Аймақтар • 14 Сәуір, 2023

«Қарағайлы» неге қапалы?

1284 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Іргетасы қаланғанына он жылдың жүзі болған «Қарағайлы» шағын ауданында әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселе жетіп артылады. О баста Семей қаласының дамуына, тұрғындарының болашағына қуат беретіндей көрінген «Қарағайлыға» қоныс аударған жұртшылықтың ішінде, әсіресе көпбалалы отбасылардың атқарушы билікке айтар шағымы шашетектен.

«Қарағайлы» неге қапалы?

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Алдымен «Қарағайлыдағы» әлеуметтік түйткілдер Семей қаласы  Шығыс Қазақстан облысына қарап тұрған шақтан, яғни 2014 жылы  басталғанын айтуымыз керек. Ал енді шаһар өткен жылы Абай облысының орталығы мәртебесіне ие болғаннан бастап бұл аудандағы шешімін таппай келе жатқан ахуал жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қалған «мұраға» айналып шыға келді. Сонымен тұрғындар сөзіне кезек берейік.

– Біз үшін бас­ты проблема – мектептің жоқтығы. Қаланың Жола­ман, Шығыс кенті, Цемпоселок аудандарынан осында қоныс аударып, жаңа ауданға келгендіктен, жақын жылдарда жағдайымыз жақсаратынына еш күмәніміз болмаған. Мұнда меншікке беру құқығынсыз, яғни жалға алу баспанасының арзан болуы себепті көпбалалы отбасылар қуана-қуана келдік. Облыс, қала басшылары­ның қолынан әр жылдары салтанатты түрде пәтер кілттерін алғанда мәз-мейрам болатынбыз. Біртіндеп балаларымызды бұрынғы оқитын мектебіне апарып әкелу машақаты басталғанда барып, өзекті мәселенің жайын ұқтық,  – дейді қала тұрғыны Альфия Маратқызы.

Оның сөзіне қарағанда, «Онколо­гия­лық орталық» маңындағы 29 мектепте оқитын екі баласын мектепке дейінгі даярлық және 1-сыныпқа апару үшін күн сайын қиналады екен. «Бұл жаққа қала орталығынан әрең қатынайтын автобусқа сығылыса кіріп жеткенше қатты қиналамын. Баспанамды «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2020 жылы алғаныммен, мүмкіндігі шектеулі балам бар. Жалғызбасты анамын», дейді ол.

Ал Қымбат Бейісханова бала­лардың ойын алаңы жоқтығына күйінеді.

– Осындағы 25-үйде тұратын біз балаларымызды есік алдына шығарғанда ойын алаңын іздеп төңіректі шарлап кетеміз. Өзім төрт баланың анасымын. Бізден басқа 21, 26, 27-көпқабатты үйлерде тұратын отбасылар да балаларын қайда апаратынын білмей дағдарып жүреді. Амал жоқ, 20, 43-үйлерге дейін барып ойнатуға мәжбүрміз. Оның өзінде алаң бос болса жақсы, үнемі босай бермейтіндіктен, әткеншектеріне, сырғанағына кезекке тұратын да кездеріміз болады. Екі балам осыған дейін оқып келген 9 мектепте білімдерін жалғастырып жатыр. Үш жастағы баламды мұндағы балабақшаға бермек болып едім, ондағы әдіскерлер орын жоқтығын айтады. Негізі туа сала кезекке тіркеліп қойғанмын, – дейді Қ.Бейісханова.

Қысқасы, жақындап келе жатқан­да жарқырап көрінетін «Қарағайлы» ауданының ішіне еніп, мәселесімен таныса бастасаңыз проблемалар бірінің ішінен бірі шығатын қуыршақтай тізбекте­ле жөнеледі. Мектеп, бала­бақшадан бө­лек кейбір үйлердің асығыс әрі сапасыз салынғандығынан қабырғаларының жарықшақтана бастағаны да бұл күнде жасыруға болмайтын жайтқа айналған. Көпбалалы отбасылар үшін азық-түлік басты орында тұратыны белгілі. Мұнда қазір бір ғана супермаркет бар. Халық ондағы бағаның қаланың өзге дүкендерінен қымбаттығын айтады. Денсаулығы сыр бере қалса, қаралатын емхана жоқтығы да жанға батқанда, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мәтел еске түседі. Мүмкіндігі шектеулі балаларымен келіп, тығырыққа тіреліп отырған отбасылар да аз емес.

Мәселен, 20-үйде тұратын бес баланың анасы Динара Рахимова өзіне берілген үйдің сапасыз салынғанына наразы.

– Мен жалғызбасты, көпбалалы анамын. Жолдасым қайтыс болған. Үйді жалға алу ақысы 11 мың теңге шамасында. Коммуналдық қызмет ақысы жарық, су дегендей қыстың күндері айына 30 мың теңгеге дейін төлем келеді. Кіріс атаулыдан асыраушысы жоқ отбасына берілетін 60 мың теңге аламын. Бірақ қарап жатпай кондитерлік тағамдар пісіріп, соны сатып күнделікті жол-пұлымызды тауып отырамын. Ал 3 бөлмелі үй­дің қабырғаларындағы жарықшақтар туралы үйді салған компания біледі, келіп жамап-жасқап кетеді. Оны енді, амал­дармыз. Мен үшін де мектептің тезірек салынуы басты арман. Өйткені екі ұлым, қаланың екінші шетіндегі Юность кентінде орналасқан анамыздың қолында апта бойы 19 мектепте қалып оқиды. Осы күндерім артта қалса деймін, – дейді Д.Рахимова.

