Сұхбат • 16 Сәуір, 2023

Жәнібек ОРАЗАЛЫ: Мультфильм – келешекке құйылған инвестиция

546 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Былтыр «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақанимация» шығар­ма­шылық бірлестігі құрылды. Бұл ұлттық анимацияны дамыту­ жолындағы шығармашылық ұйымдарға тың серпін берді. Қазақ анимациясының іргетасын көрнекті кинорежиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмен Қайдар қалағанын білеміз. Биыл ардақты тұлғаның туғанына 100 жыл толады. Соған орай жақында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, режиссер Жәнібек ОРАЗАЛЫМЕН ұлттық анимацияның дамуы және осы салаға қатысты өзекті мәселелер ­тура­лы әңгімелескен едік.

Жәнібек ОРАЗАЛЫ: Мультфильм – келешекке құйылған инвестиция

– Жәнібек Нұрбекұлы, әңгімемізді Әмен Қайдардың тыңға түрен салған еңбегінен бастайық. Ол кісіні жақын таныдыңыз ба?

чвпвпа

– Әрине. Өз басым Әмен атаның шәкірті болғанымды тағдырымның бір олжасы көремін. Анимациялық кино өнерінің мамандары ол кісіні «Қазақ анима­циясының атасы» деп біледі. 1965 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мем­лекеттік кинематография институ­тын­ бітірген жас маман 1967 жылы «Қар­лы­ғаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш анимациялық фильм жасап шығарды. Жас аниматорға аталған туын­­дыны жасау оңай болған жоқ. Өйткені ол кезде елімізде анимациялық фильм­ түсіруді ешкім ойға да алмаған еді. Бірақ сол тұста қазақ киностудия­сын бас­қарған Камал Смайылов жас режис­сер­­­ге қолдау көрсетті. Сондай-ақ Әмен­ Қай­­дар қазіргі Темірбек Жүргенов аты­­н­­­­­­­­­­­да­­ғы Қазақ ұлттық өнер академия­сы­­­­­­нан анимация бөлімін ашып, осы сала­дағы мамандарды қалыптастырды. Шәкірт тәрбиеледі. «Қазақфильм» кино­сту­­диясынан академиялық анимация сту­дия­­­­­­сының ашылуына мұрындық болды.

– Ұстазыңыздың тағы қандай қа­сие­­­тін­ атап өтер едіңіз?

– 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының анимация режиссурасы мамандығына оқуға келдім. Шығармашылық емтиханды Әмен атаның өзі алды. Емтиханнан кейін бәрімізбен жеке танысты. Жалпы, ол кісі қалжыңға бір мойнын бұрып тұратын, әзілқой адам еді. Кейде әдемі әзілдерімен езуімізді жиғызбайтын. 2005 жылы жазғы демалыста Тұрдыбек Майдан екеуміз «Ақ қасқыр» атты комикс кітап әзірледік. Бас-аяғы 54 беттен тұратын кітапқа ұстазымыз дән риза болды. «Енді мұны жинақ етіп шығаруымыз керек» деді. Сонда жасы ұлғайып қалса да, бізді ертіп алып, қоғамдық көлікпен бірнеше күн бас­паларды аралады. Осы кезде оның ақкөңіл, бауырмал мінезіне тәнті болдым. 2009 жылы дипломымызды қолымызға алғаннан кейін курстастарымызбен бірге Астанаға келіп, анимациялық киностудия құрамыз деп шештік. Бір күні досым екеуміз Гимұрат Егінбайұлы ағайымызбен бірге мэтрдің көңілін сұрап бардық. Бұл кезде ол кісі төсек тартып, ауырып жатты. Бізді көріп жастықтан басын көтеріп, қуанып қалды. Алдында 15 минут отырып шығамыз дегенбіз, айтулы шебердің тебіреніске толы әңгімесін тыңдап, екі жарым сағат отырдық. Аяулы тұлға қоштасарда: «Дүние дөңгелек деген осы. Балтамен кіндігімді кескен туған жерім – Ақмолаға шөберелерім сендер кетіп бара жатырсыңдар. Сендер сол жақта қалып, анимацияны дамытыңдар. Енді менің орындалмаған арманымды сендер жалғаңдар», деп көзіне жас алып, батасын берді.

