Саясат • 21 Сәуір, 2023

Мәселе әлеуметтік көмекпен шешілмейді

327 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кететінін, Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отырғанын ашып айтты. «Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», деді Мемлекет басшысы.

Мәселе әлеуметтік көмекпен шешілмейді

Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, экономикамызды жегі құрттай кеулеп жеп келе жатқан дерттің нақты диагнозы осы.

Үкімет барлық экономикалық проблеманы әлеуметтік көмекпен шешуге, сол арқылы жеңіске жетуге үйреніп қалған. Осыдан он шақты жыл бұрын халық жалақысының қанша пайызға өскені биік мінберлерде мақтанышпен айтылып жүрді. Мұны өз ішімізде тіпті мақтаныш көргендер де табылды. Халықтың ай сайын өсіп отыратын жалақысының табанында ішкі нарықтың, ұлттық экономикамыздың мүддесі шырылдап жатқаны ескерілмеді. Елде көлік қымбаттап, өндіріс сәйкесінше өсіп жатыр. Халықта ақша жоқ деп ешкім айта алмайды. Жаңа көлікке кезекте тұрғандардың саны ондаған мыңнан асып кететінін өткен жолы байқадық. Инфляцияның «қызуы» көте­ріле бастаса, Үкімет жалақы мен зей­нетақыны өсіріп, нарыққа 100 млрд теңгені «аспаннан» тастай салады, халық оны «ала салады». Басқаша айтқанда, Үкімет экономикалық қиындықтарды әлеуметтік демеу қаржы арқылы шешуге әбден машықтанып алды. Халықтың қолындағы қаржы экономикалық өсімге дем бере алмайтыны осыған дейін де айтылған. Себебі инфляция Үкіметтің берген қаржысын алғашқы айларда-ақ жеп қоятыны осыған дейін белгілі еді. Кеше Мемлекет басшысы елде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпей отыр­ғаны, азық-түлік тауарларының баға­сы соңғы 15 жылда болмаған дең­гейде өскені ашық айтылды. Демек, экономика қазір тұйық шеңберде.

Сарапшылардың айтуынша, эконо­ми­калық-қаржылық дағдарыстың кез келген түрі өндірісі жолға қойылған елдердің берекесін алады. Себебі логис­ти­калық тізбек үзіліп, алыс-беріске сызат түседі. Ұсыныс пен сұраныс арасындағы үйлесімділік бұзылады. Ал біз сияқты экономикасы шикізатқа байланған елдер үшін дағдарыс халық алдындағы міндеттемелерді ұмыт­ты­ру­ға, уәделерді сызып тастауға берілген мүмкіндік ретінде қабылданды.

«2008-2018 жылдардағы баспасөзде индустрияландыру бағдарламасы туралы жиі айтылды. Сол жылдары 700-ден астам шағын зауыт, кәсіпорынның лентасы қиылғаны БАҚ арқылы хабарланды. Егер 700 зауыттың тым болмаса 10 па­йызы жұмыс істегенде ішкі нарықтың 10 пайызы өз өнімдерімізбен толығатын еді. Бірақ, жағдай керісінше болды», дейді сарапшы Мағбат Спанов.

Сарапшы айтып өткендей, бізге мақсатты, бірақ нақты нәтиже беретін, атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашуға, соның нәтижесінде халықтың табысын арттыруға мүмкіндік беретін шағын бағдарламалар қажет.

«Ұлттық жобалармен бір мезгілде Үкімет цифрлық экономикаға көшу, соның арқасында еңбек өнімділігін арттыру, шығындарды азайту туралы айтып жатыр, бірақ, бұл жалақы қорын және жұмыс орындарын қысқарту қажет дегенді білдіреді. Бұл жерде тағы да қайшылық бар. Қарама-қайшы және бір-бірін жоққа шығаратын мақсаттарға жету мүмкін емес. Сондықтан біз негізгі мақсаттарды нақты тұжырымдап, осындай бір-бірін жоққа шығармайтын нәрселерді жоймайынша экономиканы нақты жаңғырту мен реформалау туралы айтудың қажеті жоқ», дейді М.Спанов.