Мұң-мұқтажы бірінен-бірі өтетін «Қарағайлы» ауданында тұратын жас-кәрісі аралас тұрғындар бірер күн бұрын «Amanat» партиясының облыстық филиалына барып, депутаттармен жүздесіп те қайтты. Әзірге белгілісі – алдағы 2024 жылы осы ауданның шығыс және батыс жағынан «Жайлы мектеп» мемле­кеттік бағдарламасы аясында екі мектеп салынатын болады. (Ал жалпы Абай облысы бойынша 11 мектеп бой көтермек – авт).

Партия филиалындағы жиын­да сөз алған облыстық білім бас­қар­­­­масы басшысының орынбасары Әсем Ха­сен­қызының сөзіне сүйенсек, «Қа­ра­ғай­лыдағы» 6 878 адам тұрғылықты тіркеу­де тұр. Туғаннан 18 жасқа дейін 1 870 бала бар. Оның алты жасқа дейінгісі – 850 бала. Ал қаланың әр аудандағы мек­теп­теріне қатынап оқитын бала саны – 982.

– Аталған екі мектеп те «Самұрық-Қазына» қаражатынан салынатын болады. Қазіргі күнде қаржысы бөлінді. Алдағы жылы салынатын болады. «Қарағайлы» тұрғындары мектептерге қатынап оқитын балалар үшін автобус бөлінсе дейді. Оның өзіндік талап ережесі бар. Қала маңындағы ауылдардан белгілі бір қашықтықта автобус қатынауына болады. Ал километраж есебінен, алып қарасақ, «Қарағай­лыдан» қала мектептерінің ара­сы­ндағы қашықтық 3-тен 5 шақы­рымға дейін ғана, – дейді Әсем Хасенқызы.

Демек, аталған аудан тұрғын­дарының автобус бөлінсе деген өтінішін орындауға мүмкіндік жоқ. Автобус демекші, қазіргі күнде қала шетіндегі «Қарағайлыға» 4, 34, 36, 41-бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды. Осы көліктердің бағытындағы жолдарда орналасқан мектептерге бару үшін балаларымен таласа кіретін ата-аналардың айтары осындай. Ал автобустың көп күттіріп келетінін айтсақ, одан қалса, ауысып мінуге тура келетін отбасы­лардың жанайқайын айтсақ, мысалдар жалғасып кете береді.

Жоғарыда баяндалған дүкен, емхана, балабақша, автобус қатынасы сияқты өзекті жайлардан қала бас­шы­лығы хабарсыз емес. Алайда тұр­ғын­дарға мәселелерді шешу үшін нақты қандай іс-қимылдар жасалып жатқандығын түсіндіріп берер шенеунік те табылар түрі жоқ. «Қарағайлы» мәселесі бойынша, Семей қаласы әкімінің орынбасары Руслан Базарбаевтың өзімен жүз­дес­к­енімізбен, жарытымды жауап алу мүмкін болмады. Осы қызметті бұған дейін атқарған, Семей қала­лық мәслихатының төрағасы Данияр Шәкәрімовтің орнына келгендіктен бе, әлде, іске енді кірісіп жатқандықтан ба, диктофонға тікелей жауап беруден жалтарып, сұрақты жазбаша тапсыруым қажеттігін айтып шығарып салды.

Бет қатталып жатқанда: «Қарағай­лы» ауданына қатысты тағы бір шағым түсті. Осындағы 12 үйде тұратын жеті жасар Әділхан Мансұрұлы есік алдында ойнап жүріп, анасына қарай асыққанда ылғалданып тұрған жер ойы­лып кетіп, батпаққа белшесінен түсіп кеткен.

– 8 сәуір күні кешкісін ауызашарға баруға подъезден шығып келе жат­қанбыз. Есік алдында ойнап жүрген ұлым маған қарай жүгіріп келе жатып абайсызда лай суға түсіп кетті. Бұл су үйлердің кәріз суларынан жиналып келіп жатыр ма, түсініксіз. Соның салдарынан пайда болған шұңқыр бары, тереңдігі қаншалықты екені байқал­майды. Әйтеуір, баламды дер кезінде белі­не дейін кіріп кеткенде жанталаса шы­ғарып үлгердім. Балам сол күні қатты шо­шынып қалды, – дейді сегіз бала­ның анасы Марал Ақанқызы. Әділ­ханның анасы ертеңіне шығып баласы түсіп кеткен лайлы аумақты бейнежазбаға түсіріп тұрғындардың ортақ чатына салғаны сол, артынша Instaqram әлеу­меттік желісі арқылы да тарап кетті.

Осы мысалдың өзі «Қарағай­лы­дағы» көпқабатты үйлердің былы­ғы жұм­баққа толы «жырлары» таусыл­май­тын­дығын айғақтап тұр. Бұл бейнежаз­баны Семей қаласының әкімі Нұр­бол Нұр­сағатовқа кеше кешкісін уат­сап арқы­лы жолдадық. Әзірге қала әкімі тіл қат­қан жоқ. Тұрғындар ортасынан табылуға енді ғана қамданып жатқан болар.

 

Абай облысы