Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мүдделі тараптардың кездесуі басталды
Компания басқармасы төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов жетекшілік ететін комиссия құрамына 33 маман кірген. Олар 1 ай бойы кәсіпорындардың бүгінгі ахуалы, жұмысшылардың еңбек ету жағдайлары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректерін анықтау үшін жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізбек. Оның қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды шешуге арналған іс-қимыл жоспары әзірленеді.
Жаңаөзенде болған алғашқы үш күннің ішінде комиссия мүшелері «Өзенмұнайгазға» қарасты мекемелердегі 43 нысанның жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесіп үлгерді.
– Әр нысанда жұмысшылардан сауалдама алып жатырмыз. Олардың айтқан пікірлері мен ұсыныстары негізінде мүдделі тараптармен кездесіп, қолға алынуға тиіс іс-шаралар тізбегін береміз. Мердігер мекемелермен ұзақ мерзімді шарт жасау жағын ойластырып жатырмыз. Жұмысшыларды жұмысқа орналастыруға, ұзақ мерзімді жұмыстарды тауып беруге біз кепілдік береміз. Олардың бұдан басқа да талаптары бар, – деді Дәулетжан Хасанов.
«Өзенмұнайгаз» АҚ Мұнай-газ өндіру басқармасының слесарь-жөндеушісі Балжан Оразбаева да комиссия мүшелерінің әр жұмысшыдан сауалдама алуы нәтижесінде осы нысандардағы шынайы еңбек жағдайы айқындалып, тиісті шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.
– Олар мұнайшылар көтеріп отырған басты проблемалардың бәрін жазып алды. Оған қоса сауалдама жүргізіп, жұмыс жоспарын әзірлеуге қажет ақпарат жинады. Егер компания тарапынан әлеуметтік міндеттемелер толық орындалатын болса, біздің қызметкерлеріміз де жалпы еңбек жағдайына көңілдері толатынын жеткізді. Комиссия мүшелері мұнайшылардың талаптары бойынша жақын арада тиісті шешімдер шығарылып, орындалатынын айтты, – деді ол.
Әр мұнайшының талап-тілегі ескеріледі
Жалпы, алдағы бір ай ішінде Астанадан келген мамандар 67 мекемеге баруды жоспарлап отыр. Олардың жұмыстарын тексеру 2 бағытта жүрмек: біріншіден кәсіпорындарға аудит жүргізілсе, екіншіден техникалық жабдықталуына баға беріледі.
Мұнай компаниясына қарасты химияландыру және экология, сондай-ақ мұнай айдау басқармаларында өткен кездесуден кейін жергілікті жұмысшы Қобылан Қарашаев комиссия мүшелеріне өздеріндегі қордаланған проблемаларды толық жеткізгендерін айтты.
– Бізде бүгінде техникалар мен олардың жабдықтарына жауапты автослесарьлар жетіспейді. Дәнекерлеушілердің жұмыс істеуі үшін де арнайы бокс жоқ. Бұдан өзге де жетіспей тұрған жерлерімізді мамандарға түгел айттық. Олар біздің талап-тілектерімізді жазып алып, міндетті түрде шешімін табатынына уәде берді, – деді жергілікті тұрғын.
Елордалық мамандардың айтуынша, кейбір мұнай мекемелерінде кезек күттірмес мәселелер күн тәртібінде тұрса, кейбірінде адамдардың жұмыс істеуі үшін белгілі бір деңгейде жағдайлар жасалған. Мәселен, жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Абат Құтжанов 80 адам еңбек ететін автоколонна мекемесінің техникалары 70-80 пайызға жаңартылғанын тілге тиек етті.
– Біз аталған мекемеге бас сұққанымызда жұмысқа қажетті техникалардың басым бөлігі талапқа сай екеніне көз жеткіздік. Әрине, көңіл бөлетін тұстары да жоқ емес. Ендігі кезекте ол жердің цехтары жөндеуді қажет етіп тұр. Одан бөлек, жұмысшылар өз мамандықтарын жетілдіру бойынша сауалдарын қойды. Біздің байқағанымыз, негізінен жұмыс жағдайына олардың көңілдері толады, – деді ол.
