– Демек, балақайға ауру сол жақта жұққан. Қызылшаға шекара жоқ. Қазір елімізде жұқпалы аурудың бұл түрі белең алып бара жатқаны байқалады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған қосымша иммундауды енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Біз өз тарапымыздан ата-аналарды балаларын қызылшаға қарсы ектіріп, жұқпалы аурудан қазірден бастап қорғанудың қамын жасауға шақырамыз. Ол үшін емханаға бару керек. Бүгінгі таңда облыста екпеге қажетті дәрілер жеткілікті. Біз жыл сайын жоспарлы түрде ата-ананың келісімімен 1,6 жасар балаларды егеміз. Қазіргі таңда облыс көлемінде 3 600 баланың өз уақытында екпе алмағаны анықталып отыр, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сенсек, бүгінде еліміз бойынша қызылшамен ауырған 107 бала тіркелген. Науқастардың 70 пайызы – екпе алмағандар.
Таяуда ғана облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Бұл қаулыға сәйкес, балаларға мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелердегі жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалардың үлесі 10 пайыздан аспауға тиіс.
Қостанай облысы