Қоғам • 13 Сәуір, 2023

Лифт өндірісінің келешегі қандай?

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде көпқабатты ғимараттар мен тұрғын үйлердегі секундына бірнеше метр жылдамдықта қозғалатын жеделсаты саны 25 мыңға жуық. Оның ішінде халық пайдалануындағы алты мыңнан аса лифтінің қызмет көрсету деңгейі аяқталуға жақын тұр. Тозығы жеткен немесе істен шыққан жеделсатыны алмастыру үшін құрылыс компаниялары өзімізден өндірілген өнімді емес, алыс-жақын шетелден тасымалдауға әуес.

Лифт өндірісінің келешегі қандай?

Жыл сайын  елімізде  бес мыңнан аса лифт импортталса, қолданыстағы отандық өндіріске деген тұтынушылық сұраныс тек жиырма пайызын ғана құрайды екен. Бұл орайда 2016 жылы «Қазақстанның ұлт­тық лифттер қауымдастығы» заңды тұл­­­ғалар бірлестігі өзін-өзі реттейтін ұйым­ ретінде құрылып, бір жылдан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы аккредиттеуден өткендігі тура­лы куәлік берген. Қауымдастық сол кездері Инвестициялар және даму минис­трлігі Индустриялық даму және өнер­кәсіптік қауіпсіздік комитетінің тізі­лі­мінде тіркеліп, еліміздің элеватор сала­сындағы алғашқы өзін-өзі реттейтін ұйым­ болып қалыптасқан. Ол сонымен қатар­  «Қазақстан машина жасау одағы» заңды­ тұлғалар бірлестігінің толыққанды мүше­сі.

«Негізгі қызметіміз еліміздегі лифт сала­­сын дамытуға, жетілдіруге және бір­іздендіруге тиісті жұмыстарды жүр­гізіп, қауымдастыққа мүшелік ететін отан­дық табысты лифт шығаратын зауыт­тар, монтаж­дау және қызмет көрсету ком­­па­ния­ларындағы техникалық ма­ман­дардың кәсіби әлеуетін арттыруда олар­дың істері жүйелі жүруіне жан-жақты­ қолдау көрсетеміз. Сапалы қызмет көр­се­туде қауымдастық мүшелері үшін сапаны­ бақылау жүйесі әзірленді. Әр тоқсан сайын лифтілердің қауіпсіздігі жөнінде мониторингтік бақылау жүзе­ге асырылады. Лифт саласына  бәсекелестікті арттыруда Оңтүстік Кореяның LGS Elevator Korea Co., Ltd лифт компаниясымен еліміздің лифт саласын дамытудағы ынтымақтастық аясында меморандумға қол қойылған. Мамандар аталған мемлекетпен тәжірибе алмасып тұрады. Бұдан бөлек, KazNIS-пен екіжақты келісім бойынша мамандарымыз жобалық-сметалық бағдарламаларға лифтілер мен эскалаторларды енгізуге, оның ішінде импорттық жабдықтың бағасын индекстеу мәселесі жөнінде тәуелсіз кеңесші ретінде қатысады. «Қазақстанның энергетикалық аудиторлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің элеватор өнеркәсібін және энергия үнемдейтін элеваторларды дамытуда еліміздің лифт өнеркәсібі мен экологиялық таза технологияларды жетілдіруде Ұлттық кәсіби экологиялық аудиторлар палатасымен ынтымақтастық әрі бірлескен қызметтері негізінде келісімдер бар», дейді Қазақстан ұлттық лифт қауымдастығының президенті Ержан  Игібаев. 

Лифт жабдықтарына сұраныс жыл­ сайын 10 пайызға артып  отыр. Өндіру­ші­лерге маңызды преференциялар алуға мүм­кіндік беретін «Қарапайым заттар­ экономикасы» бағдарламасына сәйкес­ лифт жабдығы енгізілген. Бүгінгі таңда­ елімізде лифт жабдықтарын өнді­ре­тін­ 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар­дың ішінде «AUXE» Ақмола элева­тор құрылысы зауыты, «LGS Kazakhstan elevator croup» және «Алматылифт» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестіктері бар. Дегенмен бәсе­кеге қабілетті бағалар мен шетелдік өндірушілердің трансферттік технология­ларымен кепілдендірілген жабдық сапасына қарамастан, зауыттардың өндірістік қуаттылығы толық жүктелмеген.

