Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әуелі есігінің алдына барып, үйіне кіруге ыңғайланғанда, Баймағамбет «Ей, сен кім едің?» деп менсінбей мұрынын шүйірген. Оның Исатайды айтқанда жыны құрысатынын біле тұра тайсалмай:
«...Бейбақ ем, ел еркесі, қоңыр қазы,
Байеке, танымасаң танытайын,
Мен едім Исатайдың Шерниязы», – деп өзін таныстырады.
Әрі қарай екеуара сөз қағысу, арбасуы басталып кетеді. Сөз реті келгенде:
«Ар жақта Арынғазы дүмбірлеген,
Байеке, елің бар ма бүлдірмеген...
...Кешегі Исатайдай асыл ерді,
Кәпірге ұстап бердің тіл білмеген.
Қазақтың қара жұртын
быт-шыт қылған,
Төре емессің,
төбетсің дым білмеген...»
– деп қаймықпай турасын айтуын ержүректік демеске болар ма, сірә?!
Әділдік жолында шындықты бетке айтқан ақын, шешен Шернияз Жарылғасұлының өмірдерегі мен шығармалары жөнінде ғалымдар Қажым Жұмалиев пен Қабиболла Сыдиықұлының зерттеу еңбектерінде бірқыдыру көрініс тапқан. Ақын Ілияс Жансүгіровтің селбеуімен бірен-саран өлеңдері Ташкентте, Мәскеуде шыққан кітаптарда басылған. Әр кезеңде орта мектептердің хрестоматияларында, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары», «Бес ғасыр жырлайды», «Айтыс» тәрізді жинақтарда жарияланғандығы болмаса, жеке жинақтары жарық көрген емес.
Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатымен әдебиет зерттеушісі, жазушы Берқайыр Аманшин ақын Шернияз Жарылғасұлының соңында қалған әдеби мұрасын түгендемекші болып, оның туған жері Ақтөбе облысының Ойыл өңірін аралап, тың деректер іздестірді. Ел ішіндегі білетіндерден там-тұмдап өлең-жырларын, сөз қағысуларын, ұтқыр ой-пікірлерін қойын дәптеріне түсірді. Бірақ сол аймақтан Шернияз Жарылғасұлының өмірден өткен жерін, жамбасы жерге тиген бейітін таба алмады. Келесі кезекте жазда көшіп-қонатын, қыс қыстайтын атыраптарын аралау қалады. Кете руының бір бөлегі, оның ішінде Шернияздың отбасы да бар ауылдың шаруа баққандары Елек, Қобда, Ойыл алқаптары мен Каспий теңізіне дейінгі аралықты тел жайлаған көрінеді. Оны ақын «Бір қақпайларының» бірінде, яғни жол жүріп келе жатқанында сұрақ қойғыштап, қондырғысы келмеген үй иесіне берген жауабында: «Жаз жайлауым сұрасаң, Тайсойған, Бүйрек арасы. Қыс қыстауымды сұрасаң, Жем, Сағыздың саласы, Жер шамасын сұрасаң, Ара қонып келеді, Жүк салған жолмен қалашы...», деп толғайды.
Бұл айтылғандардың бәрі – Атырау облысының теріскейіндегі жер, су атаулары. Табын қызбен айтысында тағы да: «... Сұрасаң қыс қыстауым мен айтайын, Атырау біз қыстаймыз кең түбекті» дейтіні бар. Соған қарағанда, өзі туған аймақтан гөрі мал-жанға қоныс таңдап, Атырау атырабын көбірек мекен еткен сыңайлы. Сәті түсіп, Ақтөбе өңірімен іргелес Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылына барып сұрастырғанында Берқайыр Сәлімұлының іздегені аяқ астында табыла кетеді. Түскен үйінің дәм-тұзын татып отырып, бұл жолғы жүрісінің жай-жосығын айтқанында, дастарқандастарының бірі, сол кездегі «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының жұмысшысы, елу бес жастағы Рақым Нұрсұлтанов былай дейді:
– Осы маңда «Шернияздың ағы» деген жер бар. Оны маған бұдан жиырма бес-отыз жылдай бұрын әскери қалашық Үшобадан келе жатқанымызда кеңшар кассирі Мырзағали Дәулетбаев көрсетіп еді. Аттан түсіп, аят оқып: «Бұл жатқан Кете Шернияз деген кісі. Осы ара «Шернияздың ағы» деп аталады» деп айтқаны бар. Ұмытпасам басында құлпытас бар тәрізді.
