Әдебиет • 12 Сәуір, 2023

«Қара шал»

541 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам тағдыры – аласапыран арпалыс. Фәниге жылап келген сәби жылдар жылыстағанда, қартайғанда, анығы бақиға аттанарда көз жасын сығуға шамасы жетпейді. Әр тағдыр иесінің өз драмасы бар. Ал жастық шағы сағымға айналған қарияның жан ариясын тыңдауға көп адам құлықты емес қой.

«Қара шал»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шал» термесін тыңдағанда кісі жаны түршікпеуі мүмкін емес. Қазір елімізде не көп? Қарттар үйі жетіп артылады. Жұмақты анасының табанының астында деп түсінген қазақ әкесін хандай құрметтейтін. Өкінішке қарай, қазір қарияны қарттар үйіне өткізе салу түк те қиын емес. Безбүйректік үстемдік құрса, оған не уәж айтасың?

Музыканттар айтатын «сөзден бұрын музыка пайда болған» деген долбар бар. Одан бөлек Чайковскийдің: «Сөз жетпеген жерге музыка жетеді» деген пәлсапасы да жүрекке қона кетеді. Кейде сол рас па дейсің. «Қара шалды» тыңдасаң бойыңды үсік шалғандай күйге түсетінің анық. Рас, сөз айтылмай тұрып-ақ домбыраның үнінен терең трагедия құлақтан кіріп, жаныңды астаң-кестең етеді. Сол бір мұңлы үн мәтінмен астасқанда, сабақтасқанда жаныңды қоярға жер таппайтының тағы анық.

«Әкең де осы жерде өлер енді,

Тәңірдің жазуына көнер енді.

О, жалған, сағындым ғой тым болмаса,

Алып кеп бір иіскетші немеремді».

Дәл осы шумақ көкірегіңді қарс айыратыны сөзсіз. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деген сөздің түпкі мәнін қарияның монологінен толыққанды түсіне түсесің. Расында да қарттар үйінде қайғыдан қара жамылған ақсақал үшін немересін бір иіскегеннен асқан бақыт жоқ шығар.

Адам қартайғанда қайтадан балаға айналады. Қамкөңіл қартты қуантудың орнына мұңайта бере­ті­німізге жол болсын. Бірер жыл бұрын қарттар үйіне бас сұққанбыз. Жүзін тереңінен шимайлаған әжім іздерінен тағдыр тартқан мехнат пен зар айқын аң­ғарылып тұрған қария сонда: «Ауылыма бір апар­шы, балам. Содан соң осында қайта келіп өлуге дайынмын», деген...

Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шалы» қарттар үйін мекендеген ақсақалдардың бүкіл қайғысы мен қасіретін, мұңын жеткізіп тұрғаны даусыз. Ұлттық қасіретті домбырадан артық жеткізетін аспап бар ма, шіркін? Терменің табиғатын аша түскен қасиетті аспап үні – адам жанының емшісі.

«Қаусаған қасіретті қара шалмын,

Бұл күнде қара шалмен санасар кім?

Жанымды жегідей жеп қарттар үйі,

Күн сайын қуат кеміп аласардым.

 

Онша тар емес еді-ау пәтерің де,

Осында тастап кеттің әкелдің де.

Сынаптай сыртын берсе туған балаң,

Тірідей өлгені ғой әкенің де.

 

Көп болды-ау дидарыңды көрмегелі,

Көп болды-ау шешеңді де жерлегелі.

Балам деп көз жұмғанша жылап жатты,

Жаныма қатты батты келмегенің».

Адам жанын­дағы сағынышты, өкінішті бұдан артық қалай айтып жеткізесің?

«Қазақстанның кез келген өңірінде қарттар үйі көп екенін телеарнадан көргенде жүрекке бір мұң артқандай болдым. Ертесіне бұрынғы Жамбыл қаласындағы қарттар үйіне бардым. Қазақтың қаракөз қариялары сол жерде қаптап жүргенін көргенде жағамды ұстадым. Қариялардың бірімен тілдескенде ол бұрынғы Луговой, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының шағын ауылында тұрғанын, үш баласы бар екенін айтып қалды. Қыздарының бірі аурушаң болғанын, енді бірі тұрмысқа шыққанын, ұлы жаман жолға түсіп кеткенін қайғырып айтты. Жары бақилық болған соң атқамінерлер Жамбылдағы қарттар үйіне орналастырғанын мұңайып отырып жеткізді.

Қарияның трагедиясы мұнымен таусылмайды. Алатын зейнетақысын ішкілікке салынған баласы қажетіне жұмсайды екен. Баласына жүрегін беруге дейін дайын екенін айтқан қарияның аңырап жылағаны естен шықсын ба?!» депті композитор естеліктерінің бірінде.

Композитордың жүрегін жарып шыққан толғау қай кезде де өзінің өзектілігін жоймайтыны анық. Өйткені қобыз сарынды қазақ трагедиясын жетер жеріне жеткізген шығарманы ойлы тыңдарман ешқашан естен шығармайтыны сөзсіз.

«Несіне өлемін деп өкінемін,

Қайғыдан қарс айырылған көкірегім.

Көз жұмсам елге апарып қоярсыңдар,

Соңғы рет сенен соны өтінемін.

 

Өзің деп өтіп еді-ау бар қызығым,

Барады-ау оттай жанып тән қызуым.

Мүмкін бұл менің соңғы демім шығар,

Аман бол қайда жүрсең жалғыз ұлым»,

деп түйін­делетін толғаудан әке жанының жанайқайы естіледі.

Адам жайшылықта көкейге қонатын есті әңгімені тыңдауға құлықсыз. Әсіресе, жұрт айтып жүрген zet ұрпақ жеңіл дүниеге әуестеніп кеткені рас. Ал Алтынбектің «Қара шалында» қазақ трагедиясының бір көрінісі кісі жүрегін елжірететіндей қалыпта жеткізілген. Мәні мен мазмұны терең шығармада түсінгенге терең мораль жатыр. Қара сөзге құлақ аспайтындар толғауды тыңдай түссе дейсің...

 

Жамбыл облысы