2009 жылы елордаға келгеннен кейін «Astana film» атты анимациялық кино­студия ашып, жұмысымызды бас­та­дық. Келесі жылы Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің магистратурасына түс­тім. 2012 жылы аталған жоғары оқу орнынан Бауыржан Нөгербек пен Болат Омар есімді ағаларымыздың қол­дауымен «Анимациялық кино режиссура­сы»­ мамандығы ашылды. Сонда сабақ бер­дім. Бүгінде осы мамандықты бітірген бі­р­қатар талантты жастар еліміздегі ани­ма­циялық кино өнерінде танымал­ болып үлгерді. Мәселен, «ARA» студиясының негі­зін қалаған Мейіржан Сандыбай, «QAZART» студиясын құрған Сақиолла Қасиет, «Glen» онлайн оқу академия­сын­ ашып, бізде ғана емес Италия, Ресей, Польша елдеріндегі жастарды оқы­тып­ жүрген Әділбек Баян, Ә.Қастеев атын­да­ғы өнер және дизайн колледжінде ани­ма­циялық кино мамандарын даярлап,­ «Juma pradaction» студия­сын­ ашқан Сұлтан Жұмабекұлы секілді шәкірт­те­рім­ді­ мақтанышпен айтамын. Осыған қарап, Әмен­ атамыздың батасы қабыл болды деп­ ойлаймын.

– Көрнекті тұлғаның ғасырлық тойы­­на қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?

– Мәдениет және спорт министрлігі Әмен Қайдардың жүз жылдығын рес­­­пуб­­­лика көлемінде атап өтпек. Осы орай­да министрлікке Астана, Алматы, Қара­ған­ды, Көкшетау қалаларынан Әмен Қайдардың атына көше берілсе деген тіле­гімізді жеткіздік. Бұған министрлік қол­дау көрсетті. Сондай-ақ Президентіміз өт­кен жылды «Балалар жылы» деп атады.­ Былтыр Қазақ анимациясына да 55 жыл­­­ толды. Биыл ұлт анимациясының негізін қалаушының мерейтойын атап өтеміз. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігіне осы үш оқиғаны ұштастырып, ескерткіш орнатуға және ардақты азаматтың өнегелі өмірі мен отандық анимация тарихын қамтыған екі кітаптың жарық көруіне қолдау көрсетуін сұрап, хат жаздық. Сонымен қатар өңірлерде Әмен атамыздың ғана емес, осы кезге дейін жасалған барлық үздік анимациялық фильмдерді көрсетіп, ани­мациялық кино апталығын өткізу ойы­мызда бар. Осыған байланысты облыс­тардан қолдау күтеміз. Сондай-ақ 2019 жылы Астанада алғаш рет Әмен Қайдар атындағы анимациялық фильм­­дер фестивалі өтті. 2020 жылы біз­ оны халықаралық деңгейге көтеріп, пан­де­мия­ға байланысты онлайн өткіздік. 2021 жылы Түркістанда, 2022 жылы Алматыда ұйым­дастырылды. Биыл енді тұғырлы тұлға­­ның мерейтойына орайластырып,­  Қарағанды облысында өткізуді жо­ба­лап отырмыз.

– Енді өзіңіз жетекшілік етіп отыр­ған­ шығармашылық бірлестікке ойыс­сақ.­ Бір жыл ішінде қандай жұмыс атқа­рылды?