Бұл әңгімені естіген Берқайыр Сәлімұлы ертеңінде-ақ, яғни 1977 жылғы тамыздың 23-і күні қасына Рақыммен бірге кеңшарда іссапарда жүрген Қызылқоға аудандық партия комитетінің хатшысы Мыңбай Жарылқағанов, кеңшардың парторгі Айтжан Тұнғатаровты ертіп, әуелі Қарақұдық жайлауында мал қамымен отырған Мырзағали қартқа соғады. Оны да өз тобына қосып алып, Кемеркөлдің жағасындағы қыратқа бет бұрады. Мырзағали ақсақал Берқайырға бірден:
– Іздегенді таптым дей бер. Сол Шернияз ол, – деп қуанышты кейіпте қалбалақ қағады.
Айтқандай, айналасы аппақ бор құлпытасқа келіп, жазуларын оқығанында Берағаң қатты қуанады. Таудың берік тасына қашалып жазылған жазулар мүжілмей, жақсы сақталған. Оның екі бетінде сегіз жолдан тұратын: бір жағында «Кита ру ғы айдар таифеси малай бөлімі Шернияз Жарылғас оғлы офат 60 иашында», ал екінші жағында «1867 иылде бұ та шне ал қойғ... асқар әле мыр... ...асид ай... 3...» деген ескі арабша жазулар оқылады. Қайтқан жылы ап-айқын көрініп тұр, 1867 жыл, айы, күні де бар: асид дегені шілде айы, одан кейін 3 саны да жазылған. Демек, өмірден өткен кезі – 1867 жылғы шілденің 3-і. Құлпытастағы жазылған деректер Шернияз Жарылғасұлының аты-жөнін, ру жігін бас бұрғызбай айқындап беріп тұр. Тас қойғандардың бірінің есімі Асқар, екіншісінікі Мыр...-дан басталады. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, негізінен ақ борды ертеден келе жатқан дәстүр бойынша атақты тұлға жерленген жерді оңай табу үшін, адастырмас белгі ретінде әдейіліп, жерге сіңіріп төгетін болған. Сондықтан сол арадағы қауымды жергілікті халық «Шернияздың ағы» деп атап кеткен. Шернияздың өзі жырына қосқан, жаз жайлап, қыс қыстаған Тайсойған, Бүйрек пен Жем, Сағыз алқаптарының бір шеті осы ара.
Сөйтіп, Шернияз Жарылғасұлының ғұмырдеректерінде бұрын айтылып жүрген оның 1817 жылы туып, 1881 жылы өлгені туралы мағлұмат түбірімен өзгертіліп, дұрысы өз орнына келтіріледі. Осылайша, қазақтың белгілі ақын-жазушысы, әдебиет зерттеушісі Берқайыр Аманшиннің табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында тағы бір тарихи дерек бұрмалаудан құтқарылып, басыбүтін нақтыланады. Демек Шернияз Жарылғасұлына мал-жайының қамымен көшіп-қонып жүрген шағында Қызылқоға өңіріндегі сулы, нулы Кемеркөлдің жағасындағы қыраттың басынан о дүниелік мекені бұйырыпты.
Берқайыр Сәлімұлы ақын Қуандық Шаңғытбаев, жазушы Сәтімжан Санбаев және басқа да азаматтармен бірге Қызылқоға ауданында болған сапарында Шернияз Жарылғасұлының бейітін тапқанын қуана баян етіп, құлпытасына мал сүйкеніп, құлатпауына қамқор болуды мұқияттап тапсырған еді. Кейін Мұқырға жол түскенде осы өтініштің қалай орындалғанын білу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас мал дәрігері, атақты домбырашы Ғатау Ібішев, облыстық ғылыми-зерттеу стансасының директоры, ғалым Самиғолла Хамиев, облыстық мал тұқымын асылдандыру стансасының директоры Аманғали Қалмағамбетов, «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой зауытының директоры Нұрмұқанбет Абдуллин, зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынғали Айтуғанов, зауыттың бас мал дәрігері Базар Жұбановтармен бірге ақынның жерленген жері «Шернияздың ағы» аталған қыраттағы қауымға барып, тәу еттік. Шынында да, алыстан төбенің басында ағарып көрініп жатады.
