Дала гүлінің түп-төркіні – Тұран топырағы
Сакура гүлі десе – Жапония, үйеңкі жапырағы десе – Канада, пальма ағашы десе араб елдері еріксіз ойға оралады. Ал бүгінде гүл мен Голландия егіз ұғымға айналды. Алайда сол Голландия жеріне жеткен қызғалдақ гүлінің түп-төркіні Тұран топырағы екені, оның алғаш пайда болған жері қазіргі Қазақстан аумағы екені ғылымда нақтыланған. Қазақстан – қызғалдақтың отаны, Қазақстан гүлстан десе де артық айтқандық емес. Алайда біз барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп болғанша, кейбір пысықтау жұрт біраз асылымызды жан-жақтан жырымдап, жұлмалап жүргені де жасырын емес. Мәселен, тарихи тұжырымдарда қызғалдақ гүлі қазақ жерінен «Ұлы Жібек жолы» арқылы Ираннан Түркияға жетіп, одан әрі Голландияға барғаны айтылады. Осылайша голландықтар «қызғалдақ елі» болып шыға келді. Онда қызғалдақтың қымбат болғаны сонша, үш түп қызғалдақтың құнына Амстердамның орталығынан бір зәулім үй сатып алуға болады екен. Қазір мұндай болмаса да қызғалдақ гүлі құнын әлі жоғалтқан жоқ. Ал енді мына бір салыстыруға қараңыз, Нидерланд қызғалдақтары күтіммен өссе, біздің қызғалдақтар табиғи. Қайсысы құнды екені түсінікті. Алайда біз сол қолда бар алтының қадірін біліп жүрміз бе? Енді соны тармақтап, тарқатып көрейік.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Бағлан Махамедованың айтуынша, дала қызғалдақтары еліміздің көп жерінде кездеседі.
– Қызғалдақ – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қызғалдақ гүлінің сұрпы мен түріне қарай гүлдеу мерзімдері де әртүрлі. Көбінесе наурыз-мамыр айларында гүл ашады. Барлық түрі 20-25 күн аралығында гүл жарып тұрады. Қызғалдақтың түсі ақтан қараға дейінгі аралықта алуан түрлі болып келеді. Көп жағдайда әр сабағында бір тал ғана гүл жарады. Бұл дала гүлін зерттеу жұмыстары ХVІІІ ғасырдың соңында басталған. Академик Питер Симон Паллас жетекшілік еткен экспедиция 1771 жылы Солтүстік Қазақстан аймағында алғаш рет қызғалдақты зерттеп, баспа бетінде жариялады. Қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерттеу ісі көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Мәселен, кейбір зерттеушілердің бірнеше жылға созылған экспедициялары мен саяхаттары өте қиын жағдайда аяқталған. Олардың және өзге де ғалымдардың есімі Алматы, Санкт-Петербург және Батыс-Еуропа елдеріндегі ірі академиялық коллекцияларда, гербарийлік жапырақтар этикеткасында сақталған. Лемон, Шренк, Борщов қызғалдақтары ғылыми ортаға жақсы таныс. Алматы қаласындағы Ботаника институтында Қазақстан аймағынан А.Шреж, Г.Карелин, И.Кирилов 1840-1842 жылдары жинаған қызғалдақтардың ең ескі гербарийлік жапырақтары сақталған, дейді агробиология саласының сарапшысы.
Ал ғалым Анна Иващенко «Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өсімдіктер» деген еңбегінде қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін жазады. «Қазақ халқы ежелден бері дала гүлі – қызғалдақты ерекше құрметтейді, оның көркіне қызығып қана қоймай, шипалы қасиеті бар өсімдік ретінде, әсіресе оңтүстік өңірінде көптеп қолданған», депті ғалым.