Жергілікті мұнай компанияларының жұмысы демалыс күндері де тоқтамай жүретіндіктен, комиссия мүшелерінің де нысандардағы кездесулері демалысқа қарамай үздіксіз өтіп жатыр. Мәселен, өткен сенбіде олар 400-ден аса адам еңбек ететін өндіріс орнын аралап, жұмысшылардың талап-тілегіне құлақ түрді. Бұл кәсіпорын ұжымы мұнай өндіру үшін қолданылған құбырларды жөндеумен айналысады. Олар тәулігіне 1000 құбыр мен 25-30 сорғыны қалыпқа келтіреді. 10 жыл бұрын ашылған мекемеде құрал-жабдықтардың басым бөлігі ескірген. Сондай-ақ медициналық картаға кейбір емдік шаралар енгізілмей қалған. Жұмысшылар кейде дәрі-дәрмек пен емдік шараларды өз қалталарынан ақша шығарып алатындарын айтты. Өйткені мекеменің медпунктінде ол қызметтер көрсетілмейтін болғасын, ақылы емханаларға баруға мәжбүр.
Ал слесарь-жөндеуші Алтын Иманбаева күні-түні жұмыс істейтін станоктар ескіргенін, ауыстыратын уақыты келгенін айтады.
– Біз комиссия мүшелеріне сол станоктарды ауыстыру керектігін жеткіздік. Олар біздің әрбір ұсынысымызды мұқият тыңдап, мәселені шешуге уәде берді. Биыл және келесі жылы нысандарға модернизация жасалатынын, алдағы мамыр айында станоктарды ауыстыру басталатынын айтты, – деді ол.
Елдің тілегі – еңбек дауының оң шешімі
Елордалық мамандар жергілікті мұнайшылардың әрбір ұсынысы мен тілегі назардан тыс қалмайтынын айтып отыр. Оларды негізінен жалақы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту, медсақтандыру және өндіріс орындарын модернизациялау мәселелері көп толғандыратынына көз жеткізді. Талдау жұмыстары нәтижесі бойынша жасақталатын іс-қимыл жоспарына еңбек ұжымдары көтерген өзекті мәселелердің бәрі енгізілмек. Комиссия жұмысы 31 мамырға дейін созылады.
Соңғы 2 жылда Жаңаөзендегі мұнай кәсіпорындарында болып жатқан келеңсіз жағдайлардың басты себебі – еңбек дауы екенін қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев да жасармады. Жұмысшылардың талабы – тарифті көтеру, әлеуметтік пакеттерді қарастыру. Бұл ең алдымен «Өзенмұнайгаз» АҚ мекемесіне қатысты. «Бұл мекеме – қаламыздың басты кәсіпорны. Дегенмен ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Жұмысшыларға жағдайлар қарастырылып жатыр. Мекеме жанынан еңбек дауларын қарайтын арнайы департамент құрылды. Мейрам күндері, өзге де даталарда берілетін әлеуметтік қолдаулар саны артты», дейді ол.
Қала әкімінің орынбасары аймақта жұмыссыздық мәселесінің өткір тұрғанын, сондай-ақ азық-түлік бағасының қымбат екенін де алға тартты. «Қазір Астанадан арнайы комиссия келіп, кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп жатыр. Олар негізінен еңбек етіп жатқан адамдармен жүздесетіні белгілі. Дегенмен жұмыссыздармен де кездесіп, солардың талап-тілегін білсе де болады.
Қаламыздағы әлеуметтік жағдайдың күрделенуіне тамақтың қымбаттауы да себеп болғанын айту керек. Жаңаөзен қаласы логистика тұрғысынан қарасақ, күре жолдың бойындағы ерсілі-қарсылы көлік ағылып жатқан мекен емес. Шетте тұрған қала. Сондықтан бізге тағам, басқа да өнімдерді жеткізу құны қымбат. Осының өзі жұмысшылардың жағдайына әсер етеді», деді Нұрберген Худибаев.
«Бір айта кетер мәселе, «Өзенмұнайгаз» жылына 5 млн тонна мұнай өндіреді. Ол жерде 9300-дей адам еңбек етеді. Ал еліміздегі басқа мұнай кәсіпорындарында одан да көп мұнай өндіргенімен, адам саны аз. Неге? Өйткені жаңаөзендіктердің көбі тек мұнай мекемелерінде жұмыс істегісі келеді. Әкімдік тарапынан басқа жұмыс орындарын және солтүстікке көшу бағдарламасын ұсынып жатырмыз. Бірақ оған ешкім барғысы келмейді. Сондықтан мұнай мекемелерінде осындай проблема туындап отыр.