Ақын-жазушы, зерттеуші Берқайыр Аманшин 1984 жылы 18 мамырда 60 жылдығын атап өту үшін Қызылқоға ауданының орталығы – Миялыға келді. Сол сапарында бізге:
– «Гурьев» қой зауытының басшыларына Шернияз ақынның құлпытасын мал сүйкеніп құлатып, жойып жібермесін, темір қоршау салып қойыңдар деп өтініп едім. Өтінішім орындалды ма екен, барып көріп қайтқайсыңдар, – деген еді. Іссапармен басымыз Мұқырда тоғысқан бір топ азаматты ертіп, «Шернияздың ағы» аталған жерге бардық. Бейіт темір шарбақпен қоршалыпты. Бір өкініштісі, құлпытас шарбақтың сыртында қалып қойған.
– Мынау дұрыс болмаған екен. Берағаң құлпытастағы жазу өшіп кетеді деп шыр-пыр болып, алаңдап жүр ғой, – дедік шаруашылық басшысы Нұрмұқанбет Абдуллинге.
– Біз бейітті қоршаңдар деп түсіндік қой, – деп өкінішін білдірді ол.
– Дұрыстауға әбден болады, құлпытасты қосымша қоршау керек, – деп ақкөңіл Аманғали Қалмағамбетов әдеттегісіндей жұрттың алдын орай сөйлеп, пікірін білдірді.
Орынғали Айтуғанов пен Базар Жұбанов бас изей құптап, шаруашылық басшысына көз қырын тастады. Кейін сәті түсіп, бәрі орнына келді. Шернияз ақынның туғанына 200 жыл толуы Атырау облысында аталып өтілген кезде қабірдің үстіне ақ ұлу тастан жоғары бөлігі күмбезді кесене тұрғызылды. Тікбұрышты төрт қабырғада үш бұрышты кеңістік қалдырылған. Қабырғалар қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендіріліп, домбыра мен қалқан бейнеленген кесененің сәулетшісі Заңғар Медетбек, ал құрылысын жүргізген Олжас Демесін деген шебер. Қазір кесене қыр басында менмұндалап көрініп тұрады.
Әрине, Шернияз ақын мұндай құрметке әбден лайық сөз зергері болатын. Оның «Баймағамбет сұлтанға айтқанынан» басқа да өлең-жырлары мен айтыстары, толғаулары мен термелері аз болмаған. Заманнан заман озғанда едәуір бөлігі із-түзсіз жоғалып, бірсыпырасы ғана бүгінге жеткен. Қаһарымен қара аспанды жерге төндірген Баймағамбет сұлтанға жырмен өрнектеп, тайсалмай жауап қатуының бір емес, үш түрлі нұсқасы бар. Олар – Алыш ақын, Омарбек, Мәшһүр-Жүсіп жинаған нұсқалар. Бәрінің де ара-тұра өзгешеліктері болмаса негізгі ұзын-ырғасы бір. Ең көп тарағаны, бас-аяғы бүтіндігі, тұтастығы жағынан орамдысы Алыш ақынның жинақтап қалдырған нұсқасы делініп жүр. Қолында қылышы бас кесуге әзір отырған сұлтанмен шекісі, іліп-қағысы ақынның сірә, қайсар мінезділігінен хабар берсе керек. Тіпті Баймағамбеттің «Мені мақта», «Мені жамандашы», «Қызымды мақта», «Ханымды жаманда» деген өктем бұйрықтарына қайтарған жауаптарының қай-қайсысында да кекесін, мысқылдау қылаң береді. Мақтап отырып та мақтамен бауыздайды.
