Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
– Әуелгі сұрақ: неге жасөспірімдер бірін-бірі аяусыз ұрып-соғып, қорлап, асқан қатыгездік танытып жатыр? Мұндай қатыгездік қайдан шықты? Бұл жағдайға кім кінәлі?..
Аружан САИН:
– Бірде-бір адам зұлым, қатыгез болып тумайды. Баланың физикалық өсуімен оның санасы да өзгереді, адамгершілік нормалар мен құндылықтарды ол кішкентай кезінен бойына сіңіреді. Балалардың өскен ортасы олардың мінез-құлқын анықтайды. Балалардың қатыгездікке баруына ең алдымен ересектер кінәлі. Қарасаңыз, ата-аналар мен мемлекеттік жүйеге бірдей жауапкершілік жүктеліп отыр. Балаларға қатысты мемлекеттік саясатты баяғыда-ақ өзгерту керек еді. Олар үшін тәрбиелі, дамыған орта қалыптастыру қажет. Мемлекеттік ресурстар адами капиталды дамытуға жұмсалуы керек. Мәселен, егер бала отбасында жақсы тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өссе, ал отбасынан тыс жерде құндылықтар бағаланбайтын болса, бала зардап шегеді. Сондай-ақ керісінше, егер бала нашар отбасында тәрбиеленіп, алайда мейірімді, жақсы ортада жүрсе, ол жақсы жолға түсуі әбден мүмкін.
Аманжол ӘЛТАЙ:
– Кейінгі кездері жан түршігерлік оқиғалардың тым жиілеп бара жатқаны қабырғамызға батады. Бұл бәрімізді де ойландыруға тиіс. Түркістандағы мектеп оқушысының өлімі, Қазалыдағы баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің қатыгездігі, Өскемендегі өрімдей қызды шешіндіріп қойып, аяусыз сабаған тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті мінездері – осылардың бәрі біздің қоғамда бала тәрбиесінің ақсап тұрғанын көрсетеді.
Әрине, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды. Тәрбиесіз ұрпақ – ата-анаға да, қоғамға да, Отанға да опа әпермейді. Егер дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ, бұзақылықтың келеңсіз көріністері күн сайын көбейе береді.
Жалпы, ұрпақ тәрбиесінде жіберіп алған қателіктеріміз көп. Оның түп-тамыры тереңде. Нақтырақ айтсам, өз баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана жауапты. Екіншіден, жауапкершіліктің бір ұшы балабақшалар мен мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда жатыр. Олардың да жіберіп алған қателіктері бар. Сондай-ақ бұл осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиісті құзырлы министрліктің де кемшілігі.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:
– Кешегі жасөспірімдердің бір-бірін ұрып-соққан бейнежазбалары – қазіргі қоғамның трагедиясы. Біз баланы тәрбиелеу мен оны материалдық жағынан қамтамасыз етуді шатастырып алдық. Яғни отбасында ата-аналар балаларын материалдық тұрғыда қамтамасыз етсе болды, соны тәрбие бердім деп есептейді. Мысалы, «Мен саған телефон алып бердім, сен енді мынаны істе», «Мен сені қыдыртуға апардым, сен мынаны орындауың керек» деген сияқты адами қарым-қатынастан гөрі, материалдық «келісімшарт» түріндегі қатынас басым. Әйтпесе бұрын үлкендеріміз «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ал бүгінде балаларды ұят, обалмен тәрбиелей алмайсың. Үлкен трагедия деп отырғаным осы.
Жоғары сынып оқушыларымен кездесулер, тренингтер өткізіп, жан-жақты бағытта жұмыс жүргізгенде олардан «Біз ата-анамызға керек емеспіз», «Олармен сөйлесе алмаймыз», «Сөйлесетін адамымыз жоқ» деген уәждерді жиі естимін. Телефон, әлеуметтік желідегі қатыгездікті күнде көрген жас ұрпақ соны қайталайды. Тіпті баласы туралы хабарлассаң, «оған қарайтын уақытым жоқ» деп айғай салатын ата-аналар да көп.
