Еңбек • 13 Сәуір, 2023

Ішмайдан кір сабын жасайды

5168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бес кір сабын бір қойға бағаланған тоқсаныншы жылдары халықтың ақпар алар көзі жоқ еді. Әйтпесе, Құдайдың құтты күні әр үйде сойылып, іш майы іске аспай, ит жеміне айналғанда одан кір сабын жасап шығаруды меңгеріп-ақ алар еді. Осы күні Қарқаралы ауданы Жаңатоған ауылындағы Мейірлан Бодау және Думан Қожакеев есімді азаматтар малдың ішмайынан кір сабын дайындап жатыр. Химиялық қоспасы жоқ, таза табиғи өнім деседі өздері. Сертификатын әлі алып үлгермегеніне қарамастан, ел ішінде айтарлықтай сұранысқа ие болып үлгеріпті.

Ішмайдан кір сабын жасайды

Мейірлан мен Думанның цехы аулада орналасқан. Күніне 500 кесек кір сабын шығарады. Осыдан екі ай бұрын бастау алған жұмыс қазір қарқын алып келеді. Идеяға түрткі болған интернеттегі Ұлан Құрманғалиевтің арнасы екен.

– Интернеттен біршама мәлімет, ақпарат жинай келе, «осы өзіміз неге кір сабын жасап көрмеске?» деген ой келді. Содан Алматыға барып, арнайы дәріс тыңдадық. Қажетті құрал-жабдығын да сатып алдық. Сабынның негізгі құрамы – май. Қоспаларында айтарлықтай химикат жоқ. Бұл – таза табиғи өнім. Жобамыз екі ай жұмыс істеп келеді. Содан бері сабын шығаруды толық меңгердік, – дейді Мейірлан. 

Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, сұраныс жоғары. Қазір Қарқаралы ауданы аумағында саудаға шыққан. Күніне 500-1000 дана сабын сатылады. Өнім тап­сырыс көлеміне қарай шығарылады.

Мемлекеттен әзірге ешбір қолдау алмаған кәсіпкерлер алдағы уақытта облыс әкімі грантына өтініш беруге мүдделі. Егер грант алса, сабынның сыртқы орауын жолға қоймақшы. Келешекте жұмысты жандандыра түсіп, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартуды да көздеп отыр.

«Алдағы уақытта ірі сауда орталықтарына сабынымыздың сатылуына рұқсатқа қол жеткізсек, бұл да бір жетістік болар еді. Енді сол мақсатқа жету үшін әрекет етеміз», дейді Мейірлан.

Сабын «Жаңатоған» маркасымен шығады. Бұл – ауылдың атауы. Салмағы  үш түрлі: 150, 200 және 250 грамм көле­мінде. Сапа сертификатын алған соң кәсіпкерлер жобаға қуат бермекші. Тағы бір атап айтар­лығы, бұл кір сабынның баға­сы орташа нарықтық құннан бірша­ма, яғни он пайызға арзан.

Бұған дейін кәсіпкерлер аудан әкімі грантын ұтқан. Сөйтіп қымыз өндірісін іске қосыпты. Онымен тоқтап қалмас үшін сабын шығаруды қолға алған жөндері бар. Сабынның негізі малдың іш майы болғандықтан, тұрғындар кәсіпкерлерге іш майды әкеп өткізе бастапты.

Қарқаралы ауданының тұрғыны Айжан Қыпшақбаева «Жаңатоған» сабынын тұтынып көрген көптің бірі. Айтуынша, өзге сабындар секілді емес. Олардан сапалырақ. Жағымсыз иістен ада.  Кір жуғанда оны ашуы да жақсырақ.

«Cабынның түсі де, иісі де жақ­сы. Мүлдем иіс жоқ десе де, артық емес. Кей сабындарда бір бөг­де иіс шы­ғып тұрады ғой әдетте. Мы­на «Жа­ңатоған» сабынында ондай иіс мүл­дем сезілмейді. Қайбір са­бын­­дар секілді езіліп те  кетпейді. Ұзақ уа­қытқа жетеді», дейді ауыл тұрғыны.

Кәсіпкерлер келешекте са­бын­ды әлі де жетілдіруді көздейді.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Жаңатоған ауылы