Қара теңіз жақтан ойысқан циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер әсерінен республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауады, тек елдің оңтүстік-шығысында, шығысында, оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Қазақстан бойынша желдің күшеюі байқалады, еліміздің батысында, солтүстігінде, орталығында найзағай ойнайды, шығыста тұман түседі, оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады. Түнде Жетісу облысының орталығында 3 градус аяз болады деп болжанады.
Қызылорда облысының солтүстігінде найзағай ойнап, күндіз оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ойыса жел соғады. Облыстың орталығындағы шаңды дауылдың екпіні 15-20 м/с құрайды.
Атырау облысының шығысы мен оңтүстігінде күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен батыстан жел соғады деп күтіледі.
Ақтөбе облысының солтүстігі, шығысында күндіз найзағай ойнайды, солтүстік-батыстан соққан жел батысқа қарай ойысып, бағыты өзгереді. Мұндағы соққан желдің екпіні - 15-20 м/с. Ақтөбеде күндіз найзағай ойнайды деп күтіледі. Күндіз солтүстік-батыстан, батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
Күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында найзағай ойнайды деп күтіледі.
Күндіз Түркістан облысының тауларында найзағай жарқылдайды. Облыстың солтүстігінде шаңды дауыл тұрып, оңтүстіктен солтүстік-батысқа қарай бағытын өзгерткен желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.
Ақмола облысының солтүстігінде, батысында және оңтүстігінде оңтүстік-шығыстан жел соғып, күндіз бағыты оңтүстік-батысқа қарай ауысады, екпіні - 15-20 м/с. Облыстың батысында күндіз найзағай ойнауы мүмкін. Астанада оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ойыса жел соғады, таңертең және түстен кейінгі екпіні 15-20 м/с болады. Көкшетау қаласында тура осындай ауа райы құбылысы сақталады.
Түнде Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында 15-20 м/с жылдамдықпен оңтүстік жел соғады, ал күндіз облыстың барлық аудандарында соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды, кей тұста оның екпіні 23 м/с дейін жетеді. Қарағанды қаласында күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен оңтүстіктен жел соғады деп күтіледі.
Күндіз Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында найзағай ойнайды деп күтіледі. Түнде облыстың солтүстігінде, шығысында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с болады. Жезқазған қаласында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.
Күндіз Павлодар облысының солтүстігінде 15-20 м/с жылдамдықпен оңтүстік-шығыстан жел соғады деп күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында күндіз найзағай ойнауы мүмкін. Облыстың батысында түнде 15-20 м/с жылдамдықпен оңтүстіктен жел соғады деп күтіледі, ал күндіз өңірдің басым бөлігінде соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с дейін жетеді. Сондай-ақ, Петропавлда күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен оңтүстіктен жел соғады деп күтіледі.
Қостанай облысының батысында, оңтүстігінде найзағай ойнауы мүмкін. Облыстың басым бөлігінде оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ойыса соққан желдің екпіні - 15-20 м/с. Қостанай қаласында күндіз найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.
Жетісу облысында Алакөл ауданында шығыстан 17-22 м/с жылдамдықпен жел соғады деп күтіледі, түнде облыстың орталығында 3 градусқа дейін сынап бағаны төмендеп, суық болады. Талдықорған қаласында түнде ауа температурасы 3-5 градус суық болады.
Түнде Алматы облысында солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен соққан жел оңтүстік-батысқа бағытын өзгертеді.
Семей қаласы бойынша 22 сәуір сағат 21:00-ден 23 сәуір 09:00-ге дейін күтілетін қолайсыз метеожағдайларға байланысты екінші дәрежелі ҰМУ туралы ескерту жарияланды.
22 сәуір сағат 21:00-ден 23 сәуір сағат 09:00-ге дейін Өскемен, Риддер қалалары бойынша күтілетін қолайсыз метеожағдайларға байланысты екінші дәрежелі ҰМУ туралы ескерту жарияланды.