«Қазгидромет» филиалының өкілдері 14 сәуірде өңірдің оңтүстік аудандарында күн райы – 10 градусқа дейін суытады, қар аралас бұрқасын тұрып, автокөлік жолдарын көктайғақ жабуы мүмкін деп ескерткен. 15-іне қараған түні Арқалық төңірегінде, Жітіқара, Қамысты, Амангелді, Жангелдин аудандарында боран күшейді.
Табиғаттың тосын мінезі, әсіресе, Амангелді ауданындағы шаруабасты ағайынды әбігерге салып кетті. Мәселен, бұл өңірдегі төтенше жағдай қызметкерлері 17 сәуірде қар құрсауында қалған 8 адамды құтқарып қалған.
«Амангелді ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғындары Мақат ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан жұмысшылар қосынына азық-түлік апара жатып қарлы боранда қалып қойған. Жолда қалғандарға көмектесу үшін шыққан жүк тиегіш техника да қалың қардан өте алмай, омбылап батып қалады. Бұл хабар аудан орталығындағы өрт сөндіру бөліміне таңғы сағат 6-дан өте түсті. Құтқарушылар хабар алысымен дереу жолға аттанып, Мақат ауылынан 8 шақырым жерде қар құрсауынан шыға алмай тұрған «Нива» автокөлігін қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Сағат 09:45-те автокөліктегі алты адамның бәрі аман-есен Махат ауылына жеткізілді», деп мәлімдеді облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.
Амангелділік құтқарушылар бұдан бір күн бұрын қарлы боранда адасып кеткен 2 шопанды іздеп тауып, малшылар қыстауына жеткізген. Шопандар дәрігер көмегінен бас тартыпты.
– «Сәуір болмай, тәуір болмас» дейтін қазақ емеспіз бе. Малды қырға шығарып, арқаны кеңге салып жүргенде табиғат тосын мінез танытып, әбігерге салғанын қарашы. Арқаның бесқонағы боранымен келіп әбден састырды. Ыққан малды қайырамыз деп атқа қонған екі азамат боранда адасып кеткенін естіп, Амангелді ауданының төтенше жағдай бөлімінен көмек сұрауға тура келді. Өз істерінің нағыз мамандары дереу іске кірісіп, айдалада қалған азаматтарды тауып, аман-есен үйлеріне жеткізді. Адам өміріне қауіп төніп тұрған сындарлы сәтте шұғыл шешім қабылдап, шопандардың аман-сау оралуына көмектескен құтқарушылар мен Үрпек ауылдық учаскелік инспекторына алғыс айтамыз, – дейді ауыл тұрғыны Серік Төлекбаев.
Қостанай облысы