– Былтыр ұлттық анимациялық кино өнері­ үшін айтулы жыл болды. Мәдениет және­ спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақ­­фильм» киностудиясы жанынан­ «Қазақ­анимация» шығармашылық бірлес­ті­гі жаңадан жасақталып, қайта құрылды. Бір­лестік 17 штатпен ашылып, оған мемле­кеттен 1 млрд қаржы бөлінді. Біздің бірлес­тік екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – анимациялық өндіріс, екіншісі – маман­дарға арнайы білім беру. Өткен жылы­ конкурс арқылы шығармашылық бірлест­­ікке 167 сценарий келіп түсті. Соның ­ішінен іріктелген 20 анимациялық жоба өндіріске жіберілді. Дәлірек айт­қан­да, Алматы, Астана, Шымкент, Түр­кіс­тан, Петропавл қалаларындағы 20 ани­ма­циялық студия әрқайсысы 5 минут­тық 20 анимациялық фильм жасады.­ Бұл туындылардың бәрі жоғары деңгей­де шықты. Мысалы, Шымкенттегі «Сақ»­ студиясының «Айбынды ауласын»­ үздік мультфильм деп айта аламын. Елорда­да­ғы «AUA» студиясының «Үндеме» атты­ авторлық фильмі жоғары деңгейде жасал­ды. Алдағы таңда оны «Оскар» жүлде­­сіне ұсынуға болады. Сонымен қатар­ «Бақа шабақ», «Толағай», «Мақта қыз­ бен Марғау», «Ботай» секілді жоба­лар­ да қолдау тапса, әлемдік бәсекеге түсе­ алады. Ал «DGK» студиясының «Стел­­лер» мультфильмі бізде де әлемдік дең­­гей­ден кем емес жаңа технологияны игер­ген анимациялық студия бар екенін дәлелдейді.

Елімізде анимация мамандарын Т.Жүр­­­­ге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер­­ ака­де­миясы мен оның колледжі, Қа­­зақ­ ұлт­тық өнер университеті және Шым­­­кенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер­ және дизайн колледжі даярлайды.­ Уақыт талабына сай анимациялық техно­ло­гия күн санап жаңарып отырады. Бү­гін­ бір бағдарламаны үйренсеңіз, ер­тең­ басқа жобаны меңгеруіңіз керек. Ал­ оны жетік білетін мамандар бізде жоқ­­тың қасы. Нансаңыз, оқу орындары­нан «3D» форматындағы техноло­гия­ны меңгерген маман табу қиын. Оқы­ту­шылардың дені классикалық білім бер­еді. Ал «3D» форматындағы техноло­гия­ны жастар өз бетімен үйренеді. Сон­дықтан бұл олқылықтың орнын тол­тыру үшін Франция, Испания, Жапония, Ресей, Польша секілді елдерден­ тәжірибелі мамандарды шақырып, ше­берлік сағатын өткіздік. Мысалы, «Оскар» сыйлығына екі рет ұсынылған Конс­тан­тин Бронзиттің дәрісін студенттер­ ғана емес, кәсіби режиссерлердің өзі тың­дайды. Одан кейін отандық 20 сту­дия өкілдері, Қазақ ұлттық өнер­ университеті және Т.Жүргенов атын­да­ғы ұлттық өнер академиясының сегіз сту­денті Франция, Португалия, Түркия, Поль­ша секілді елдерге он күн оқу-тәжі­рибе алмасуға барды. Енді олар өзде­рінің сол жақтан үйреніп келген тәжі­рибесін әріптестерімен бөлісіп, өндірісте пайдаланады.

– Ұлттық ертегілеріміз бен аңыз-әңгі­­мелерімізде анимациялық фильм­дерге лайықты кейіпкерлер өте көп. Соларды түсіру ойларыңызда бар ма?

– Қазір әлемге әйгілі деген ірі ани­ма­ция­лық компаниялар өз елдерінің қазы­на­ла­рын тауысып, өзге халықтардың аңыз­да­­рын жаңа заманға лайықтап түсіре бас­та­­ды. 2008 жылы «Ертөстік» ертегісінің же­лі­сімен анимациялық фильм жасалды. Бірақ­ ол өз деңгейінде шықпады. Кемшін тұс­­тары бар. Егер оны білікті мамандар қол­­ға алып, қайтадан жаңғыртса артық емес. Сондай-ақ жаугершілік заманда Деш­­ті Қыпшақ даласынан тұтқынға алынып,­ жат жерде ерен ерлігімен, асқан қабі­­ле­тімен құлдан қайраткерлікке дейі­н көте­­рілген Сұлтан Байбарыс туралы­ ани­ма­циялық туынды түсіруге болады.­ Бір жа­ғы­нан, биыл бабамыздың 800 жыл­ды­ғы­ тойланады. Дайын тұрған кейіпкер. Қа­зақ­ ертегілерінде қазына тұнып тұр. Мә­се­лен, Жезтырнақ, Таусоғар, Желаяқ, Көл­­ таусар, Алдар көсе, Толағай – дайын ани­­ма­циялық бейнелер. Шетінен алып, түсі­­ре бергіміз келеді. Бірақ оған қомақты қар­жы қажет. Қолымызды сол байлайды.

