Медицина • 13 Сәуір, 2023

Басты мәселе – бос орын мәселесі

917 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында 300-ге жуық медицина қызметкері жетіс­пейді. Оның ішінде 183 дәрігердің орны бос тұр. Бұл мәселе кейінгі үш жылдан бері оқтын-оқтын қозғалғанымен, әлі толық шешімін таппай отыр.

Басты мәселе – бос орын мәселесі

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, қа­зір ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық бағдарлама іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Атырау облысында 2023-2024 жылдары 18 алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек нысанын салу көзделген. Оның ішінде 11 медициналық, 6 фельд­шерлік-акушерлік пункт, 1 дәрі­герлік амбулатория бар. Ал аудан­­дық ауруханаларда қо­сым­­ша бөлімшелер ашылып, меди­­циналық жабдықтармен жарақ­тандыру жоспарланған.

«Биыл жыл басында Атырау об­лы­сының әкімдігі 280-нен аса медицина маманы, оның ішін­де 183 дәрігер жетіспейтіні туралы мәлімет берді. Әсіресе, аку­шер-гинекологтерге сұраныс артып отыр. Сол себептен өңірге кадр­ларды көбірек тарту үшін 2022-2023 оқу жылына резидентурада мамандар даярлауға 24 орын берілді. Оның ішінде екі акушер-гинеколог маманы даярлана­ды», дейді атыраулықтармен кездес­кен А.Ғиният.

Оның дерегіне сүйенсек, Аты­рау облысында қан айналымы жүйесі аурулары, оның ішінде инфаркт, инсульт түрімен сырқаттанушылардың көптігі байқалады. Бұған не әсер етеді?

«Өңірде медициналық-сани­та­р­лық алғашқы көмекті ұйым­дас­тыруда кемшілік бар. Мұның салдары үйдегі өлім-жітімге себеп болады. Инсульттан кейін «Д» есебіне алынған адамдардың төмен үлесі 42,4%-ды құрап отыр. Ал онкологиялық диспансерде де кадр тапшылығы бар. Бұл диспансерде цитопатоморфолог, химиотерапевт, медициналық физик, торокалды онколог пен онкоуролог секілді арнайы мамандар жетіспейді», деп мәлімдеді А.Ғиният.

 

Атырау облысы