Насихаты нашар
Қызғалдақ гүлі ықылымнан ақындарды да, ғалымдарды да, патшаларды да таңғалдырып, толғандырып, өзіне ынтықтырып келеді. Содан да болар, Шығыстың шайыры Ғафиз қызғалдақтың қыздай нәзіктігіне, сиқырлы сұлулығына қарап, тіпті раушан (роза) гүлі де оған тең келмейді деп жырлайды. Деректерге сүйенсек, Орталық Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда қызғалдақ суреттері салынғаны анықталған. Мысалы, Айша бибі және Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің кірпіштерінде кездесетін өрнектер соның нақты айғағы іспетті. Көшпенділерде қызғалдақ бейбітшілік, тыныштық пен жаңаруды білдіреді екен. Ал құлпытастарда салынған қызғалдақ бейнесі өмірдің өтпелі екенін бейнелейтінін айтады білетіндер. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп ұшырасып жатады. Бұл – тарихи іздер. Ал қазір ше, қазақ қызғалдағының қоғамда қаншалықты беделі бар? Бір ғана мысал, француз жазушысы Оливье Блейстің «Қызғалдақ саудагері» шығармасы кезінде Голландияның атағын жаһанға жайды. Шіркін, бізден осындай бір әдеби мұра табыла ма? Қиындау... Әйтеуір дәтке қуат, елімізде жыл сайын қызғалдақ фестивальдері өткізіліп тұрады. Мұндай гүл мерекелері қызығушыларға қызғалдақ туралы деректермен танысуға, олардың сұлулығын тамашалауға таптырмас орай. Бұл бір жағынан экотрузимнің бірден-бір көзі болып отыр. Осы ретте Қазақстан қызғалдақтары мен сарғалдақтарының әлі де болса насихаты нашарлау түсіп жатқаны көзге ұрып-ақ тұр.
«Қызыл кітаптағы» қызғалдақ
Флористердің зерттеулеріне сүйенсек, елімізде қызғалдақтың 64 жабайы түрі бар екен. Әзірге 34-і зерттеліпті. Ал оның 11-і – эндемек. Яғни бұл елімізде ғана кездесетін түрі. Кейбірі сиреп бара жатқан қызғалдақтардың қатарына жатады. Қазір соның 18 түрі «Қызыл кітапқа» енген. Табиғатқа зиян, ал мемлекетке залал келтірмес үшін мұндай қызғалдақтың түрлерін біле жүрген де артық болмас.
Қызыл кітаптың дерегінше, Грейг қызғалдағы – шоғы қып-қызыл, ал сабағы қоңыршаң келген. Бұл қызғалдақты алғаш Ресей бау-бақша қауымдастығының директоры Самуил Грейг Қаратау етегінен тауыпты. Қызғалдақтың аты да сол кісінің есімімен аталған. Бұл қызғалдақ ғылымда ХІХ ғасырдан белгілі болған. Селекцияда жиі қолданылады. Голландияға тараған 200-ге тарта элиталы қызғалдақтың сорты да дәл осы қызғалдақтан алынған көрінеді. Қазір бүкіл Еуропаға тарап, ботаникалық бау-бақшаның көркіне айналып отырған да – осы қызғалдақтың тұқымы. Жапырағы жалпақ таспа тәрізді, кейде жиегі иректеліп келеді. Гүлі дара, қызыл, қызғылт сары түсті, көктемде гүлдейді. Бірақ бұл қызғалдақтың жабайы түрін табу өте қиын. Түркістан облысы мен оңтүстік өңірде, дәлірек, Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорығында, Берқара бауында кездеседі.
Тағы бір ерекше гүл – Борщов қызғалдағы. Орыс ботанигі Илья Борщов тапқан, атауы оның құрметіне қойылған гүл. Қазір бұл қызғалдақ Байқоңыр аймағының рәмізі саналады. Бұл кейде Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөлдерде, Қызылқұмда кездеседі. Қу даладан құлпырған қызғалдақ көрудің өзі бір қызық құбылыс секілді. Сондықтан шөлейт далада, құмды жерде өсетін қызғалдақтар көктемде көзге оттай басылады деседі.
Ал Биберштейн қызғалдағы басқа қызғалдақтарға қарағанда біршама кең тараған. Қап тауы мен Қырым, Румыния жерлерінде де кездеседі. Қызығы – бұл кез келген жерде өсе береді, күй талғамайды. Ұзындығы – 15-30 см. Сәуір айында гүлдеп, шілде айында жеміс береді.
