырылған Әскери оркестр әуезді әуенмен қарсы алды. Әрі қарай еліміздің Ән­ұраны шырқалып, шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қо­ғам­дық бірлестігі Алматы қала­лық филиалының төрағасы отстав­кадағы генерал-майор Марат Мажи­тов ержүрек ұландар тағы­лымын тебірене еске алды.

– Осыдан 28 жыл бұрын Памир тауындағы Пшихавр шат­қалында бес сағатқа созылған қарулы қақтығыс кезінде ішкі әскердің 17 қазақ жауынгері ер­лікпен қаза тауып, 33-і ауыр жа­раланды. Ал соның алдын­да ғана, 1994 жылдың қыркүйегінде шекарашылар өздерінің қай­сар мінезді қаруластары Рад­жан Батырхановтан мәңгіге айыры­лып еді. Ішкі әскердің он жеті сарбазы да сол күні Рад­жанның ерлігін қайталады. Естелік ескірмейтіні секілді ер­лік те ешқашан ұмытылмайды. Кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталып, жастарды патриоттық рухқа баулиды, – деді Марат Мажитов.

Сонымен қатар Шекара қыз­метінің ардагері, отставкадағы генерал-майор Тоқтасын Бузу­баевтың да тәжік-ауған шекарасы туралы айтар естеліктері аз болған жоқ. Ғибратты іс-ша­раны өткізуге мұрындық болған Ұлттық ұланның ардагері, запас­тағы полковник Ерлан Алда­назаров сол бір қаралы күннің куәгері ретіне оқиғаның картинасын көпшіліктің көз алдына әкелді.

– 7 сәуір күні қаза тапқан 17 сар­баз менің ротамның жа­уын­герлері болатын. Боздақ­тар ме­нің көз алдымда оққа ұш­қан­дықтан, әлі күнге дейін жаныма батады. Олардың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Ауыр шайқастан соң мен ұрыстан аман шыққан жауынгерлеріме ерлік жасағандарын айтып, ри­за­шылығымды білдірдім. Елге қайтқысы келетіндерге рұқсат берілетінін жеткіздім. Сонда ме­­нің ротамдағы жауынгерлер бір ауыздан қаза болған қарулас жолдастарының кегін қайтармай, өздерінің елге оралмайтында­­рын айтты, – деген Е.Алданазаров бүгін біздің арамызда сол күні бойларындағы күшті рух­тың ұшқынын көрсеткен сарбаз­дар­дың қатарында болған үш жауынгерінің отырғанын тілге тиек етті.

Олар – Еламан Үмбетов, Жұ­махан Шашубаев, Жанат Несі­повтер екен. Коман­дирлерінің өздеріне көрсеткен лебізіне бү­гінде ел ағасына айналған сарбаздар қолдарын кеуделеріне қойып, ризашылық таныт­ты. Осылайша, өз сарбаздары­ның ер­лігіне ерекше тоқталған Ерлан Жарылқасынұлы өзі бас­қара­тын «Басқа мемлекеттер аума­ғын­дағы ұрыс қимылдары ар­дагер­лері мен мүгедектерінің» қо­ғам­дық бірлестігінің осындай патриоттық рухтағы іс-шаралар­ды үздіксіз жалғастыра беретінін жеткізді.

Сонымен қатар тағзым іс-шарасын көпшілікке танымал Шекара қызметінің өнердегі өкілдері Зәмзәгүл Кенжебаева мен Бақтияр Ермаханов па­­т­р­иот­тық рухтағы әндерімен әр­леді. Зәмзәгүл өзінің Раджан Батырхановқа арнаған авторлық әнін орындаса, Бақтиярдың «Го­рячие точкий» атты туындысы жиналғандардың жүрегінен орын алды.

Он жеті сарбазды ұлықтауға арналған іс-шараның соңы қонақ­тардың көрмені тамашалауына ұласты. Мұнда тәжік-ауған ше­карасында өткен ұрыстың жәдігеріне айналған заттар қо­йылып, музей қабырғасына отты күндерден мағлұмат беретін көрнекі құралдар ілінген. Әйнек астындағы әрбір зат өткен күннің белгісіндей болып, көзге оттай басылады...

 

АЛМАТЫ