Театр • 13 Сәуір, 2023

Сахна төрінде – «Алеко»

949 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының сах­насында «Рах­манинов три­бьют» фестивалі аясында С.Рах­маниновтің «Алеко» операсының концерттік орын­дауының премьерасы өтті.

Сахна төрінде – «Алеко»

Дирижер, жоба авторы Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі ор­кестр­дің, Қазақстанның ең­бек сіңір­ген әртісі Юрий Колчиннің ж­етек­ші­лі­гіндегі Солтүстік Қазақ­стан об­лыстық филармониясы хор әртіс­­терінің, солистердің шабытты өнер көр­сетуі концерттік орындауды әр­лендіре түс­ті. Сондай-ақ оған тап­­қырлықпен жасалған сце­но­гра­фиялық дүниелер көрік берді.

Рахманиновтің музыкасы кейіп­кер мінездерімен бірге ойнап, өзен жағасында жайылған сығандар табо­рының көркем суретін көз алдыңа әкеледі. Әуезді әуенде баршамызға таныс махаббат, қызғаныш, ішкі үрей мен қайғылы қаза сарыны естіледі.

Басты кейіпкерлерді «Astana Opera» солис­тері, «Astana Ope­ra» ха­­­лық­­аралық опера академиясының шәкірт­тері мен «Геликон Опе­ра» жастар опера бағ­дар­ламасының солистері сом­дады. Атап айтсақ, Дін­мұхамед Көш­кінбаев пен Василий Упо­ров жас та өзімшіл Але­коның басты партия­сын орындады. Басты кейіпкердің опера өнерінің үздік туындыларына жататын «Табордың барлығы ұйқыда» каватинасы олар­дың орындауында әсер­лі шырқалды.

– Менің кейіпкерім жалғыздықтан қиналып, мейірім мен жылулық іздейді, алайда оның ба­қытты отбасылық өмір жайлы армандары орын­дал­майды. Ол Земфираны өлердей қызғанады. Бұл сезім бойын түгелдей би­леп, санасын торлап тас­таған. Сол себепті Алеко өзіне адал бола алмаған сүйіктісін өлтіреді. Осы туындыдағы барлық эмоция бояуын аудиторияға жеткізу үшін біз дирижер – маэстро Абзал Мұ­хитдинмен үлкен жұмыс атқардық. Дайындық ба­ры­сында операның қа­лай жазылғаны жайлы көптеген деректі біліп, кейіп­керлердің музыкалық бейнелерін аштық. Өз театрымыздағы премьерада «Алеконы» орындау – мен үшін зор мәртебе, – деді Дінмұхамед Көшкінбаев.

Қарт сығанды Шың­ғыс Расылхан мен Илья Мар­ков таныстырды. Жас сыған партиясында қоңыр дауыс­ты тенор­лар Нарұл Тойкенов пен Вла­дислав Чижов өнер көрсетті. Земфира сұлуды Галина Чеплакова мен Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Айгүл Ниязова сомдаса, қарт сы­ған әйелінің партиясында Татьяна Вицинская мен Гүлжанат Сапақова сахнаға шықты.

Мәнерлеп оқушы – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Қыр­ғыз­­станның халық әртісі, елордадағы М.Горький атындағы драма театрдың режиссері Сергей Мат­веевті ерекше атап өткіміз келеді. Оның оқуының нә­тижесінде концерттік орындаудағы опера 19 жас­тағы Рахманинов 17 күн­нің ішінде жазған классикалық күйінде ұсынылды.