Шренк қызғалдағы да – ең танымал гүлдердің бірі. Бұл гүл еліміздің солтүстік аймақтарында өседі. Суық қыс пен ыстық жазды жақсы көреді. Гүлі ірі, ақ, қызыл не сары түсті. Мамырда гүлдейді, маусымда жемісі пісіп жетіледі. Бұл қызғалдақ та Грейг қызғалдағы сынды қазіргі голланд қызғалдақтарының түп атасы саналады. Бұл баданамен емес, гүлі дәнімен көбейеді. Ботаниктердің айтуынша, мұндай қызғалдақты жұлып алса, оның қайтып өсіп шығуына кемі 10 жыл уақыт кетеді.
Кауфман қызғалдағы – Қаратау, Талас Алатауы мен Өгем жотасында тараған қызғалдақ түрі. Жапырағының саны 2-3-тен аспайды, ұзынша немесе эллипс сияқты. Гүлі қызыл және күлгін түсті. Наурыздың аяғы мен сәуірде гүлдейтін сәндік өсімдік. Селекцияға көп пайдаланады. Зерттеушілердің дерегінше, бұл гүлдің қазір әлемде 200-ден аса сұрпы бар.
Тағы осы секілді екігүлді қызғалдақ, біргүлді қызғалдақ, зинаида қызғалдағы, көк қызғалдақ, қысқааталық қызғалдақ, кеш гүлдейтін қызғалдақ, Альберт қызғалдағы, Колпаковский қызғалдағы, Корольков қызғалдағы, Леманновский қызғалдағы, Островский қызғалдағы, Регель қызғалдағы, қатарлы 18 қызғалдақ «Қызыл кітапқа» еніпті.
Қоғам және құқық
Өсімдіктер әлемі өркениетпен итжығыс өмір кешіп келеді. Өсімдіктерсіз өркениет те жоқ екенін ерте түсінген елдер қоршаған ортаны қорғауға өте ықтият қарайтынын байқаймыз да, өзіміздегі жағдайға қарап, еріксіз қынжыламыз. Талай елдің талайына бұйырмаған табиғи байлықты бағалай алмай отырғанымыз өтірік емес. Оның көрінісі көктем шыға жайқалып өскен қызғалдақтар мен сарғалдақтарды жұлып, оның фотосуретін әлеуметтік желіге жарыса жариялаудан басталады. Бақсақ, ол адамдар бұл гүлдердің «Қызыл кітапқа» енгенін, ол мемлекеттің ерекше қорғауындағы өсімдіктер екенін, оны жұлған жағдайда заңмен айыпталатынынан әлі де бейхабар екені аңғарылады. Әйтпесе ақыл-есінде ақауы жоқ адам жасаған қылмысын қалай жалпақ жұртқа жар салады? Егер қасақана табиғатқа зиян тигізсе, Батыс елдерінің тілімен айтқанда бұл экотерроризм болып саналады.
Ботаниктердің айтуынша, қызғалдақ – өте нәзік гүл. Өсуі мен тарауы, жеміс беруі мен тұқым тастауына ұзақ уақыт кетеді. Қызғалдақ гүл тұқымдастары сияқты баданамен көбеймейді. Көбінде дән мен тұқым арқылы тарайды. Ал дән жерді жарып өсіп шыққанша 4 жылдан 7 жылға дейін уақыт кетеді екен. Сондықтан өсіп келе жатқан қызғалдақты жұламын деп, тамырын мүлде құртып жіберуіміз кәдік. Сөйтіп, сұлулықтың жұртын сипап қалуымыз әбден мүмкін екен. Әзірге қорғансыздың күйін кешіп тұрған нәзік жаратылысты сақтауға деген экомәдениет қалыптаспай жатқан секілді. Ендеше, оны қорғау үшін амалсыз заңға иек артатынымыз анық.