– Анимациялық фильмді жасау­дың­ көп­­­ші­­­лік біле қоймайтын қандай ерек­­ше­­ліктері бар?

– Бәзбіреулер анимациялық туынды­лар­­ды компьютер алдында ойнап отырып істейді деп­ ойлайды. Мәселен, бір кейіпкердің 1 секун­д­тағы қимылына 24 кадр сурет салады.­ Дәл­ осындай 5 секундтық дүниеге маман­­ бір апта уақытын жұмсайды. Тіпті­ ол айға­ да созылады. Шыңдап кел­генде, бұл көздің майын тауысып, табан­дылық­ты­ қажет ететін машақаты мол­ еңбек. Бірақ өз ісіне жан-тәнімен беріл­ген адам бұ­дан ләззат алады. Ани­ма­­­циялық кино жаңа компьютерлік тех­но­ло­гиялардың көмегімен жасалады. Бүгін­гі­ таңда тех­но­­­­­­ло­гиялар қарқынды дамып жа­тыр. Егер соны уақытында игермесең, са­ған сұраныс болмайды. Кейін қала бе­ресің. Сондықтан біздің мамандар үз­дік­сіз­ ізденісте жүреді.

– Біздің туындылар әлемдік бренд­ке­­ ай­налған анимациялық фильмдерге бәсе­ке бола ала ма?

– Қазір біздің анимациялық фильм­дер­­­ бәсекеге қабілетті деп айта аламын­. Мы­­салы, «Мұзбалақ» фильмі Гер­мания, Израиль,­ Ресей, Франция, Үндістан, Түркия қатарлы әлемнің алты елінде өткен байқаулардағы түрлі аталымда­ бас жүлдені иеленді. Маржан Жұба­ныш­ есімді жас режиссер анасы Үміт­ Жұбаныш екеуі өз қаржысына «Шаңы­рақ­тың иесін іздеп жүрміз» атты фильм жа­сады. Бұл туындыда­ режиссердің ой-өрне­гі, шешімі мүлде бө­лек.­ Ұлттық ерек­ше­лікке бай. Жақында осы­ фильм Токио­дан­ бас жүлдемен оралды.­ Алдында Түркия­да­ өткен фестивальде де топ жарған­. Соны­мен­ қатар Англияда өткен мың­нан астам жоба­ның ішінен он үздік ани­ма­циялық фильм­ қатарына енді. Режис­сер Дилшат Рахма­тулиннің «Бесік жыры»­ фильмі де­ Түркия, Англия елдері­нен­ олжамен оралды.

Мәселен, Жапонияда анимация­ са­ла­сы­­­нан түсетін табыс, біздегі мұнайдан құ­йы­­ла­тын қаржыдан әлдеқайда қомақ­ты­­. Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Ресей­дің­­ анимациялық кино бизнесіне қы­зы­ға­мыз.­­ Біз де сол деңгейге жетсек қой­ деп арман­­даймыз. Бұйырса, оған да­ ­жетеміз. Біз­дегі студиялардың әлем ел­де­ріне арнал­ған мультфильм түсіріп, оны брен­дке­ айналдыруға мүмкіндігі бар.­ Өйт­кені оған білікті маман да, база да­ жет­кілікті. Талантты жастар өте көп. Тек­ мем­лекет жағынан қолдау болса­ дейміз. Мы­салы, шығармашылық бірлес­­тікте өнді­рілетін анимациялық фильм­­дерді қар­жылық қолдауды үш жыл­ қатарынан 100 пайыз, одан соң тағы­ екі жыл 75 па­йыз,­ содан кейінгі үш жылға 50 пайыз және­ екі жыл 30 пайыз­ қолдау көрсетсе жет­кілікті болар еді. Содан кейін студия­лар­ мемлекет­ қолдауынсыз өз өнімдерін өз­де­рі шығарады. Бүгінде АҚШ, Жапония, Қы­тай, Ресей, Еуропа елдеріне тапсырыс­пен­ жұмыс істеп жүрген талантты жаста­ры­мызды өзге елдің анимациялық өнді­рі­сінде ақша қуалаған қара жұмысшы қыл­май, жеке режиссер, абыройлы маман етіп­ шығаруымыз керек. Егер осындай да­рынды жастарға қолдау болмаса, олар бас­қалардың анимациясын дамытуға үле­сін қосады. Қазақтың ұлттық анимация­ сала­сында да өз Димашы бар. Тек соны мем­ле­кет­тік қолдау арқылы әлемдік деңгейге алып­ шықсақ дейміз.

