Жуырда тағы бір жағымды жаңалыққа куә болдық. Мәдениет және спорт министрлігі «Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту, олардың мөлшерін белгілеу туралы» бұйрығының жобасын әзірледі. Соған сәйкес алдағы уақытта Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиаданың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, сонымен қатар спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпионы атанған спортшылар мен оларды дайындаған жаттықтырушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш (345 000 теңге) көлемінде төлемақы беріледі. Үкіметтің бұл бастамасын біз спортшылар қауымына көрсетілген зор қамқорлық деп бағаладық.
Одан бөлек, аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген өрендердің мемлекет тарапынан мол көлемде сыйақы алатыны баршаға мәлім. Мәселен, Олимпия ойындарында топ жарған саңлаққа 250 000 АҚШ доллары табыс етілсе, күміс және қола жүлдегерлер 150 000 және 75 000 долларды еншілейді. Басқа да байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсеткен спортшыларға да материалдық тұрғыдан әжептәуір көмек көрсетіледі. Әрине, оның барлығы да спортшыларды жігерлендіріп, ынталандыруға бағытталған іс-шаралар екені түсінікті.
Десек те, осы жерде ескерілмей жатқан бір мәселе бар. Ол – спортшылардың үлкен спортпен қош айтысқаннан кейінгі тағдыры. Бізді қынжылтатыны, дәуірі жүріп тұрған кезінде халықтың қошеметіне бөленіп, үлде мен бүлдеге оранған дүлдүлдер мансабын аяқтағаннан кейін қоғамға керегі болмай қалады. Саңлақтардың жарыстар мен сансыз оқу-жаттығу жиындарында жиған мол тәжірибелері ешкімді қызықтырмайды. Сол себепті де, спортшылардың дені басқа кәсіпті таңдайды. Мәселен, тамыр-танысы мықты, еті тірі, епті азаматтар бірден белді бір спорттық мекеменің директорлығына тағайындалады немесе депутат болып сайланады. Кейбіреулері кәсіпкерлікпен айналысса, кейбірі бизнесте бағын сынап көреді. Сондай-ақ шет мемлекеттерде жаттықтырушылық қызмет атқарып жүргендер де жоқ емес. Әрине, үлкен спорттан қол үзгеннен кейін лезде жаңа өмірге бейімделіп, өз жолдарын адаспай тапқан жігіттер үшін біз қуанамыз.
Дегенмен де, жақсы қызмет пен жайлы кресло екенің біріне бұйыра бермейтіні белгілі. Байыптап қарасақ, күні кеше ғана халықаралық аренада жасындай жарқылдап, қазақтың көк байрағын биікте желбіреткен саңлақтарымыздың біразы бұл күндері өз кәсібі бойынша жұмыс таппай сенделіп жүр. Олардың арасында оққағар мен күзетші, көлік жөндеуші мен жүргізуші, саудагер мен брокерлер және тағы басқа сан қырлы мамандық иелері көптеп кездеседі. Ал теріс жолға түскендер қаншама? Қазақтың талай тепсе темір үзетін жігіттері қылмыс әлеміне кеткені де белгілі. Міне, осы азаматтардың барлығының да ел спортына берері көп еді ғой.
Өркениетті мемлекеттерде атақты спортшылар үлкен спорттан қол үзгеннен кейін құзырлы органдар оларға бірден жұмыс тауып береді. Жас маман алдымен жасөспірімдер мен жастар құрамасын жаттықтырады. Сол сүзгіден өтіп, тәжірибесі толыққан мықтылар ұлттық құраманың тізгінін ұстайды немесе жақсы бір қызметке тағайындалады. Осылайша, сатылап өседі. Далада қалып жатқан ешкім жоқ. Бәріне өз деңгейіне сай қызмет табылады. Осы үрдісті елімізде де қалыптастыру қажет. Жаттықтырушыға әркімге бір алақан жайғызып қоймай, лайықты еңбекақы тағайындалуы керек. Шыны керек, қазіргі кезде олардың алып отырған жалақылары мардымсыз. Осы олқылықтың орны толса, бапкер де, балуан да ешкімге жалтақтамай жұмыс істейді. Олардың тасып-төгілген тәжірибесін біз барынша молынан пайдалануымыз керек.