Мына бір «...Сіз – сұңқар, қара қарға – қалың қазақ, Болып тұр өле-өлгенше сіздің жемің...» деуі әжуалаудың нақ өзі ғой. Ондай-мұндай қағытпа, шымшыма сұлтанмен тәжікелесудің басқы жағында да, орта тұсында да, аяқ шенінде де өріп жүр. Қас жауының алдында «Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас», «Сағынам ауызға алсам Исатайды», «Исатай ел еркесі, ел серкесі» деп батырды тайсалмай дәріптеуі көзсіз ерлік емей, немене?
Шежіре болып туып, талай жерде қызыл тілмен өзіне жол ашқан Шернияздың толғаулары мен термелерінде сан құбылған тіршіліктің қалтарыстары мен арпалыстары, түйткілдері мен қитұрқылары ашылып көрсетіледі. Келер күндерге сабақ болар бағдар да аз кездеспейді. Асып-тасыған, астамшылығы, мекерлігі мол Байшеркеш болыстың алдында сөйлегенде де:
«...Парқын неге білмейсің,
Харам менен халалдың.?!
Нашарды мұнша жылатып,
Алдына келсе қайтесің,
Әлпештеген балаңның?» – деп ащы шындықты жайып салғанда, болыс шіркін дағдарып қалады. «Толға десең толғайын», «Сөйлеймін сөзді термелеп» деген термелері замана үнін береді, елді бірлікке, тірлікке, ерді ерлікке үгіттейді.
«...Бәрімізге ай ортақ,
Қайырлы болса бай ортақ.
Жақсы болса би ортақ,
Көп жасаған көне ортақ.
Жаман адам не керек,
Жақсының елге бәрі ортақ...»
– дегені кім-кімге де ой саларлық, тауып айтылған айшықты пікір?
«Ай, Қазы би, Қазы би», «Тостағанды қолға алып», «Ай, жігіттер», «Сөз сөйлеймін бөлмелеп», «Көл қылып құйдым талай судай ағын» секілді толғаулары мен термелерінде өмір шындығынан, оның көлеңкелі тұстарынан сыр толғайды, салиқалы тұжырымдарға тоқталады. Ал Исатай мен Науша батыр туралы жырында тарихи жайтты өзінше тәсілмен бүкпесіз тербейді. Ақынның Табын қызбен айтысы іліп-шалмаға толы, әзіл-қалжыңы да жетерлік, тапқырлықтың үлгісі боларлық шешендікпен шендес сайыс. Табын Марабай Құлбайұлымен сөз қағысуы ұшқыр ойлылығын көрсетеді.
Академик Қажым Жұмалиев 1958 жылы Алматыдағы «Қазмемкөркемәдеббас» баспасынан жарық көрген «Қазақ эпосы және әдебиет тарихы мәселелері» атты кітабына енген Шернияз туралы зерттеу еңбегінде Медебай деген ақынның «неме» сөзін қолданамын деп мүкі кетіп, жеңілгенін жазады. Бірақ Медебай да, Марабай да бір кісі сияқты. Екеуі де Шерниязға «неме» деген сөзден ұсталып, сүрінеді. Ұқсас. Сірә, қағазға түсу, баспадан шығару барысының бірінде кеткен қателік болар деп топшыладық. Себебі қолда Медебайдан қалған айтыс мәтіні жоқ. Бәлкім, Медебай дегені Марабайдың жергілікті ел-жұрт арасындағы екінші жанама есімі болып жүрмесін? Кім біледі? Басқа мағлұмат қолға ілікпеді.
