09 Шілде, 2014

Нибали – екінші кезеңнің жеңімпазы

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Тур де Франс» көпкүндігінің екінші кезеңдік жарысында «Астана» велоклубының капитаны Винченцо Нибали жеңімпаз атанды. Жарыстың екінші кезеңі 201 шақырымға созылды. Бұл сында «Астананың» велошабандоздары қарсыластарының назарын жарыс бойы өздеріне аударып отырды. Соның ішінде бесеуі көмбеге дейін Нибалидің жанында болып, басты бәсекелестерін жаңылдырып, команда капитанына мәреге бірінші келуге жағдай жасады. Ал соңғы төрт шақырымда дат велоспортшысы Якоб Фульсанг «Астананың» қарсыластарының назарын өзіне аударып, оларды мүлдем шатастырып жіберді. Осы кезде ол қайта-қайта шабуылдап, басты бәсекелестерін өзін аңдуға мәжбүрледі. Ал Нибали болса, көмбеге екі шақырым қалғанда қарсыластарының арасынан сытылып шығып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп, ол екінші кезеңде жеңіске жетіп қана қоймай, жалпы есепте де бірінші орынға шығып көш бастады. Осы жеңістен кейін Нибали көшбасшылық сары жейдені киді. Словакия велошабандозы Петер Саган одан екі секунд қана қалып, екі кезең бойынша екінші орынға орнықты. Биыл «Тур де Франс» веложарысы 101-рет өтіп жатыр. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».