Экономика • 15 Сәуір, 2023

Әлібек Қуантыров америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан-Америка іскерлік кеңесінің (USKBZC) мүшелерімен жыл сайынғы дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараға АҚШ Сауда Палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси бастаған ірі америкалық компаниялардың, соның ішінде Chevron, Boeing, Citi, Pfizer және т.б. басшылары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлібек Қуантыров америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті

Ә.Қуантыров өз сөзінде атап өткендей, Қазақстан мен америкалық ірі компаниялардың ынтымақтастығы 30 жыл бойы жалғасып келеді және олардың саны жыл сайын өсіп жатыр.

ҚР мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2022 жылы пандемияға дейінгі деңгейден асып, $3,1 млрд. құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға артық. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 32% - ға өсіп, $1,2 млрд құрады, бұл ретте америкалық тауарлардың импорты 40% - ға ұлғайып, $1,9 млрд құрады.

«ҚР Үкіметінің қолайлы инвестициялық жағдай жасау бойынша жүргізіп жатқан экономикалық реформаларының нәтижесінде Қазақстандағы америкалық инвестициялар мен компаниялардың саны бір жылда 9%-ға өсті», деді ҰЭМ басшысы.

Сондай-ақ министр елімізде жүргізіліп жатқан салық-бюджет саясаты, бизнес-климатты жақсарту бойынша реформалар туралы айтып берді және инвесторларды ағымдағы жылдың 8-9 маусымында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Осы уақытта АҚШ-тың Сауда миссиясының Қазақстанға келуі күтілуде.

Сонымен қатар, Ә.Қуантыров Citigroup банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монакомен кездесті. Тараптар әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін, қаржы нарығындағы негізгі үрдістерді, сондай-ақ банк секторындағы проблемаларды талқылады. Д.Монако ханым банктің  қаржылық көрсеткіштерімен бөлісіп, даму стратегиясы туралы айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Джули Монако Астана халықаралық форумына қатысуға және Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілігін білдірді.