Кешенді жоспар туралы айтар болсам, бізде Жаңаөзен қаласы бойынша емес, Маңғыстау облысын дамыту бойынша кешенді жоспар жасалған. Соның ішінде 37 пункті Жаңаөзен қаласына қатысты. Тағы 16-сы жалпы облыс бойынша барлық елді мекендерге қатысты тарау. Аталған кешен талаптарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді», деді мәселенің тереңіне үңілген спикер.
Ал мұнай және газды басқару саласы бойынша сарапшы Абзал Нарымбетов мұнайшылардың жиі наразылыққа шығуының үш басты себебін атап көрсетті. Біріншіден, бір компанияда жұмыс істеуге тұрақты штаттық орынның немесе ұзақмерзімді келісімшарттың (кемінде 3 жыл) болмауы, екіншіден, тек жұмыссыз қалмас үшін кез келген жалақыға келісуге мәжбүр ететін тұрақсыз табыс; үшіншіден, демалыс пен әлеуметтік пакеттің болмауы. «Осы олқылықтың барлығын компаниялар өз мүддесіне пайдаланып отыр, ал бұл еңбек жағдайына кері әсер етеді», дейді ол.
«Мәселе компанияда емес, жүйеде. Біріншіден, «ҚазМұнайГаз» әрдайым наразылық білдірушілерге жүйелі емес қысқамерзімді шешімдер ұсынып келеді. 2015 жылы да Жаңаөзендегі ереуілшілер Астанадағы «ҚазМұнайГаз» қызметкерлерімен бірдей жалақымен қамтамасыз етуді сұрады. Бір жылдан кейін талап орындалды. Бірнеше жылдан кейін оқиға тағы қайталанды. Бұл жолы бірақ Жаңаөзендегі мердігерлер де штатқа тұрақты жалақы сұрай бастады. Бір бөлігі бұл талапқа қол жеткізді. Жұмысшылардың ҚМГ-ға қатысты «жыламаған балаға» қағидасын түсінгенін көріп отырмыз.
Бұл ретте, соңғы 10 жылда Маңғыстау облысында халық санының өсуі 77%-ға жеткенін де ескеру қажет. «ҚазМұнайГаз» бюджеті шексіз емес екені түсінікті, әрқашан жұмысшылардың талаптарын орындау мүмкін емес. Бұл орайда жұмыссыз халықты қайта даярлау және кәсібін мүлде басқа салаға ауыстыру мәселесі туындайды», дейді сарапшы.
Жемқорлыққа қатысты тексеру жүргізілуде
Жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «БерАли Мангистау Company» ЖШС секілді мекемелерде сыбайлас жемқорлық мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қос кәсіпорынның лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілініп, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті берген мәліметке қарағанда, істің қозғалуына Жаңаөзен қаласы тұрғындарының «ҚазМұнайГаз» АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесінде сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері орын алып жатыр деген көптеген өтініштері түрткі болған. «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғалары жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды орнатамыз деген желеумен кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттарында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, қаражат жымқырған.
Сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғалары мен «БерАли Мангистау Company» ЖШС басшылығы 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеуге арналған аса ірі көлемдегі қаражатты қалталарына басты деген күдік бойынша тергеліп жатыр. Мәселен, аталған серіктестік басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы шарттар жасасып, сол арқылы бөлінген 248 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып алған. Бұл жемқорлық фактілерінің кесірінен тек мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де айтарлықтай зиян келтірілген. Өйткені сол қаражатты компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсауға болар еді. Компания қызметкерлері ортақ іске пайдасы тиетін қаржының әлдекімдердің қалтасында кетіп жатқанына наразы.
Қазір тергеу амалдары арқылы аталған фактілер тексеріліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу» 201-бабына сәйкес бұдан өзге ақпараттар жария етілмейді.
Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 10-11 күндері Астанаға келіп, әділдік талап етіп, наразылық ереуілін ұйымдастырғандар осы компанияның жұмысшылары болатын. «Өзенмұнайгаз» компаниясының мердігерлері арасындағы ауыс-түйістен шыққан шу кейін Парламент мінберлерінде де өткір көтерілді. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысының атына сауал жолдап, Маңғыстаудағы мұнайшылардың жұмыссыздығы мен еңбек дауларына қатысты Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» компаниясы және жергілікті атқарушы биліктің жүйелі жұмыс атқармағанын сынға алған еді.