Әсия СЕРІКОВА:
– Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желіде жасөспірімдердің бір-біріне қол жұмсауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, бопсалау, әлімжеттік көрсеткен бейнежазбалары көп. Бұрын мұндай әрекетке көбіне ер балалар барса, қазіргі таңда қыздардың арасында да жиі кездеседі. Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Тек мектепті ғана кінәлауға болмас. Тәрбие тал бесіктен басталады. Ендеше, ең бірінші әсер ететін жер – отбасы. Ата-ананың балаға берген тәлім-тәрбиесі, оның қай ортада жүргені, достары маңызды. Баланы қоғам болып тәрбиелейміз. Қазіргі балалар бір-біріне аяушылық танытпайды. Оның себебі – бала үйде агрессия, зорлық-зомбылық немесе қоғамнан қысым көрсе, өзінен әлсіз адамға күш қолдануға бейім келеді.
Жастардың қатыгездігі, бірін-бірі аямауы, қол жұмсауы – қоғамның проблемасы. Өйткені тәрбиелеп жатқан оның отбасы, ортасы. Мысалы, кейбіреулер баласына «сені біреу ұрса, екі есе қайтар» деген секілді кеңес айтады. Бала тәрбиесіне отбасы, достары, айналасы, мектебі – бәрі әсер етеді. Қазіргі балалардың қолында тек телефон, гаджет бар. Яғни көп ақпарат алады. Тіпті кейде өз жасына қатысы жоқ, сай келмейтін мәліметті де көреді, оқиды. Мұның бәрі баланың психологиясына әсер етеді.
– Біз қазірдің өзінде кінәні сырттан іздеп отырған сияқтымыз. Тіптен, жасөспірімдердің қатыгездігіне, олардың зорлық-зомбылыққа баруына мемлекет қана кінәлі сияқты көрінеді...
Аманжол ӘЛТАЙ:
– Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру үшін бала тәрбиесіне жауапты министрліктер бірігіп жұмыс атқаруға тиіс. Атап айтқанда, Оқу-ағарту, Жоғары білім және ғылым, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі бірігіп жұмыс атқарып, жастардың мәселесімен шындап айналысуы керек.
Мәселен, Оқу-ағарту министрлігі мектеп мұғалімдері оқушыларға тек академиялық білім беріп қоймай, олардың тәрбиесіне жауапкершілік алуға тиіс. Мектептердегі әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидатын қайта қарау қажет. Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері бала тәрбиесін дамытатын, танымын кеңейтетін, тағылымдық мәні бар бағдарламаларды көбейтуі керек. Ал бұған сай келмейтіндеріне тыйым салған жөн.
Аружан САИН:
– Жауапты шешім қабылдайтын адам мемлекеттік тұрғыдан ойламайды, ол өзінің айналасындағы шектеуден шыға алмайды. Бұл – қоғамның барлық саласына еніп кеткен жемқорлық пен надандықтың салдары. Білім деңгейінің төмендеуі мен білім беру жүйесінің түбегейлі құлдырауы салдарынан (бұл үшін ең алдымен мемлекет жауапты) әрбір кейінгі ұрпақ барған сайын сауатсыз, мәдениетсіз болып барады. Тиісінше, олар да балаларын ертең өздері түсінетін құндылық, өмір салты туралы түсінігі аясында тәрбиелейді.
ЭЫДҰ-ның білім беруге арналған зерттеулеріне қарасақ, мемлекет балаларды оқытуға неғұрлым көп қаржы бөлсе, қылмыс деңгейі соғұрлым төмен болатынын көреміз. Ал біздің елде қалай? Кейінгі кездері жасалып жатқан білім берудегі әрбір реформа жағдайды одан сайын нашарлатты. Балалардың секцияларда, үйірмелерде өздерінің сүйікті спорт түрлерімен және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктің болмауы олардың назарын көшеге аудырып, нашақорлық, маскүнемдік, бақылаусыз интернетте отыруына әкелді.