Сарапшының айтуынша, ішкі нарық­тың мүддесін экспорттық саясаттан жоғары қоятын кез келді. Осы күнге дейін жүргізілген саясат экспортқа басымдық берді. Халықтың тұрмыстық қажетін өз өнімдеріңмен өтей алмай, экспорттық саясатқа басымдық беру ішкі нарықтың мүддесін қалтарыста қалдырумен бірдей.

Сарапшы екі-үш жылдан бері түрлі реформалар туралы да айтып өтті. Эко­номикалық реформаларды дамытатын команда бар. Бірақ, олигополиялық экономиканың құрсауынан шыға алмай жатырмыз. Бұл фактор экономикалық өсімге барынша кедергі келтіріп отыр.

«Мемлекет басшысы аспаннан ақша тастай салу арқылы экономиканы сауықтыруға болмайтынын ашып айтты. Біздің елде экономикалық өсу мен инфляцияға қарсы шаралар арасында тепе-теңдік жоқ. Үкімет инфляциямен күресіп жатыр» деген мәлімдемелерге қарамастан, бұл міндеттер орындалған жоқ. Өн­дірістік емес шығыстар өсті, мем­ле­кеттік қызметкерлердің жекелеген топтарының, құқық қорғау органдарында жалақының өсуі байқалды. Қосымша қаржы массасын нарық игере алмай, инфляция 20 пайыздан асып кетті. Ал бұл – Еуразиядағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі», дейді М.Спанов.

Сарапшы айтып өткендей, Үкіметтің экономикалық блогында өте сауатты басқарушы бар. Бірақ, олардың өзін-өзі танытуына қолайлы бағыт керек. Ол үшін ашық нарық, тең бәсеке қажет. Нарықтық экономика футбол алаңымен бірдей. Ойыншыларды дұрыс орналастыру үшін оларды бірден үлкен позицияларға сынамау керек. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, біз 2025 жылдан кейін экономикалық тәуелсіздігімізден толық айырыламыз.

Сарапшы осы ретте инновациялық жобалар немесе жаңадан ашылатын кәсіпорындарды мемлекет қаржысы есебінен қаржыландыруды тоқтату қажеттігін қаперге салып өтті. Ен­ді­гі жерде бұл міндет бизнестің жауап­кер­шілігіне жүктеліп, мемлекеттің мін­деті тапсырыс берумен шектелуге тиіс. Егер Үкімет кәсіпорындарымызға өз өнімдерімізді алуды міндеттесе, ұлт­тық экономиканың күретамырына қан жүгіреді. Бұл мәселе қауіпсіздік пен мүлікті қорғаудың сенімді жүйесі қалып­та­спайынша шешілмейді.

«Бизнес – экономиканы нарықтық жүйеге бастап баратын генератор» екені осыған дейін де талай рет айтылған. Президент айтып өткендей, «мем­ле­кет­тің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылуы керек. Ірі кәсіпкерлер елімізде тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсауды міндеттейтін кез келгені мемлекеттік деңгейде айтылды.

Қазақ кәсіпкері Ұзақбай Айт­жанов осыдан біраз бұрын «Біздегі бизнестің екі полярлы жағдайда тұрғаны, бірі – кәсіпке оңай жолмен келгендер, екіншісі – кәсіптерін маңдай терімен дөңгелеткендер» екенін айтқан болатын. Арбаға «Мерседестің» моторын орнатсаң да, арба бәрібір арбалығын істейді. «Қандай іс болса да, бизнес жетекшілерінің жүрегінде ең алдымен азаматтық парызы, ел мен жерге деген жанашырлық сезімі болуға тиіс. Сонда елдің де, бизнестің де еңсесі биік болады», дейді кәсіпкер.

Бизнес саласының классиктері тап­қан табысының белгілі бір бөлігін ха­лықтың игілігіне жұмсағанды жөн санайды. «Бұл олардың дәстүрлі шарасына айналған. Халықаралық бизнес жүйесінде осы үрдіс кең дамыған. Егер әр кәсіпкер «менің тапқан табысымның ішінде халықтың да үлесі бар» деген ойды бекем ұстанса, онда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де артады. «Бизнестің тектілігі» деген осы болса керек. Кәсіпкер өзінің артында қарақұрым ел бар екенін сезінсе ғана біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыра аламыз», дейді Ұ.Айтжанов.

 

АЛМАТЫ