Қаржы • 19 Сәуір, 2023

Баққанымыз – базалық мөлшерлеме

380 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені бұрынғы 16,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бас банк мұндай шешім кейбір елдерде баяулауына қарамастан жаһандық инфляция қысымы әлі де жоғары болғандығынан қабылданды деп түсіндірді.

Баққанымыз – базалық мөлшерлеме

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық банк ұстанымы

Сарапшылардың ойы басқа. Олар монетарлық саясаттың нарық заңынан алшақтығы Ұлттық банкке базалық мөл­шер­лемені төмендетуге мүмкіндік бермей отырғанын айтады. Несие пайызына әсер ететін бірінші фактор – базалық мөлшерлеменің деңгейі екені белгілі. Мемлекет бюджеттен мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы несиенің салмағын жеңілдетеді, бірақ бұл шешім тұрақты емес екенін сарапшылардың біразы айтады. Жан-жағымыз базалық мөлшерлеме деңгейін іскерлік белсенділікті арттыру үшін төмендетсе, біздің елде оның мүмкіндігін инфляция деңгейін ұстап тұ­руға ғана бағыттап келді. Тұты­ну себетінде импорттың үлесі басым жағ­дайда басқаша мүмкіндіктің шек­теліп қалғанын сарапшылардың бәрі айтады. Ұлттық банктың базалық мөл­шер­лемені көтеру арқылы ақша массасын басқарғысы келетінін осыған дейін талай рет байқаған едік. Несие пайызының жоғары болуы инфляциялық қысымның денесін қыздырып жіберетіні осыған дейін талай рет айтылған. Мы­салы, қымбат пайыз несие алған ШОБ несиенің үстемесін тауар құнын көтеріп, тұтынушыдан өндіріп алуға тырысатыны ескерілмеді. Әлем сарапшылары арасында ең сауатсыз және жабайы деп қарастырылатын бұл тәсілдің біздің елдегі бәсі жоғары болып тұр.

Негізінде Ұлттық банктің өзі мөл­шер­­ле­мені төмендетуге дайын екенін өткен күзде айтқан. Нақтыласақ, 2022 жылдың күзінде Ұлттық банк төра­ға­сы Ғалымжан Пірматов біздің елде базалық мөлшерлемені көтеру циклінің аяқталуға жақын екенін және 16,75 пайыздық мөлшерлеме жеткілікті деп бағаланғанын айтты. Содан кейін Ақша несие саясаты комитетінің ақпан айындағы кеңесінің нәтижесі желтоқсан айында айтылған болжам шарттарын нақтылады. Әзірге 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында мөлшерлеме ағымдағы деңгейде қалады, орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендейді деген пікірдің бәсі басым болып тұр.

Ұлттық банктің басты міндеті – бағаның өсуін тежеу. Қаңтар айында жылдық инфляция 20,7 пайызға дейін өсті. Естеріңізде болса, 2022 жылғы желтоқсанда инфляция 20,3 пайыз болатын. Демек жаңа жылдың басындағы жағдай осыған дейінгі жоғары көрсеткіш деп танылған екі таңбалы көрсеткіштен 3 пайызға асып кетті.

 

Екінші рет өзгеріссіз қалды

Ұлттық банк азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның драйвері осы көр­сет­кішке қарап анықталатынын айтып отыр. Ай сайынғы инфляция әзірге жоғарғы дәлізде қатып тұр. Сарап­шылар бұл жағдай Ұлттық банк немесе Үкіметтің жанкешті әрекетінің же­мі­сі емес екенін, ішкі нарықтың жағ­да­йы сыртқы жағдайға бейімделуге мойынсына бастағандығының нәтижесі екенін алға тартады.