Қоғамдағы зорлық-зомбылықты барынша азайтып, балалар, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингті жойғымыз келсе, балаларға қатысты мемлекеттік саясатты түбегейлі өзгертуіміз керек. Оларды барынша дамытатын, уақытын пайдалы істерге жұмсайтын, әр баланың қабілетін ашатын, сол қабілеттердің ашылуына мүмкіндік беретін мемлекеттік жүйе құруымыз қажет. Тек осылай ғана біз әлемде бәсекеге қабілетті және экономика, ғылым, өндіріс, технология саласында жоғары жетістікке қол жеткізе аламыз. Мұндай ұрпақ өзін және балаларын лайықты түрде адамгершілік қасиет, бір-бірінің құқықтарын құрметтеу секілді қажетті құндылықтармен қамтамасыз ете алады. Яғни бұл тек балалар мен ересектердің қауіпсіздігі мәселесі емес, бұл елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігі мәселесіне де әсер етеді.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:
– Әрине, кімді болсын кінәлау оңай. Оның ішінде мұғалімге жүкті аудара салу тіптен жеңіл. Бұл жерде елдегі адам капиталы басты байлық деп алсақ, таяқтың екінші ұшы мемлекеттің маңдайына тиетіні сөзсіз. Шынымен, қателіктер бар. Ол жеке адамға қатысты емес, тұтас жүйенің қателігі. Мәселен, мектептегі тәрбие жұмысына келсек, біз оны екі-ақ адамға байланыстырып тастадық, олар – сынып жетекшісі мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Сондықтан тәрбие үдерісі әлсіреп кетті. Тәрбиені ұранмен, айғайлаумен шатастыратын жұрт одан көп. Тәрбие сөз емес, іс екенін, тәрбие ұран емес, өнеге екенін білмейтіндер қатары артты.
Мектептердің жағдайы жалған сапа қуудан аспай тұр. Ата-ана мектептің рейтинг қуу үшін шығарған жалған бағаларына алданып мәз. Қарап отырсаң, 4 мың оқушысы бар мектепте мың үздік оқушы бар, бірақ бірде-бір құқық бұзатын тентек бала жоқ, бірде-бір бұзақы бала жоқ. Құжат жүзінде, әрине. Ал іс жүзіндегі жағдайды зерттеп қарасаң, жаның түршігіп кетуі мүмкін.
Аружан САИН:
– Билік балалар басты мемлекеттік инвестиция екенін түсінуі керек. Біз сарапшылар қауымдастығымен бірге өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысты бірқатар бастаманы қолға алдық. Мұнда барлық баланың құқықтары тең қарастырылады. Мемлекет әрбір бала алдындағы өз міндеттерін орындауы керек. Біз әрбір баланың денсаулығын сақтауға, оны ұзақ жылдар бойы нығайтуға тиіспіз. Балалар спорты мен шығармашылығын жан басына шаққандағы қаржыландыру бастамасында балалардың жыл бойына барынша жұмыспен қамтылуы, олардың тұлғалық және мәдени дамуы қарастырылады. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық баланы мектептегі ыстық тамақпен қамтамасыз ету бастамасы денсаулықты сақтауға және бала ағзасының қалыпты дамуына көмектесуге бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігінің мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған реформасы өз жемісін береді деп сенемін. Өкінішке қарай, қолға алған бастамалардың әрқайсысы үшін біз шенеуніктердің қарсылығын еңсеруіміз керек. Олар әдеттегідей «Бұған ақша жоқ» дейтіні сөзсіз. Мәселенің мәнісін нақтылап, жоспарлап, жауапкершілікпен қолға алса, әрбір бастаманы тезірек жүзеге асыруға болатынына сенімдімін.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Жоспарға қатысты қандай ұсыныстарыңыз бар?
Аружан САИН:
– Кешенді жоспармен таныспын, онда балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтауға бағытталған жеке тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, білім беру ұйымдарын қорғаудың кешенді жүйесін қамтамасыз ету, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, балалар арасындағы құқық бұзушылық пен суицид деңгейін төмендету, оның ішінде психологиялық қызметті күшейту секілді мәселелер қамтылған. Сондай-ақ кешенді жоспарда заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қарастырылған.
Әрине, мұның бәрі тамаша, бірақ елімізде білікті кадрлардың жетіспеушілігі ең үлкен мәселе екенін үнемі айтып келемін. Керемет жоспарды жүзеге асыратын білікті мамандар болмаса, оның іске асуы екіталай. Мәселен, жол карталарының, көптеген кешенді жоспардың тиісті деңгейде орындамағаны үшін қаншама шенеунік жауапқа тартылды?..
