Қоғам • 18 Сәуір, 2023

Алматыда 100-ден астам баланы кене шаққан

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиология орталығына кене шағып алған 100-ден астам бала келіп, тексерілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда 100-ден астам баланы кене шаққан

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиология бақылау басқармасы бастығының орынбасары Әсел Қалықова биыл эпидемиялық маусым басталғаннан бері медицина ұйымдарының қызметіне кене шаққан 182 адам, оның ішінде 15 жасқа дейінгі 100 бала жүгінгенін хабарлады.

Ол барлығына шұғыл медициналық көмек көрсетілгенін, кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілгенін атап өтті. 2022 жылы кене боррелиозының 9 жағдайы тіркелген. Ал осы жылы мұндай дерек тіркелмеген.

«Күн жылынған соң кене энцефалиті және кене боррелиозы сияқты жұқпалы ауруларды тасымалдайтын кенелер пайда болады. Бұл маусым наурыздан қазанға дейін жалғасады. Кенелер мамыр, маусым айларында тіпті көбейіп кетеді»деді Әсел Қалықова.

 

Кене боррелиозын емдеу тек жұқпалы аурулар ауруханасында жүргізілуі керек. Емделмеген жағдайда ауру асқынып және созылмалы ауруға айналып, кейбір жағдайларда жүйке жүйесі мен буындардың зақымдануынан мүгедектікке әкеледі.

Кене боррелиозының алдын алудың бірден-бір жолы - кене шағудан қорғану. Серуендеуге, саяжайға немесе орманды аумаққа барғанда кейбір ережелерді сақтау маңызды:

  • жабық киім кию керек. Кенелер көрінетіндей, денені мүмкіндігінше жауып, кенелерден қорғап - шалбарды етікке, шұлыққа, киімнің жоғарғы бөлігін шалбарға салу керек. Көйлекке, күртешеге тігілген күләпара кию немесе шашты орамалдың, бас киімнің астына байлаған жөн;
  • орман алқаптарында серуендеуге, жолдармен жүруге және биік шөптер мен бұталардан аулақ болу керек;
  • кенелерді үркітетін заттарды - репелленттерді қолдану қажет.
  • киімді, денені және заттарды жиі тексеріп, үйге оралғанда да кененің бар-жоғын тексеріп алу керек.