– Анимация саласындағы пробле­ма­­­ларға тоқталсаңыз...

– Бүгінде ұрпақ тәрбиесі ең өзекті мә­се­ле болып отыр. Ал ізгілікті, адам­гер­­­­шілікті, отанды сүюді, қысқасы, адам бо­­­й­ында қандай жақсы қасиет бар соны на­си­­хаттаған отандық анимациялық фильм­­­­дерді көрген жеткіншек саналы аза­­мат­ болып қалыптасады. Осыдан-ақ оның­ маңызы зор екенін байқайсыз. Бір­ сөз­­бен айтқанда, анимация – келе­шек ұр­пақ­ты тәрбиелеуге құйылған инвес­ти­ция­­.­­ Біздің бірлестік құрылғанға дейін бұл­ салада жұмыс онша жүрмеді. 2013 жыл­­дан 2017 жылға дейін мүлде тоқтап қал­ды. 2017 жылы ғана екі толықмет­р­л­­­і­ анимациялық фильм жасалды. Ода­н ке­йін қысқаметрлі бір сериал шық­ты. Ұлт­тық­ киноны қолдау орталығы 2019 жылы құ­рыл­ғанымен бүгінге дейін 10-нан­­­­­ аса қыс­қаметрлі анимациялық фильм­ жа­сал­ды.­ Ал «Қазақанимация» шығар­ма­­­­шы­лық бір­лестігінің толықметрлі ани­ма­­­циялық кино жасауға, сериал­ түсіруге заң­­дық тұр­ғы­да құқығы жоқ.­ Себебі бұл Ұлт­тық­ киноны қолдау орта­­лы­ғы арқылы ғана­ іске асады. Бір жағы­­­нан, осы да бізге ке­дер­­­гі болып отыр.

Проблема дегенде, бірінші – біздің бір­­­­лес­­­­тік өз алдына базасы мен ғимараты бар,­ бө­­лек шаңырақ болса деп ойлаймыз. Бұл ­өнер­­дің даму талабы. Елімізде пандеми­я кезін­де кино түсіру саласымен бір­ге ани­мация да жұмыс істеген жоқ. Бірақ ани­ма­ция­лық туындылар ком­пью­терлік тех­н­­о­­ло­гияның көмегімен қа­шықтан жасала­ды.­ Осы жағдай да бір­лестіктің бөлек ша­ңы­рақ болып құрылуына айқын дәлел болады.

Екінші – шығармашылық бірлестік сту­­дияларға конкурсты өзі жарияласа деп ойлаймыз. Өйткені Ұлттық киноны қол­дау орталығында жыл сайын конкурс өте­ді. Сол комиссияға бір ғана анимация ма­маны кіреді. Кейде ешкім де болмай қа­лады. Кейде осыдан түсініспеушіліктер туа­ды. Мысалы, бұған дейін Ұлттық кино­ны­ қолдау орталығының байқауына екі жыл қатарынан ұсынылып өтпеген «Сақ»­ студиясының «Айбынды аула» жоба­сы­ біздің бірлестіктен қолдау тауып,­ 20 жобаның ішіндегі ең үздік туынды атан­ды.­ Сондай-ақ «Astana film» жастар кино­ сту­дия­сының «Бала ғарышкер» атты толық­метрлі анимациялық фильм жобасы да төрт жыл бойы конкурстан өте а­лмады.

