09 Шілде, 2014

Бизнестің Еуразиялық экономикалық одақ аясында дамуы талқыланды

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
PetroАСТАНА. 9 шілде. Петропавл қаласында Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде өңіраралық бизнес-форум өтті. Бұл туралы Strategy2050.kz хабарлады. Аталған жиынға Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Ақмола облысының кәсіпкерлері қатысты. Өңірлік бизнес-форумы барысында Өңірлік даму министрлігі кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы өзгеріске ұшырамайтынын, сонымен қатар үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша субсидиялау мемлекет тарапынан 10 пайыз деңгейінде ұсынылатынын жеткізді. Жиында өз пікірін білдірген павлодарлық Format Mach Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Янбулатов: «Шара дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Бізге қосымша нарықтардың басым бағыттары қызығушылық тудырады. Мысалға біздің кәсіпкерлік бұрындары темір жол құрылғыларын шығарумен айналысты. Бұл стратегиялық сала. Біздің ойымызша, мемлекеттің қатысуына кемінде 5-7 жыл қажет. Осыдан кейін ғана еркін нарық туралы сөз қозғауға болады. Содан кейін ғана нақты артықшылықтар мен пайда көріне бастайды. Және де осы орайда Ресей мен Беларусь кәсіпкерлерімен тікелей бәсекелес екенімізді бір сәтке де естен шығармауымыз қажет», – деді. Ал жиынға қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов: «Бүгінге дейін 105-тей жобаны қолға алдық. Егер 5 жыл ішінде Индустрияландыру картасына 37 млрд теңгелік 31 жоба енгізілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 105-ке жетіп, соның 15-і мақұлданып, нақты іске кірісті. Олардың құны жалпы есеппен 200 млрд. теңге шамасында. Біз сан жағынан бірінші бесжылдыққа қарағанда 3 есеге көбейттік. Ал сапа жағынан тіпті 6-7 еселік өсім бар», – деді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Strategy2050.kz. Фото: «ҚазАқпарат».