Инфляция шарықтау шегінен төмен­деді. Бірақ бұл көрсеткіштен төмен­де­туге мүмкіндік беретін алғышарт қа­лыптасқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция дең­ге­йін кемі 2-3 есе төмендетуді тапсырды. Ұлттық банк инфляция болжамын төмендетуге тырысып жатыр. Базалық сценарий осы жылғы инфляция деңгейін 9-12 пайыз, 2024 жылы – 6-8 пайызға дейін, 2025 жылы бұдан да көбірек төмендетуді жоспарлап отыр.

Ұлттық банк инфляция болжамының жақсаруына Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы астық индексін төмендетуі себеп бола ма деп үміттеніп отыр. Одан бөлек биыл елде астық түсімі жақсы болады деген үміт бар. Бірақ Ұлттық банктің инфляция туралы болжамы ол 11-13 пайыз, 2024 жылы 7-9 пайыз аралығында болуға тиіс еді. Бірақ жыл басында бұл болжамның нарықты да, сарапшыларды да инфляция дәлізінде адастырып кеткеніне бәріміз куә болдық. Басқаша айтқанда, Ұлттық банктің болжамынан нарық заңы үстем болып шықты. Кейін жыл аяғында азық-түлік нарығындағы жағдай, бензин және дизельді отын айналасындағы қордаланып қалған проблема, нарықтағы бағаны субсидия арқылы жеңілдетпек болған жөнсіз әрекеттер кедергі келтіргені ҰБ тарапынан айтылды. Өткен жылдың екінші жартысында қалыптасқан жайттардың жаңғырығы 2023 жылдың алғашқы тоқсанында да сезіліп тұрды. Жылдың алғашқы тоқсанында инфляция кері шегінбесе де, жоғары дәлізде қатып тұрғанын бәріміз көрдік.

 

Қазіргі деңгейі инфляцияны тежей алады

Сарапшылардың сөзінше, Ұлттық банктің ақпан айындағы шешімі алдағы жағдайдың қай жаққа құбылатынын анықтап берді. Бірақ әзіргі жағдайды ат ауыстыруға болмайтын өткел деп баға беруге болады. Әзірге ақша-несие сая­сатын өзгертуге себеп жоқ. Егер ішкі нарық ШОБ арқылы нарыққа дем берсе, экономикалық өсімге жол ашатын жағдай қалыптасып тұр.

Tengri Partners басқарушы серіктесі Әнуар Үшбаев журналистермен кездескен кезде мемлекеттің шағын және орта бизнесті қаржыландырудағы басым рөлі бизнесті несиелендіру нарығының ерекшелігі екенін айтып берді. Демек Үкімет пен Ұлттық банк оны өзі қалаған мөлшерлеме бойынша қаржыландырады. Мемлекет пен Ұлттық банк тарапынан субсидияланған, кепілдендірілген несие нарығына базалық мөлшерлеме аса күшті әсер етпейді. Спикердің айтуынша, бүгінгі жағдайда базалық мөлшерлемені күрт төмендетудің қажеті жоқ, бірақ бір­тіндеп төмендеу үрдісі өзін-өзі ақ­­­­тай­тыны осыған дейін байқалған, толығымен ақталған. Сарапшы айтып өткендей, базалық мөлшерлемені реттеу бағаны төмендетпейді. «Экономикадағы инвестициялық сұраныстың бәсеңдеуі және тұтыну тауарларының қымбаттауы ақшамыздың құнына әсер етпейді. Егер сырттан әкелінген қызанақ қымбат болса, оны Ұлттық банк қолындағы тетіктер арқылы төмендете алмайды», дейді сарапшы.

Freedom Finance Global сарапшыла­ры­ның сөзінше, Ұлттық банк белгілеген 4-5 пайыздық инфляция көрсеткішіне жету үшін ең жақсы жағдайда екі жыл қажет. «Әзірге 4-5 пайыздық инфляция туралы айту ерте. Бұл мақсатқа жету үшін кемінде 2-2,5 жыл қажет. Бізге инфляцияның пандемияға дейінгі деңгейге төмендеуі қажет, ал доллар бағамы тұрақты болуы үшін мұнай бағасы жеткілікті жоғары болуы керек. Егер бюджет шығыстары өсетін болса, инфляция көрсеткіштеріне қол жеткізу кейінге шегеріледі.