Нақты жоспарға келер болсақ, оның әрбір тармағында іске асыру тұрғысынан әзірленген және белгіленген әрекеттер алгоритмі болуы керек. Сондай-ақ әрбір тармаққа қатысты міндетті түрде қаржылық шығындар есептеліп, көрсетілуі қажет. Асығыс жасап, бекіте салатын дүние емес, мұнда болашақ ұрпақтың тағдыры тұр.
Сапура ТӨЛЕКОВА:
– Елдің ертеңі қандай болмағы бүгінгі біздерге тікелей қатысты. Бұл ретте кінәні әркім өзінен іздеген дұрыс. Кешенді көзқарас керек. Біздің облыста бірнеше басқарма бірігіп 8 бағыттан тұратын «Ұлағатты ұрпақ» бағдарламасын қабылдадық. Бағдарлама азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, отбасылық құндылықтар, еңбек, экономикалық-экологиялық, зияткерлік, дене тәрбиесін қамтиды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдарды да тартып отырмыз.
Біз қазір мектептерге сыртқы әдеміліктен гөрі ішкі мазмұнға баса назар аудару талабын қойып жатырмыз. Бұл не деген сөз? Оқу үдерісі әрине, ойдағыдай болу керек. Оқушының партасы дұрыс, оқулығы жеткілікті болсын. Бірақ ең бастысы, мектепте оқушы өзін еркін сезіне алатындай ахуал қалыптасуы қажет. Бала өзінің көңіліндегі күйзелісін, біреуден көрген зорлық- зомбылығын мұғалімдерге айтудан жасқанбайтын болсын. Керісінше, дер уақытында сырын бөліссе, мұның салдары жеңілге соғар еді. Бір жағынан, мұғалімдер де оқушылардың сондай ашық сырласуына әзір болуға тиіс.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ:
– Жігіттің үш жұрты болатыны секілді оқушының да үш жұрты бар: мектеп, отбасы, қоғам. Осы үш жұрт тәрбие ісіне жұмылмаса, бала тәрбиесінің жақсаруы жайында айтудың өзі артық. Әрқайсысының өз міндеттері бар. Мектеп білім мен тәрбиені қатар беру керек, отбасы бала тәрбиесіне бейжай қарамауға тиіс. Ал қоғамның әрбір мүшесі бала тәрбиешісі екенін ұмытпағаны абзал. Біз соны көбіне естен шығарып аламыз. Біз өз баламыздың ғана емес, қоғамдағы әрбір баланың тәрбиешісіміз. Тіпті әлеуметтік желіге қатыгездікті насихаттайтын бейнежазбаны жүктеген кезде, оны балалардың да көретінін ұмытып кетеміз. Желіде отырып алып ойға келгенді жазамыз. Бұдан кейін кешегідей бір-бірін аяусыз тепкілеген қатыгездер қайдан шықты деп байбалам салудың өзі артық.
Бала тәрбиесімен айналысу тек Оқу-ағарту министрлігінің құзырындағы шаруа емес. Оған басқа да министрліктер, қоғамдық ұйымдар, тіпті діни бірлестіктер бірігіп, ортақ тұжырым жасауы керек. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», бұл жерде де бүкіл қоғам бір жұдырық болып жұмылмай, тек министрліктің немесе мектептің жұмысы бүгінгі проблеманы шеше алмайды.
Аманжол ӘЛТАЙ:
– «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», деп Әл-Фараби айтқандай, жас ұрпақтың қос қанатының бірі – білім, екіншісі – тәрбие. Екі қанатын тең қаққанда ғана құс биікке ұша алады. Балаларымызға тәрбиені дұрыстап бере алмасақ, тек білім берумен шектелсек, баланың бойында Абай айтқан толық адамды қалыптастыра алмаймыз.
Бірінші кезекте мектептерде ұстаздарымыз, педагогтеріміз балаға білім берумен шектелмеуге тиіс. Олардың балаға тәрбие берудегі жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Әсіресе мектептердегі психолог мамандар, әлеуметтік педагогтердің мәртебесін көтеріп, жауапкершілігін арттыру қажет. Оларға қатысты қағидаттарды қайта қараған жөн. Ішкі істер министрлігінің жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған жастармен жұмыс жүргізетін учаскелік полиция жұмысын қайта сараптаған абзал. Олардың балалармен жұмыс істеу барысын реттеп, олқылықтарды жою керек.
