Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен бокс кешіндегі басты жекпе-жекте қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (18-0, 10 КО) пен жапониялық Кадзуто Такесако (15-0, 14 КО) шаршы алаңға шықты.
М.Нұрсұлтанов бұл жекпе-жекте орта салмақтағы WBO International тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа таласты.
Боксшылардың екеуі де бұған дейін рингте жеңіліп көрмеген еді. Мейірім жекпе-жек барысында басымдылығын байқатып, сегізінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберді.
12 раундқа есептелген жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Ал Кадзуто Такесако алғаш рет нокаутпен жеңілді.
Бұл қазақстандық боксшының 19-шы жеңісі. Осылайша, ол өзінің WBO белдігін сақтап қалды.