Halyk Finance сарапшыларының ай­туынша, мемлекеттік бюджеттің шы­ғыс бөлігі биыл да өседі. Мұның бәрі жоғары сыртқы белгісіздікпен қатар, ел экономикасына айтарлықтай про-инфляциялық қысым жасайтын көрінеді. Сыртқы сауда каналдары арқылы жететін инфляция деңгейі өткен жыл­дармен салыстырғанда төмен болатыны жыл басында-ақ байқалып қалды. Себебі РФ-ден өзге сауда серіктес елдерде инфляция деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда төмен екені айтылып жүр.

Jusan Analytics сарапшыларының бол­жамы да Ұлттық банктің соңғы шеші­мінен алыстап кеткен жоқ. Бірақ баға қысымының жоғары болуы инфляцияны бақылауды қиындатып жатыр. Мұндай жағдайда теңгенің тартымдылығын сақтау инфляцияның динамикасына импорттың әсерін шектеуге жол ашады. Сонымен қатар «базалық мөлшерлемені сақтау халықтың номиналды кірістерін сақтауға және инфляцияның бағаға әсерінің «температурасын» төмендетуге мүмкіндік беріп тұр.

Jusan Analytics басшысы, экономист Владислав Туркин өзінің Telegram-арнасында мөлшерлемені сол дең­гей­де қалдыру туралы шешімді оң деп бағаласа да нарыққа әсері жуық арада сезіле қоймайтынын айтыпты. Тур­киннің айтуынша, бұл жаңалық нарықтағы ойыншылардың шешімі мен валюта мен теңге облигацияларына әсер етеді. Базалық мөл­шер­леменің жоғарылауы, әдетте несиелік шарт­та­рының қабағына теріс әсер ететін. Соған қарамастан, 2022 жылғы қаңтар – 2023 жылғы қаңтар арасында базалық мөлшерлеменің жиынтық 6,5 пайызға өсуі несие нарығына кері әсер ете алмады. Демек бұл жолғы өзге­ріс банк несиесі мөлшерлемесінің өсуіне жол бермеді. Тұтыну несиелері бойынша теңгелік несиенің орташа мөлшерлемесі 17 пайыздан 15,3 пайызға дейін төмендеді, ал базалық мөлшерлеме 16 пайыз төңірегінде тоқтады.

 

Бағдарламалар банк мүмкіндігін шектей ме?

Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев мемлекет коммерциялық банктердің мүмкіндігімен жағдайын уысында ойнатып отырғанын айтады. ЕДБ экономиканы қаржыландырмайды деген өкпе айтуға ғана оңай. Бірақ мемлекеттің түрлі бағдарламасы арқылы нарыққа ара­ласуы ЕДБ нарықпен интеграция­лану мүмкіндігін шектеп отыр. Дәл қазір несие мөлшерлемесін 7-8 па­йызға дейін мәжбүрлі түрде тө­мен­дету туралы ұсыныстар қаржы жү­­йесін өлтірумен бірдей. Базалық мөл­шер­леменің төмендеуі экономикалық өсімге қысқамерзімді ғана әсер етеді. Несиеге берілген арзан несие өз құнын жоғалтады.

Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі банк депозиттеріне инфля­цияға жұтылып кетпеуіне мүм­кін­дік беріп тұр. Банк депозиттері ЕДБ-ның негізгі қаржыландыру көзі екенін, қаржыландыру үлесінің 78,3 пайызы депозитпен байланыстыратынын ұмытпайық. Егер депозиттің үлесі төмендесе, Үкімет банктерді қаржы­лан­дыруға тура келеді.

