Ауа райы • 13 Сәуір, 2023

Ертең бірқатар өңірде қар жауады

537 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық синоптиктер 14 сәуірге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ертең бірқатар өңірде қар жауады
«Қазгидромет» РМК ұсынған ақпаратқа қарағанда, Қазақстанның ауа райына Қара теңіз жақтан келе жатқан белсенді циклон әсер етеді.

Мамандардың болжауынша, солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта жаңбыр соңы қарға ұласады. Солтүстікте, солтүстік-батыста көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі, оңтүстікте шаңды дауыл тұрып, найзағай ойнайды, батыста, орталықта найзағай ойнап, бұршақ жауады.

Сондай-ақ республика бойынша желдің күшеюі мен тұман болжанады.

«Ақмола облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, Қостанай облысының орталығында, оңтүстігінде, шығысында, күндіз батыста, Ақтөбе облысының солтүстігінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, Атырау облысының солтүстігінде қатты жаңбыр жауады», делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.

Астанада көшпелі бұл шығады, жаңбыр, кешке қарай қатты жаңбыр қарға ұласып, көктайғақ болады. Солтүстік-шығысқа ауысатын оңтүстік-батыс желдің күші 9-14, күндіз екпіні 17-22 м/с болады. Ауа температурасы түнде және күндіз +5 + 7°С, күндіз одан әрі төмендейді.

Алматыда көшпелі бұлт шығады, десе де күн жауын-шашынсыз өтеді. Түнде ауа температурасы +11+13°С, күндіз +26+28°С.

Шымкентте де көшпелі бұлт шығады, жауын-шашын болмайды. Оңтүстікен, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 8-13, күндіз 15-20 м/с болады. Ауа температурасы түнде + 13 + 15°С, күндіз + 31+33°С.