Осыған байланысты Түркістан облысындағы қазіргі қызғалдақ маусымының ахуалын біліп көрген едік. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің айтуынша, гүл жұлғандардың қатары биыл да байқалған, сол үшін оның алдын алу шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері полицейлермен бірлесіп, оңтүстік өңірде өскен Грейг қызғалдақтарын қызықтауға келген азаматтарға тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал қызғалдақ жұлғандарды қандай «сый» күтіп тұрғанын заңгер Думан Көпбаевтан білдік. Оның айтуынша, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктерге зиян келтірген азаматтар жауапкершілікке тартылады. Қазақстан құқықтық кодексінің 339-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Аса сирек кездесетін жануарға зиян тигізу, табиғатқа залал келтіру 3 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына тартылуға апарып соғады. Табиғатқа қарсы жасалған қастандықтың түрі мен келтірген зиянына байланысты 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да тағайындалуы мүмкін.
«Кез келген адам қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, Қылмыстық кодекстің 339-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерді бекіту туралы Үкіметтің 2007 жылғы 31 мамырдағы №441 қаулысының 3 бөлігіне сәйкес айыппұл төлейді», деп нақтылап ескертті заңгер.
Өткен аптада дәл осындай жазаға ілігіп, қылмыстық іздеу салынған азаматтар жайлы ақпараттар тарады. Мұның соңы не болары әлі белгісіз, алайда 2021 жылы Түркістан облысында қызғалдақ жұлған бір ер азамат 9 млн теңге айыппұл арқалағаны ел есінде. Ал бұл айыппұл қазіргі мөлшермен есептегенде, 3 мың АЕК дегеніңіз 10 млн 350 мың теңге болады екен. Баяғыда бір қызғалдақ жұлған адамның басын шабатын жаза тағайындаған көрінеді Османылының патшасы. Бұл жазалардың қай-қайсы да гуманистік түсінікке томпақ келетіні әләзір үкім екені рас. Ендеше оның оңтайлы жолын бір білсе, осы кісі білер деп, қызғалдақ гүлдерін фотосуретке түсіріп, оны қорғауды насихаттап жүретін табиғат жанашыры, экобелсенді Қайрат Кәрібаевтан сұрап көрдік. Оның айтуынша, жазаны күшейтпей-ақ, экологиялық сана қалыптастыратын үгіт жұмысын үдетсе, мұның түк те қиындығы жоқ көрінеді.
– Қазір қызғалдақ өсетін кейбір алқаптарды шаруашылықтарға беріп жіберген. Ол жерді жыртып, әртүрлі дәнді-дақыл егеді. Бұл – бір. Екіншіден, гүл жұлғандар «оны мал да жеп жатыр ғой» деген қарсы уәж айтады, алайда қызғалдақты ешқандай мал жемейді. Бірақ қызғалдақтар мал аяғымен тапталып жатыр. Тіпті бұл да – проблеманың басы емес. Ең қиыны «екіаяқтылар» болып тұр. Халқымыздың экологиялық түсінігінің төмендігі қиындық туғызып отыр. Қазір базарда да қызғалдақтар толып тұр. Соны алсын да иіскей берсін. Ештеңеге зияны жоқ өсімдікті адамдар не үшін жұлатынын түсіну қиын. Ол жұлғаннан кейін 15 минутта солып қалады. Бізде осыны халыққа дұрыс жеткізетін үгіт-насихат аз. Экологиялық сауатты балаларға жастайынан сіңіруіміз қажет. Қызғалдақты қорғау заңда бар болғанымен, оны жұрттың бәрі біле бермейді. Көп жағдайда адамдар оны білместікпен жұлады. Әйтпесе оған ешкімнің жауыздығы жоқ. Әйтсе де обалы не керек, кейінгі үш-төрт жылда бұл біршама реттеліп келеді. Қызғалдақ гүлі өсетін алқаптардың маңына, әсіресе жолдың жиектеріне ескерту тақтайшалар іліну керек. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмысымен бірге, тәртіп сақшылары бақылап тұрса, одан нәтиже шығар еді, дейді Қ.Кәрібаев.
Әр өсімдік тек сұлулық үшін емес, адамзаттың тағдырымен тамырлас екені халық санасына берік орнамай, «Қызғалдақ – Қазақстан көркі» деген ұран жеткіліксіз тәрізді...