Сарапшының айтуын­ша, Үкімет нарықтағы түрлі бағ­дар­ла­маның демеу қаржысы арқылы инфляцияның төмендеуіне кедергі келтіріп жатыр. Мемлекеттің араласуынсыз нарықтық экономика құру ұзақ жылдарға созылатын үрдіс. Бізге әзірге одан өзге жол жоқ. Сарапшының пайым­дауынша Ұлттық банк басқаша ой­лайды. «Ұлттық банктің базалық мөл­шерлеменің нарыққа әсері туралы көз­қарасы бір орында қатып қалған. Егер базалық мөлшерлеме жоғары болса, несие де қымбаттап, халықтың несиеге сұранысы да төмендейді деп ойлайды.

2022 жылдың қорытындысы бо­йынша ЕДБ-ның несиелік қоржынының тең жартысы халықтың несиесі болып шықты. Дәл қазір банктерге экономиканы емес, халықты несиелендіру тиімді. Базалық мөлшерлеменің инфляцияға да, ЕДБ-ның несие пайызына да әсері аз екенін түсінетін кез келді.

 

Шарықтауына жетті деуге әлі ерте

«Біздің инфляция – импорттық, одан қалса делдалдық және тен­дер­лік инфляция. Өзбекстаннан немесе Қырғызстаннан келіп жатқан тауарлардың бастапқы құны мен біздің елдегі бағасының арасындағы айыр­ма­шылықты білуге ешкім мүдделі емес. Соңғы екеуінің бағаға әсерін зер­делемей инфляцияның да, базалық мөл­шерлеменің де нарықтық келбетін, деңгейін тани алмаймыз», дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, базалық мөлшерлемені төмендетудің алғышарт­та­ры бізде өткен жылдың екінші жартысында, Ресей рублінен құн кеткенде байқалған. Бірақ соған қарамастан Ресей импортының бағасы төмендеген жоқ. Біздегі ішкі нарықтағы тауарлардың 50 пайызы – Ресей импорты. Бірақ импортын нарықтық бағамен бағалауға кедергі келтірді. «Базалық мөлшерлеме төмендесе, ол бірден ЕДБ-ның несиесіне, нарыққа әсер етеді деген түсінік бар. Кейде мұндай пікір Үкімет деңгейіндегі шенеуніктерден де мақұлданып жатады. Базалық мөлшерлеменің төменгі деңгейі кемі жарты жылдан кейін ғана бағаға әсер етеді.

Негізінде, сарапшылар базалық мөл­­­­шерлеме бірінші кезекте валюта ба­ғамын қорғау мәселесін шешетінін, бұл, әрине, импорт құнының өсуіне немесе құнының төмендеуіне байланысты бағаға да әсер ететінін бұ­рыннан айтып келеді. Теңгедегі депозиттер бойынша мөлшерлеме жақын арада көтерілмеуі әбден мүмкін. Қазір, мысалы, ЕДБ жылдық мерзімді теңгелік депозиттері 14,5-15 пайыздық мөлшерлеме арасында тербеліп тұр. Қор депозиттер бойынша ұсынылатын сыйақының ең жоғары деңгейін наурыз айына дейін сақтап қалды. Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарынан кейін квазимемлекеттік және кор­по­ративтік қарыз алушылардың мөл­­шерлемесі төмендейді. Осыған бай­­­ланысты инвесторлардың портфель құрылымын қайта қарауға және ал­дағы бірнеше жылда жоғары табыс­ты бекітуге жақсы мүмкіндігі бар. Ба­за­лық мөлшерлеме өзінің шарықтау шегіне жетті деуге әлі ерте. Бірақ оның одан әрі көтерілу мүмкіндігі шектеліп келе жатқанын байқап жүрміз.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облигациялардың қайталама нарығында оң өзгерістер байқалды. Бұл базалық мөлшерлеменің әкімшілік тетік емес, нарықтық жолмен төмендеуге бет алғанын көрсетіп тұр. Егер бәрі оң болса, Ұлттық банктің ақпан мен сәуірдегі базалық мөлшерлеме төмендету туралы шешімінің нәтижесін жылдың үшінші тоқсанының басында сезіп қалатын болармыз...

 

АЛМАТЫ