Сөз жоқ, Шернияз Жарылғасұлы – өз заманының өткір тілді, озық ойлы айтулы ақындарының бірі. Оған шүбә жоқ. Кіші жүздегі Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісіне қатынасқан делінеді. Оны әмбебап ғалым Халел Досмұхамедұлы өзінің «Шернияз кім» деген мақаласында «Шернияздың Исатайдың жорығында болуы шексіз» (Таңдамалы. Алматы, «Ана тілі», 1998, 104-бет) деп жазады. Бірақ осы мақаланың әрі қарайғы жалғасында: «Исатай өліп, қозғалыс басылған соң Исатайға ергендер үкіметтің кәріне тап болған. Көп адам жазаланған, қуылған-сүрілген. Шернияз жазадан құтылу үшін тілін безеп, Баймағамбет сұлтанға жағып, аман қалған. Шернияз амалсыздан Баймағамбеттің «сұрқылтайы» болған. Сұрқылтайдың жұмысы белгілі ғой» деп оны басқа бір қырынан көрсетеді. Бұл айтылғанды академик Қажым Жұмалиев те «Шернияз Жарылғасұлы» атты («Қазақ эпосы және әдебиет тарихы мәселелері», І том, Алматы, «Қазмемкөркемәдеббас», 1958.) талдау мақаласында, сондай-ақ, жазушы Мереке Құлкенов пен архив мұраларын насихаттаушы Зияда Ижановтар да «Махамбет энциклопедиясына» енгізген өздерінің мақаласында (20-кітап, Алматы, «Өлке», 2004, 417-419-беттер) Шернияздың төкпе ақын екендігін, оған шек келтірмейтіндіктерін айта отырып, көлеңкелі жақтарын да жариядан тыс қалдырмайды. Осыған орай айтылған ащы шындық пен тиянақты тұжырымдар да бар.
Енді бір деректе (бұл да Қ.Жұмалиев мақаласында) Махамбетті ұстауға шыққан топ құрамында болып, Махамбеттің іздеп келе жатқан отрядқа қарсы шыққанында оны алыстан танып, әнмен қауіпті білдіріп, ол жолы ұсталудан құтқаратыны келтіріледі. Әрине, дәурені озып, қара бойында дамбалдан басқа түгі жоқ, қу кедейдің күнін кешіп, сұлтанның алдына келген кезеңі болса да (бұл «Баймағамбет сұлтанға айтқанында» бар) Шернияздың хан, сұлтанға жағынып, сыбайлас болғандығын ақтап, жақтауға болмайды. Оны былай қоя тұрып, тек шынайы шығармашылық өресіне жүгінгеніміз абзал деп есептеймін. Шернияздың биліктегілерді дәріптеп жыр шығарып, жәдігойсігенінің бөлек айтылған ең құрыса бірер шумағы ауызекі күйінде болса да бүгінге жеткенін естіп, білген емеспіз. Бұл да сірә, біраз нәрсені аңғартса керек дейміз.
Ендігі басты мәселе басқа. Шернияз ақынның шығармашылығы басы бүтін түгенделіп, бұқараға түгел жетті ме, зерттеліп, зерделенуі қай деңгейде? Мәселе осы сұрақтарға жауап табу болып тұр. Алайда қайтарылар жауаптың оңып тұрғаны шамалы. Амалсыз бас шайқатады. 2001 жылы «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен «Шернияз» атты жинақ шықты.
Десе де бұл әлі толыққанды, бас-аяғы түгенделген өлең-жырлары деуге келмейді. Өйткені Шернияз Жарылғасұлының шығармашылығы мен өмірдерегін зерттеп, тиянақтап жинақтаған жазушы Берқайыр Аманшин ақынның ата-бабаларынан бергі негізгі қонысы Ақтөбе облысындағы Ойыл өңірінде болып, Шернияз жөніндегі дәптерін жаңа деректермен толықтырғанын жазған еді. Өкінішке қарай, Берқайыр Сәлімұлы қағазға түсіргендерін баспа бетіне шығара алмай өмірден өтіп кетті. Демек жазушының қойын дәптерлерінің бірінде Шернияз ақынның жаңадан табылған әдеби мұралары болуға тиіс. Сол жазбалар кімнің қолында, үйінде ме, әлде архивке өткізілді ме?
Ақын Шернияз Жарылғасұлының есімі ел жадында мәңгілік орнығуға лайық. Ақынның туғанына екі ғасыр толуына орай өткізілген басқосуда Мұқыр ауылындағы спорт кешеніне оның атын беру туралы ұсыныс айтылған еді. Бірақ жергілікті тұрғындардың мектепке ақын есімін беру туралы өтініш-тілек ескерусіз қалып келеді. Қазір сол ауылда мәдениет үйін салу қолға алынды. Мұқырлықтар мәдениет ошағын Шернияз ақынның атымен атау мәселесі шешімін тапқанын қалайды.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Атырау облысы