Жастар тәрбиесінің тым төмендеп кетуіне ең басты әсер етіп отырған, теріс күштің бірі – жас ұрпақтың әлеуметтік желінің тұтқыны болып қалуы. Онда бала санасына оң әсер ететін де, теріс әсер ететін де ақпарат бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2022 жылы заңға қайшы 16000 интернет-ресурс анықталған. Нақтырақ айтқанда, баланың тәрбиесіне, олардың дамуына теріс әсер ететін лас ақпараттар әлеуметтік желіде көп. Соның ішінде TikTok өте зиян. Таяуда жолдаған депутаттық сауалымда осы мәселені көтердім. Алдағы уақытта TikTok әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек. Егер бүгін осындай қатаң қадамға бармасақ, ертең бала тәрбиесіндегі кемшілік асқынып, опық жейтініміз сөзсіз.
– Әңгіме ауанын бала құқығына қатысты өрбітсек. Бұл бағыттағы жұмыс нақты кімнің құзыретінде болуы керек? Құқық қорғаушылардың, әлде бала құқы жөніндегі уәкілдердің немесе әкімдердің міндетіне кіре ме?
Аружан САИН:
– Бұған бүкіл қоғам жауапты. Оның ішінде әрқайсымыздың үлесіміз, соған сай жауапкершілігіміз бар. Барлық 20 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер басшыларының, балалардың құқығын қорғауда тәжірибесі бар азаматтардың арасында осындай уәкілдер бар. Балалар ұйымдарына кедергісіз кіру құқығына ие бола отырып, олар баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдарды қарауға, сондай-ақ балалар ұйымдарына көмектесуге, балаларды қорғау саласындағы проблемаларды шешуге арналған заң жобаларына қатысуға міндетті.
Ал өңірлік уәкілдерді облыс әкімдері тағайындайды және олардың алдында жауапты. Сондықтан өңірлердегі жұмыс әкімдердің балаларға деген көзқарасы, қарым-қатынасына байланысты. Егер әкім балаларға жаны жақын болса, бұл үлкен жетістік.
Қанат НЫСАНТАЕВ:
– Расында ортақ мүддеге жекелеген міндеттерді атқару арқылы жұмыламыз ғой. Құқық қорғау саласы да бұл істен тысқары емес. Атап айтқанда, полиция органдары құрылымында жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін арнайы бөлімдер бар. Мәселен, Астана қаласы бойынша айтар болсам, департаментке қарасты Жергілікті полиция қызметінің құрамында, сонымен қатар, елордамыздың төрт ауданында жасөспірімдерге жауапты бөлімдер жұмыс істейді. Олардың қызметі мектептермен және жергілікті әкімдіктермен тығыз байланысты. Мәселен, балалардың тәртібін, жүріс-тұрысын қадағалап, түрлі құқық бұзушылыққа бармас үшін полиция қызметкерлері ата-аналар жиналысына, мектептегі тәрбие сағаттарына, басқа да жиындарға қатысып, дәрістер оқиды. Балалармен арнайы кездесулер ұйымдастырылады. Жоспар бойынша жол ережесін сақтау, бір-біріне әлімжеттік жасамау, қоғамдық орындарды ластамау секілді тақырыптарда дәрістер өткізіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Мектептен бөлек әкімдікте комиссиялар құрылып, құқық бұзушылыққа барған балалардың істері қаралады және олардың істеріне заң шеңберінде іс-шаралар қолданылады. Ата-аналары да жауапкершілікке тартылып жататын жағдайлар бар.
– Осы жерде заңды сұрақ туады: қоғам неге мектептердегі түрлі оқиғаларды, оның ішінде зорлық-зомбылық та бар, жария болған бейнежазбалар арқылы ғана біліп отыр? Демек, мұны тізбекті реакция деп алсақ, қайбір жердегі механизм үзіліп қалған болып тұр ғой? Немесе бала қатыгездігінің алдын алуда дәрменсіз болып қалдық па?