Салаға мемлекеттік қолдау көрсетілсе, отандық өндірістің жылына 4 мың элеваторды өндіруге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күнге дейін лифт өнеркәсібінің негізгі проблемаларының бірі нарық субъектілері үшін нормативтік-техникалық базаның (ұлттық стандарттар) болмауы әсерінен нарықта ешбір жауапкершілігі жоқ, өздеріне ыңғайлап құрған ережелерге сәйкес, қызмет көрсететін жосықсыз сервистік және монтаждау лифт компаниялары бірінен кейін бірі пайда болуын­да еді. Артынша министрлікке қарас­­ты Техникалық реттеу және метро­­логия комитеті қол қойған жаңа ұлт­тық стандарт жарыққа шығып, лифт ұйым­да­рына қызмет көрсету, оларды орнату,­ сонымен қатар лифт жабдықтарын жет­кізу­ші­лердің біліктілігіне қойылатын талаптар­ бел­гі­ленд­і. Бүгінгі күні Алматыда 12 мыңға жуық­ лифт жұмыс істейді. Алты жарым мыңға жуығы тұрғын үйге тиесілі. Өткен жылы  нормативтік пайдалану мерзімі өткен 300 лифт болған екен. Қазір түгелге жуығы  жаңартылды деп айтуға болады.

Елімізде адам өмірі мен денсаулығын қорғауда лифттерге және лифт қауіпсіздігі құралдарына қойылатын талаптарды белгілейтін Кеден одағының 011/2011 техникалық регламентіне сәйкес, көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды құжаттардың бірі – СТ 3305-2018 «Мүгедектерге арналған лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және көтергіштер. Жабдықтауға, орнатуға және пайдалануға қойылатын талаптар» бар. Сонымен қатар соңғы уақытта  жаңа тұрғын үй кешендерінде  адамдар  мен  шағын жүктерді тасымалдау үшін жолаушы-жүк екі лифт орнатылып, медициналық мекемелерде төсекке таңылған науқастарды тасымалдау үшін белгілі бір талаптар бойынша арнайы медициналық лифтілер қолданылады.

Қалай айтсақ та, елімізден шығатын лифтілердің сапа жағынан шетелдік бәсекелестерден кем түспесе де отандық құрылыс салушылар оларды өз нысандарына орнатуға құлшыныс танытпай келеді. Сондықтан мемлекет лифт саласын дамытып, оларға деген сұранысты арттыру қажет. Клиенттерге дайын өнімді шетелден сатып алу тиімді, ал бөлшектері қымбат, сол үшін жергілікті компаниялар лифттерді елімізде өндіруге негіз жоқ деп отыр. Бұл отандық өндірушілердің экономикалық қолайсыз жағдайында екендігін ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, жергілікті нарықта толық өндірістік цикл үшін қажетті кейбір керекті құрамдас бөліктер тапшы. Атап айтқанда, элеваторды құрастыруға арналған негізгі қондырғылар басқа елдерден келсе, пайдаланылған бөлшектер мен тораптардың 40 пайызға жуығы негізінен Қытай мен Корей елдерінен әкелінеді.

Сонымен отандық өндірістің дәлелі ретінде таяуда Алматыда алғаш рет «Lift Expo Kazakhstan-2023» халықаралық көрмесі ашылды. Іс-шараға Қытай, Түркия және Ресей сынды елдердің өкілдері келіп, өнімдерін таныстырды. Көпшілік назарына жеделсатылар, эскалатор, көтеру механизмдері қойылған. Үш күнге созылған көрмеде мамандар лифтідегі орын алатын оқыс оқиғалар  мәселесін талқылап, өзара тәжірибе алмасты.

«Көрмеде алыс-жақын шетелден әкелінген 50-ден астам жеделсаты бренді ұсынылған. Қазақстанның өндіруші компаниялары да қатысты. Көрме алғаш рет өтіп жатса да, құрылыс компанияларының назарына ілігіп отыр. Ол да өз кезегінде ел экономикасының дамуына қарқындылық беруі керек», деп жеткізді өз ойын  қауым­дастық басшысы әрі көрменің бас­­ демеушісі Ержан Мінімханұлы.