Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас есепшісі Мадлен Серғазинова білім саласына бөлінген қаржыны жеке мүддесіне пайдаланғаны анықталған. Күдіктіні қашпақ болған жерінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) Жетісу облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстаған.
Антикор өкілдерінің айтуынша, 48 жастағы әйел адам ел аумағынан қашып кетпек болғанда Панфилов ауданының аумағында қолға түскен. Күдіктінің үйін тінту барысында 942 902 117 теңге (ұлттық валютада 617 640 000 және 721 282 АҚШ доллары), құжаттар мен 21 жылжымайтын мүліктің кілті: 14 пәтер, 7 коммерциялық үй-жай, «Toyota Land Cruiser» көлігі мен зергерлік бұйымдар табылған.
Құны 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке облыстық прокуратура уақытша шектеу қойды. Бас бухгалтермен бірге Талдықорған қалалық білім бөлімінің орталықтандырылған есеп бөлімінің бас есепшісінің орынбасары, экономист пен екі есепшісі қамауға алынған.
Қалалық алты мектептің бас есепшісі бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп, жымқырды деген күдікке ілінген. Ұсталғандар 2020 жылдың қыркүйек айынан 2023 жылдың наурыз айына дейін аса ірі көлемде жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған.
Ұсталғандар оқу орындарында іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдардың шотына жалақы аударып отырған. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлары 95 231 664 теңге шығынды растады. Қалған шығынды есептеу жалғасып жатыр.
Күдікті М.Серғазинова, оның орынбасары және экономист Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, тиісінше Ескелді аудандық ішкі істер басқармасының, Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының, Көксу аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мектептердің бас есепшілеріне қатысты айыбын толық мойындауға, басқа тұлғаларды әшкерелеуге көмек көрсетуге байланысты процессуалдық қамауға алу шаралары жүргізілмеген.
Қазір осы оқиға әлеуметтік желіде үлкен талқыға түсіп жатыр. Осыған дейін айласын асырып келген алаяқтардың әрекеті қоғамның білім саласына деген өкпесін тіпті өршітіп жібергендей.
– Жетісу облысының жылдық бюджеті 450 млрд теңге. Оның 40 пайызы білім, мәдениет және спортты дамыту саласына бөлінеді, дейді жергілікті депутаттар. Жай ғана есепшінің бюджеттен 1,2 млрд теңге жымқыруы жемқорлықтың масштабын көрсетіп отыр. Мектеп жасындағы балалар неге бір-бірін тепкілеп жатыр, тіпті өлтіріп жатыр дейміз?
Білім саласындағы шенеуніктер бала тәрбиесі, білім беру, идеология дегенді кейінгі орынға ысырды ма? Ата-ана баласының амандығына алаңдай бастады. Оған соңғы күндердегі тізбектелген оқиғалар дәлел, – дейді белгілі журналист Ришад Асқарбекұлы.
Аталған іске қатысты қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жетісу облысы