Қанат НЫСАНТАЕВ:
– Рас, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жасөспірім ұлдар мен қыздардың бір-бірін аяусыз ұрып-соққан бейнежазбалары тарап жатыр. Біз де өз тарапымыздан олардың бәрін жіті бақылап, тексереміз. Айта кететін жайт, Астана қаласы бойынша мұндай келеңсіз оқиғалар орын алған жоқ.
Ал жасөспірімдер бір-бірін ұрып соқса, полиция қалай әрекет етеді деген сұрақ туатыны сөзсіз. Егер интернетте осындай бейнежазбалар тараса немесе бір тараптан арыз түскен жағдайда тәртіп сақшылары тарапынан бірден қылмыстық іс қозғалады. Сол іс бойынша тергеу тобы құрылып, тергеушілер істі жан-жақты тексеруді бастайды. Оқиғаның мән-жайын түпкілікті анықтап, кінәлілерді табу үшін ата-аналармен, балалармен және педагогтермен кездесулер өткізіліп, болған жағдайдың жай-жапсары сұралады. Егер құқық бұзушылыққа барған баланың психикалық ауытқулары болса, оған арнайы сараптамалар тағайындалады. Нәтижесінде, осы айтылғандардың бәрін есепке алып, сараптай келе, тергеуші соңғы шешімді шығарады да, оқиғаның заң шеңберінде қылмыстық құрамы дәлелденсе, іс сотқа жолданады.
Қылмыстық кодекстің 15-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жасөспірім 16 жасқа толған және есі дұрыс болса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ аталған баптың 2-тармағы бойынша 14 жасқа толған жасөспірімнің де жауапқа тартылуына негіз болар қылмыстық құқық бұзушылық түрлері егжей-тегжей жазылған. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіру, зорлау, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық секілді жалпы саны 30 бап қарастырылған.
Данияр ЕСЕН:
– Менің бұл тақырыпты қозғап жүргеніме төрт жылдай болды. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қорымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан өзге елдермен салыстырғанда балалар суициді жағынан алдыңғы қатарда. Шыны керек, бұл жағдайда мұғалімді, интернетті кінәлайды. Бірақ бұл жерде ата-ананың балаға деген махаббаты аз болып тұр. Бала өз бетінше, ата-ана өзі бөлек жүріп жатыр. «Баяғыда біз төбелесіп өскенбіз. Ешнәрсе етпейді адам болып кеттік», деген адамдікі дұрыс емес. Төбелесті, қатыгездікті насихаттауға болмайды. Төбелес былай тұрсын, адамның тәніне басқа бір адамның қолын тигізуге құқығы жоқ. Ұрған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек. Еуропадағыдай, Америкадағыдай заң жұмыс істеу керек.
Қазіргі балалар қатыгез болып барады. Бір-бірін аяусыз соққыға жығып жатыр. Түсінемін, қу тірліктің қамытын киіп, күйбең тіршіліктің соңында жүрміз. Бірақ бірінші орында ұрпақ тәрбиесі тұру керек. Әрбір балаға ізгілік дәнін себуіміз қажет.
Нұркен АСАНОВ:
– Балалар арасындағы қатыгездік – әлемдегі ең ауыр проблеманың бірі. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, балалардың қатыгездігіне төрт негізгі фактор әсер етеді: физиологиялық, отбасындағы тәрбие, әлеуметтік және жасөспірімдік шақ. Мұның бәрін жеке-жеке талдағандағы түйін – ол ата-ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуі. Қазіргі әке-шеше уақытының көбін жұмысқа, балаларын асырауға жұмсайды. Зерттеулерге сүйенер болсақ, күнделікті балалармен уақыт өткізуге тек 37% ата-ананың мүмкіндігі бар екен.
Осы ретте қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру үшін «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігін құрған болатынбыз. Екі жылға жуық уақыттан бері бұл бірлестік отбасылық құндылықты сақтау жолында еңбек етіп келеді. Әділдік, туралық, талапшылдық, жандану және әдепті өркениетті ұстанған бірлестіктің басты миссиясы – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. Яғни ой айту емес, ой ояту.
