Пікір • 17 Сәуір, 2023

Деңгей

980 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз «Егемен Қазақстан» көшесінде тұрамыз. Үйіміз газет редакциясының іргесінде болған соң, келіп-кетер таксидің бәрі жұмыстың алдынан өтеді. Бұл таксишілер қауымы дегеніңіз әңгімешіл болады емес пе (әсіресе «сая­си сауаты мықты»). Сегіз қабатты ме­ке­менің сол баяғы «Егемен» екенін біліп, сонау алыс-алыс қыраттарда қалған бала шақта үстел үстінде жататын газетті еміс-еміс есіне түсіреді. Іле-шала «газет әлі шыға ма? Оны біреу оқи ма?» деп таңғалады. Тосын таңғалысына қоса миығындағы еріксіз күлкі де көрініп қалады. Енді бір кезде «сонда не жазасыңдар?» деп төбеден бір-ақ қояды. Сонда өзіңді ауадан көбелек аулап жүргендей біртүрлі сезінесің. Көз алдыңнан музейдегі қаңқасы қалған сүйкімді бір мамонт елестеп өтеді.

Иә, уақыттың ағынымен қоғамның көп бөлігі газеттің осы күнде де шы­ға­тынына, онда да журналистер мақала  жазып, оқырман оны оқитынына таң­ғалатын үрдіс пайда болды. Мұны «дең­гейсіз таңғалу» немесе «таңғалмасқа таң­ғалу» синдромы десек болады. Қа­зіргі әдебиеттен, газет-журнал оқудан, жалпы жазу-сызудан халықтың хабары жоқтығынан, жазып жүрген бәріміздің өз әлеміміз, ал рухани өмірден тым алыс қарапайым жұрттың өз әлемі қа­лыптасты. Дәл бір қалам ұстаған қа­уым үңгір ішінде қалғандай: айтасың – есті­мейді, жазасың – оқымайды.

Ақиқатында, адам жанды картинаға, жақсы өлеңге, тәуір шығармаға, эстетикаға толы сұлулыққа таңғалса керек. Көркем дүниеге сүйсіну, қызығу, бағалау – адами инстинкт. Шын өнерге тамсану да талғамға байланысты, әрине. Адамның ойын да, көзқарасын да, қағидасын да талғам өзгертеді. Яғни жан қалауы, ішкі сын – талғам деңгейі өмір сүруіңізге ықпал етеді. Сондықтан да талғам әрқашан биік, кірпияз келеді. Тіпті адамның адамнан артықшылығы да сол талғам деңгейіне байланысты дейміз. Алайда уақыт өте келе жақсыға таңғалудың жөні мен жосығы өзгереді екен. Ол да талғамнан.

Біздің өміріміз – осы қоғам, осы уақыт. Біздің ой-санамыз, көзқарасымыз айналамызда болып жатқан оқиғалардың желісімен дамиды. Мәселен, қазақ әдебиетінің кешегі дәуірінде талантты ақын-жазушылар да, сауатты, талғампаз оқырман да көп болды. Тіпті кей оқушының деңгейі автормен шамалас келіпті деп жатады. Һәм ол кездегі таңғалыс та бөлек: шебердің шеберін ғана мойындаған, жақсының жақсысына ғана таңғалған. Қарапайым оқырманыңыз анау-мынау жазарманды менсінбейді. Көркем дүниеге қызығудың нағыз классикалық үлгісін көрсеткен (айта кетейік, бұл – өткенді аңсау синдромы емес).

Ал қазір кейде адамдардың таңғалатын дүниесіне қарап таңғаласың. Халық шенеунік, депутаттар қазақша сөйлесе, қарап отырып қуанады. Ал өзге ұлт өкілі қазақ тілінде бірауыз сөз айтса, тіпті риза болады. Кез келген мемлекеттің азаматы сол тілде сөйлесе, ол қалыпты жағдай емес пе? Оған неге таңғаламыз? Өз еліңде өз ұлтың өз тіліңде сөйлегеніне ішің жылу – қорашсынудың қай деңгейі?..

Адамдардың газет-журнал, яки кітап оқуы да бүгінде сирек кездесетін құбы­лысқа айналған. Содан болар, таңғалыс та көп. Өзі сияқты газет оқымайтын жұрт­тың көп екенін білетін, мәселен, жа­ңағыдай таксишілер, оқу, жазу, сызу деген мамандыққа көненің көзіндей мүсіркей қарайды. Әрине, өз деңгейінше. Ал кей қауым кітап, қалам ұстаған жұртты арис­тократ, өздерін қара жаяу сезінеді.

Қоғамдағы жазу-сызудан тым алыс адамдардың осындай көзқарасына бүгінде етіміз үйренгендей. Һәм қарапайым халықтың мұндай деңгейсіз таңғалысына қазір таңғалмайтын да болдық. Бәлки, бұл таңғалыстың бір себебі, ғаламтор (бірақ оған илану қиын), бәлки білімсіздік, «жоғалған оқырман», жазылмаған классика, идеология, тұрмыс...

Ал сіз әкім қазақша сөйлесе қуанасыз ба? Орыс қазақша жол сұраса ше? Ең бас­тысы, осы күні газет шығатынын білесіз ғой?..

Айтпақшы, қазір таксиге мінсем, сөйлемейтін болдым. Бұрын қоғамдағы адамдардың ой-пікірін аңдайын деп тілдесуші едім. Қазір «газет әлі шыға ма?» деген сұмдық сұрақты естімеу үшін аузымды ашпаймын.