«Балапан» арнасы қаржысы аз болса да­ анимациялық студиялардың жұмыс істе­уіне, осы саладағы мамандардың жан­-жаққа тарап кетпеуіне мүмкіндік бер­ді. Бірқатар студияның құрылуына сеп­тігін тигізді. Балаларға арналған ани­мациялық фильмдерге де тапсырыс беретін осы арна. Үшінші мәселе осы жерден туып отыр. Кейінгі екі-үш жылдың көлемінде аталған арна «біз тек «3D» форматында жасалған фильмдерді ғана береміз» деп, «2D» форматындағы туындыларға тапсырыс бермейтін болды. Егер бұл шешімді қабылдағандар «2D» форматы сапасыз, «3D» форматы сапалы десе қатты қателеседі. Әлемдегі «Nickelodeon», «Tiji», «Мульт» және «Карусель» секілді шетелдік балалар телеарналардың 60-70 пайызы «2D» форматында жасалған анимациялық фильмді көрсетеді. Еліміздегі төрт бірдей оқу орнында «3D» форматында емес, тек «2D» форматындағы мамандар даярланады. Сонда қаншама жыл бойы мемлекеттік грантпен және ақылы түрде оқыған түлектеріміз қайда барып жұмыс істейді? Сондықтан телеарнаның қойып отырған талабы орынсыз.

Төртінші – жоғары оқу орындарында­ ани­­мациялық кино режиссерлігіне түсу­ге­ тал­пынған жастар жыл сайын артып­ келеді, бірақ грант саны шектеулі. Бұрын бір жылға 2-3 грант қана бөлінсе, ке­йін­гі жылдары 20-30 студентке 6-7 грант­­ бөліне бастады. Бұл да аз болып тұр­.­ Жоқ дегенде, оқуға түсуге келген­ талап­кер­лердің 50 пайызына грант бөлінсе деп ойлаймыз.

Сонымен қатар былтыр Ұлттық кино­­­­­­­­ны қолдау орталығы «Ашина», «Өр­кеш»­­­­­,­ «Алмалы» атты толықметрлі­­ үш­­ ани­­­­ма­циялық фильмді өнді­ріс­ке жі­­­­бе­р­­­ді­. Үшеуі де биыл жыл­ соңына де­­йі­н­­­­ аяқталуы керек еді. Ұлттық кино­ны­­­­­ қолдау орталығы дайын­дық кезе­ңінде жүр­­­ген үш жобаны­ шығар­ма­шы­лық­ есебі дұ­рыс­ емес деп сотқа­ берді. Ани­мациялық өн­ді­­рісте алды он жылдан ар­тық­ жұмыс істе­­ген, бедел­ді, тәжірибелі таны­мал режис­­сер­леріміздің еңбегін осы­лай жоққа шы­ғаруы жүрегімді мұз­дай­ қарыды.

– Отандық туындыларға телеарна­лар­дан сұраныс бар ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, елімізде ұлт­тық анимациялық фильмдерді жалғыз «Бала­пан» арнасы ғана көрсетеді. Кейбір арна­лар аударма туындыларды ұсынады. Бірақ­ олар бізге тапсырыс бермейді. Мәсе­лен,­ «Балапан» арнасы алты жасқа дейін бала­ларға арналған. Ал 6-12 жасқа дейінгі жет­кіншектерді қайда қоямыз. 12 жас­тан жоғарылар да қоғам назарынан тыс қал­мауы қажет. Сондықтан еліміздегі телеарна­лар балаларға арнайы уақыт арна­са­ жақсы болар еді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі, Оқу-ағарту министрліктері де балаларға отансүйгіштік рухтағы туын­ды­ларды түсіруге тапсырыс берсе,­ біз оны жүзеге асыруға дайынбыз. Әрине, аударма фильмдердің өз орны бар. Тілдің дамуына да оң әсерін тигізеді. Бірақ аударманың бағасы арзан деп, өзіміздің ұлттық анимациялық фильмдерге­ қы­рын­ қарамаса екен. Қазір шетелдік ани­ма­ция­лық туынды­ларды аударып, оларды бала­лар­ға көрсетіп жатқан арна­ларды білеміз. Бірақ соның ішінде ұлттық болмысымызға қай­шы дүниелер де кездеседі. Осыған абай болған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

 Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»