– Тақырыбымыз ата-аналардың жауапкершілігіне қарай ойысып отырғандай, дұрыс та шығар. Яғни бала тәрбиесінде орын алған олқылықтың бір ұшы үйдегі тәрбиеде жатыр. Демек, болған іске ата-аналар да жауапты. Ендеше, мектеп, құқық қорғау және ата-ана тарапы нақты не істеуі керек?
Аманжол ӘЛТАЙ:
– Бала тәрбиесі мәселесі түзелу үшін жалғыз ғана әлеуметтік желіге тыйым салумен шектелу аздық етеді. Сол себепті жан-жақты, кешенді түрде қарау керек. Біріншіден, мемлекетімізде мейірімділік, мемлекетшілдік, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идеология қалыптасып, жүргізілуге тиіс. Екіншіден, бала тәрбиесінің негізгі алтын ұясы – отбасы. Әрбір ата-ана тәрбиелеп отырған баласымен ашық әңгімелесіп, өзінің тәрбие берудегі жауапкершілігін күшейткен жөн. Яғни көп жағдайда ата-ана таңертең жұмысқа кетіп, кешке бір-ақ келеді. Баласымен әңгімелесуге уақыт таппайды. Міне, осы тұста көптеген қателік жіберіп отырмыз. Ата тарихымызға қарасақ, керемет ұлы тұлғаларымыздың қалыптасу кезеңінде әженің тәрбиесі, атаның тәрбиесі, әке мен шешенің тәрбиесі алатын орын ерекше болған. Бабаларымыздан жалғасып келе жатқан отбасындағы тәрбие институты дұрыс деңгейде жалғасын табуға тиіс.
Сапура ТӨЛЕКОВА:
– Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты шынайы жолға қоймайынша нақты нәтижеге жету қиын. Мұны ата-ана да, мектеп те түсіне білуі керек. Сондықтан да көзалдау іс-шаралардан бас тартқан дұрыс.
Биыл бізде алғаш рет ата-аналардың қатысуымен екі аптаға созылған «Ашық есік күндері» өтті. Сол екі апта бойына кез келген ата-ана мектепке келіп баласының сабағына қатысты, олардың мектептегі жүріс-тұрыстарын, басқалармен қарым-қатынасын бақылады, байқады. Іс-шара аясында «Қолдау сағаты» өткізілді. Мұны басқаша айтқанда, ата-ана, бала және мұғалім арасындағы дамытушы сипаттағы сұхбат десе де болады. Мұнда балаға үйде, мектепте қандай тұрғыда қолдау көрсету керектігі нақтыланып, белгіленеді.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, «Ата-ана сағаты» деген де жоба енгізілді. Яғни ата-ана мектепке келіп, кез келген сыныпқа барып, өзі жетік білетін тақырып бойынша сынып сағатын өткізе алады. Мысалы, дәрігер медицина, кенші шахта, кітапханашы кітап оқу сияқты әңгіме өрбітетін болса, бұл біріншіден, балаларға басқа адамның сабақ өткізіп тұрғаны қызықты көрінеді, екіншіден, олардың бойында әлгі мамандық иелеріне деген қызығушылық оянып, болашақ мамандық таңдауға да әсер етуі мүмкін.
«Ашық есік күндері» де өзінің тиімділігін байқатты. Алдағы оқу жылында бұл іс-шара әр тоқсан сайын өткізілмекші. «Ата-аналар академиясы» жобасын да енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның мақсаты – балалармен жұмыс жүргізу формаларын жетілдіру. Қазіргі балалар жеке жүргенді қалайды, мінезі тұйықтау, интернетке әуес. Интернеттің оңы да, терісі де бар. Жасөспірімдер әсершіл болғандықтан олар теріс жағына көбірек түсіп кетіп, онлайн ойындардың құрбаны болып жатыр. Осының жолдарын кесу «Ата-аналар академиясына» жүктелетін басты міндет.
Данияр ЕСЕН:
– Қазіргі балаға ата-ананың махаббаты жетіспейді. Ал біздің балаға, өзіміздің ұрпағымызға жай ғана 20 минут уақытымызды бөлуге мүмкіндігіміз жоқ. Біреуіміз ақшаның, мансаптың соңында, енді біреуіміз той тойлап жүрміз. Ата-аналар оянса екен деймін. Ертеңгі күні «Қай жерден мүлт кеттік екен?», деп бармақ шайнап қалмасақ болғаны. Тәрбие – тал бесіктен! Бала тәрбиесіне TikTok та, мектеп те, интернет те жауапты емес. Жауапкершілікті біреуге итере салу мәселені шешпейді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана жауап береді.
