Дирижер, жоба авторы Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі оркестрдің, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Юрий Колчиннің жетекшілігіндегі Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы хор әртістерінің, солистердің шабытты өнер көрсетуі концерттік орындауды әрлендіре түсті. Сондай-ақ оған тапқырлықпен жасалған сценографиялық дүниелер көрік берді.
Рахманиновтің музыкасы кейіпкер мінездерімен бірге ойнап, өзен жағасында жайылған сығандар таборының көркем суретін көз алдыңа әкеледі. Әуезді әуенде баршамызға таныс махаббат, қызғаныш, ішкі үрей мен қайғылы қаза сарыны естіледі.
Басты кейіпкерлерді «Astana Opera» солистері, «Astana Opera» халықаралық опера академиясының шәкірттері мен «Геликон Опера» жастар опера бағдарламасының солистері сомдады. Атап айтсақ, Дінмұхамед Көшкінбаев пен Василий Упоров жас та өзімшіл Алеконың басты партиясын орындады. Басты кейіпкердің опера өнерінің үздік туындыларына жататын «Табордың барлығы ұйқыда» каватинасы олардың орындауында әсерлі шырқалды.
– Менің кейіпкерім жалғыздықтан қиналып, мейірім мен жылулық іздейді, алайда оның бақытты отбасылық өмір жайлы армандары орындалмайды. Ол Земфираны өлердей қызғанады. Бұл сезім бойын түгелдей билеп, санасын торлап тастаған. Сол себепті Алеко өзіне адал бола алмаған сүйіктісін өлтіреді. Осы туындыдағы барлық эмоция бояуын аудиторияға жеткізу үшін біз дирижер – маэстро Абзал Мұхитдинмен үлкен жұмыс атқардық. Дайындық барысында операның қалай жазылғаны жайлы көптеген деректі біліп, кейіпкерлердің музыкалық бейнелерін аштық. Өз театрымыздағы премьерада «Алеконы» орындау – мен үшін зор мәртебе, – деді Дінмұхамед Көшкінбаев.
Қарт сығанды Шыңғыс Расылхан мен Илья Марков таныстырды. Жас сыған партиясында қоңыр дауысты тенорлар Нарұл Тойкенов пен Владислав Чижов өнер көрсетті. Земфира сұлуды Галина Чеплакова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова сомдаса, қарт сыған әйелінің партиясында Татьяна Вицинская мен Гүлжанат Сапақова сахнаға шықты.
Мәнерлеп оқушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның халық әртісі, елордадағы М.Горький атындағы драма театрдың режиссері Сергей Матвеевті ерекше атап өткіміз келеді. Оның оқуының нәтижесінде концерттік орындаудағы опера 19 жастағы Рахманинов 17 күннің ішінде жазған классикалық күйінде ұсынылды.