«Сұлулық салонына 1962 жылы туған азаматша көзіне блефаропластика жасау үшін жүгінген. Салон қызметкерінің лицензиясы және басқа да медициналық қызметпен айналысуға рұқсаты болмаған. Біраз уақыттан кейін науқас ауырып, жедел түрде жансақтау бөліміне жіберілді. Алайда сол жерде қайтыс болды», деп хабарлады Өскемен қаласының прокуратурасы.
Болжам бойынша, әйел анафилактикалық шок алған.
16 сәуірде полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігі (Осы қызмет түріне сертификаты (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуы, егер бұл абайсызда адам өліміне әкеп соқса) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігі үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.