Қанат НЫСАНТАЕВ:
– Жоғарыда балалардың бұзақылық әрекеті ата-анасы да жауапкершілікке тартылуы мүмкін деп айттым ғой, соны тарата кетсем. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша оларға 10 АЕК, баласы ауыр қылмыс жасаса, 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалады.
Осы жерде айта кететін мәселе, кешегі бейнежазбадан кейін әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын қауесет тарап жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып, нақты сот шешімі шықпай тұрып жалған, расталмаған ақпарат таратқан адамдарға Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Ол бойынша 1 мыңнан 5 мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Нұркен АСАНОВ:
– Біздің бірлестіктің филиалдарына 90 мың ата-ана мүшелікке тіркелген. Бірлестіктің ұйытқы болуымен осыған дейін 15 010 іс-шара өткізіліп, 90 050 аудитория қамтылды. 18 филиалда жұмыс жасап, осы уақытқа дейін көптеген іс-шара жүргізгенде байқағанымыз, ата-аналар жиналысқа аз келеді. Келсе де сол жақсы оқитын, үлгілі оқушылардың ғана анасы, не әкесі отырады. Ал отбасында проблемасы бар, психологиялық көмекті қажет ететін ата-аналар жиналысқа келмейді. Бұл да ата-ананың жауапкершілігін көрсетеді. Алдағы уақытта осы мақсатта тек білім беру ұйымдары емес, сонымен қатар, мекемелерде де «бала тәрбиесі, бала психологиясы» туралы іс-шараларды өткізу жоспарымызда бар. Баламен жұмыс істеуде білім беру ұйымының орны ерекше. Себебі бала отбасынан бөлек, ең көп уақытын сол жерде өткізеді.
ДҰҰ зерттеулеріне сүйенсек, білім беру ұйымы профилактикалық іс-шараларды өткізуге болатын ең қолайлы жер. Себебі бала көп уақытын күнделікті білім беру ұйымында өткізетін болғандықтан, бала бойындағы өзгерістерді мектеп қарауылынан бастап, басшысына дейін байқай алады, балалар өздерінде болып жатқан проблеманы сол ортада өзара талқылайды. Білім беру ұйымдары профилактикалық іс-шараларына да мысалы, рейд немесе басқа да іс-шараларға ата-аналарды тартып, бірлесіп жұмыс істеп отырса, тиімділігі жоғары болады.
Әсия СЕРІКОВА:
– Балалар арасындағы әлімжеттікті тоқтату үшін қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Психологтер мұны «үштік одақ» деп атайды: бала, ата-ана және мектеп. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, бірігіп жұмыс істеу керек. Оған қоса, бәрі бір бағытта әрекет етуге тиіс. Яғни ата-ана да, мектеп те бір нәрсеге үндеуі қажет. Ал әке-шешесі басқа әңгіме айтып, мектептің тәрбиесі мүлдем бөлек болса, онда баланың психологиясы сау болып өспейді.
ТҮЙІН. Қоғамды дүрліктірген оқиғалардан кейін еліміздің Оқу-ағарту министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізіп, онда Оқу-ағарту министрі мұғалімдер мен ата-аналарға үндеу жасады. «Бір өкініштісі жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жан түршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы ақылға сыймайтын дүние. Бізге – педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналарға балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр», деді министр Ғани Бейсембаев өз үндеуінде.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы кешенді жоспар әзірлеу жөнінде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Осы мақсатта балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердегі психология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданып отыр.
Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде. Мұның барлығы келешек ұрпақтың сапалы білім алуынан бөлек саналы азамат болып қалыптасу жолындағы мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттің көрінісі. Яғни балалардың қауіпсіздігі тұтас елдің ең маңызды бағыты әрі басты назарындағы мәселе болып қала бермек.
Дөңгелек үстелді жүргізгендер:
Гүлнар ЖОЛЖАН,
Зейін ЕРҒАЛИ,
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»