ХҚО-ның айналасындағы алаяқтар күні бүгінге дейін астыртын әрекет етіп, жүргізуші куәлігін сатып келген. Жақында полиция қызметкерлері Қостанай қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына тінту жүргізіп, жүргізуші куәлігін саудаға салып келген қылмыстық топты ұстады.
– Жедел тінту шаралары барысында қылмыстық әрекетке қатысы бар деген күдікпен ХҚО-да емтихан қабылдаумен айналысқан 5 адам ұсталды. Олар жүргізуші куәлігін беру үшін ақы алып келген. Емтиханға келушілер берілген 40 минуттың орнына небәрі 5 минуттың ішінде тест тапсырып шыққан. Қазақ тілін білмейтін адамдар емтиханды мемлекеттік тілде тапсырып отырған. Қазір қажетті бастапқы тергеу әрекеттері, сондай-ақ айғақтарды анықтау мақсатындағы санкцияланған тінту шаралары жүріп жатыр. Банк карталары, 1 млн теңгеден астам қолма-қол ақша, компьютерлік техника, флэш-карталар, ұялы телефондар мен құжаттар тәркіленді. Тінту кезінде күдіктілердің бірінен 12 калибрлік оқ-дәрі және заңды тіркеуде жоқ тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді, – деді облыстық ПД басшысы Ерлан Омарбеков.
Ұсталғандар – жүргізуші куәлігі мен жүргізуші санаттарына емтихан қабылдау қызметін тендер бойынша ұтып алған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілдері. Қылмыстық топ үміткерлерден ақы алып, теориялық білім мен тәжірибелік дағдыға емтихан қабылдамай-ақ жүргізуші куәлігін үлестіріп отырған. Полицияның мәлімдеуінше, алаяқтарды анықтауға облыс жолдарындағы көлік апатының шектен тыс жиілеп кеткені түрткі болған. Жол апатына ұрынған жүргізушілердің көбі қарапайым жол ережесінен бейхабар болып шыға берген соң, полицияның жүргізуші куәлігін беретін мекемеге деген күдігі де күшейе түскен.
– Мысалы, жыл басында Рудный қаласында «Сhevrolet Сobalt» көлігін мінген 19 жастағы жүргізуші куәлігін алғанына бір ай толмай жатып «Audi» автокөлігін соқты. «Audi» көлігінде отырған жолаушы ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Мұндай зардабы ауыр жол апаттары тым көбейіп бара жатқан соң, салалас мекемелердің бірінде астыртын сыбайласқан топ болуы мүмкін деген күдікпен мамандандырылған ХҚО-ға қатысты арнайы жедел шара жүргізу туралы шешім қабылдадық. Арнайы операция облыс прокуратурасының үйлестіруімен өтті, – дейді полиция департаментінің басшысы Е.Омарбеков.
Қазір аталған қылмысқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Осыған байланысты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жүргізуші куәлігі мен жүргізуші санатын алушылардан теориялық және тәжірибелік емтихан қабылдауын тоқтатты. Полиция күдіктілердің жүргізуші куәлігі мен санаттар алған 1 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткенін анықтап отыр. Олардың қайсысының емтиханды адал тапсырғаны, қайсысының қылмыстық топтың көмегіне жүгінгені тергеу амалдары барысында анықталады.
Қостанай облысы