Тұлға • 26 Сәуір, 2023

«Бір вагон жігітке тұратын азамат»

579 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Жақсыда жаттық жоқ», дейді халқымыз. Жақының болмаса да, жақсы ісімен жан-жүрегіңді баурап, жарқын бейнесі көз алдыңнан өшпейтін ардақты адамдар болады екен өмірде. Қызылжар өңірінде бірнеше жыл бірге қызмет атқарған Қуат Есімханов ағамыз сондай біртуар азамат еді.

«Бір вагон жігітке тұратын азамат»

...1999 жылы күзде Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қазақстан облы­сының әкімі болып тағайын­далды. Көп ұзамай, облыстық әкімдікке жер­гілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарының басшылары мен журна­лис­терін республикалық газеттер мен теле­арналардың меншікті тілші­ле­рін шақыртып, алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Сонда «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов өзіне тән турашыл мінезімен: «Бұрынғы облыс әкімі Павлодардан бір вагон ғып өз командасын әкеліп еді. Енді Сіз сырттан неше вагон кадр әкелесіз?» деп түйеден түскендей дүңк еткізді.

Қажымұрат Ыбырайұлы осы са­уал қойылатынын болжап, жауабын алдын ала әзірлеп қойса керек, іркілместен: «Мен сырттан бір вагон жігітке татитын бір-ақ азаматты әкелемін. Оны кейін білесіздер», деді.

Арада бірер ай өткен соң Қажы­мұрат Нағманов облыс активіне өзі­нің жаңа орынбасары етіп тағайында­ған Қуат Есімхановты таныстыр­ды. Тұлғасы да, сөзі де кесек азамат кө­рінді. Оған әуелі шағын және орта бизнесті, өңдеу өнеркәсібін дамыту, автомобиль жолдарын жөндеу және елді мекендерді көркейту мәселе­ле­рі тапсырылды. Сәл кейін әлеумет­тік мәселелерге жетекшілік жасау да қоса жүктелді.

Бұл өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдары ұжымшарлар мен кең­шарлар тарап, мал-мүліктері та­лан-таражға түсіп, жұмыссыз қал­ған та­лай ер-азамат екі қолына бір күрек таба ­алмай, үй маңындағы күй­бең тірлікпен айналысып, ал от­басыны асыраудың негізгі сал­мағы әйелдердің иығына түскен қиын кезең еді. Әйелдер жаздың ап­тап ыстығына, қыстың қақаған аязына қарамай ертелетіп жолға шығып, бала-шағаларынан артыл­ған май-қаймағын аудан мен облыс орталықтарына, тіпті пойызға отырып, көршілес Ресейдің өнді­рісті қалаларына апарып сатып, кейде ресейлік санэпидстанса қыз­меткерлері мен милиционерлер тарапынан қоқан-лоқы көріп, жылап-сықтап жүретін. Сондағы бар мақсаттары – сатқан азық-түлігінен түс­кен шамалы қаражатқа балалары­на киім-кешек, қант-кәмпит алу еді. Осыны ескерген облыс әкімі Қа­жымұрат Нағманов тұрғындардың өз­дерінен артылған басы артық өнім­дерін қолма-қол ақшаға сатып алып, өңдеу ісін ұйымдастыруды ұйғарды. Бұл игі бастаманы Қуат Есімхан­ұлы тікелей жүзеге асырды. Сөйтіп, облыс аудандарының бәрінде сүт өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып жинайтын кәсіпкерлер пайда болып, ауыл әйелдері күнкөріс қамымен базар жағалаған бұрынғы сергелдеңнен құтылды.

Қажымұрат Нағманов Қызылжар қазақтарына Петропавл қаласын­да қазақ драма театрын ашуға уәде берген еді. Оны іске асыруға да Қуат Есімханұлы белсене атсалысты. Сөй­­­тіп, 2000 жылы облыстық қазақ музыкалық драма театры бұрын­ғы Энергетиктердің мәдениет үйінің ғимаратында ашылып, оған Сәбит Мұқанов есімі берілді. Алматыдан арнайы шақыртылған, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген бір топ жас әртістің бәріне қызметтік тұрғын үй берілді.

Қара сөзге қамшы салдырмай, мақалдатып-мәтелдетіп сөйлегенде арқаланып кететін шешен Қуат ағамыз негізгі мамандығы құрылыс инженері болғанымен, өнерге өте жақын адам екен. Кеңшар директоры кезінде ауылдағы мәдениет пен өнерді дамытуға жасаған жана­шырлығы үшін 34 жасында «Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңір­ген мәдениет қызметкері» құр­метті атағын алғанын кейін естіп, қайран қалғанбыз.

Петропавл қаласында осыдан он бес жыл бұрын қалпына келтірілген Абылайдың ақ үйін көрген сайын да есімізге Қуат аға түседі. Себебі ол – осы тарихи маңызды істің басында тұрған азаматтардың бірі.

Әлі есімде, 2002 жылдың көкте­мінде облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханов өлкетанушы азамат­тарды, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын жинап, аңызға айналған Абылайдың ақ үйі­не арналған кеңес өткізді. Оған түрт­кі болған – белгілі журналист Жақ­сыбай Самрат. Бұл кезде «Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болды деген сөз – құр аңыз ғана...» деген пікір басым түсіп тұрған еді. Жергілікті өлкетанушылар сол пікірді қолдайтындықтарын білдірді. Бірақ Жақсыбай өз көзқарасынан танбай: «Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болғаны анық, тек ол туралы тарихи құжаттарды Ресей мұрағаттарына әдейілеп барып, іздестіру керек», деп қасқайып тұрып алды. Қуат Есім­ханұлы қорытынды сөзінде Жақ­сыбайды қолдап, оған: «Сен өз пікіріңде қалсаң, онда Мәскеу мен Санкт-Петербургтің мұрағаттарына іссапарға барып қайт. Сол жақтан бір дерек табылып қалар. Қасыңа облыстық мұрағаттың директорын қосып жіберейін. Жолақыларың­ды өзім тауып беремін», деді. Көп кешікпей Жақсыбайлар Ресейге сапар шекті. Осылайша, Абылайдың ақ үйіне қатысты ресми құжаттарды іздестіру жұмысы басталды. Кейін оған Қуат Есімханұлының өзі араласып, Ресейдегі Қазақстан елшілігі­­нің жауапты қызметкерлерінің кө­ме­гімен Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің жертөлесіне тас­талған мұрағатты қарауға мүмкіндік алады. Оның ішінен II Екатерина патшайымның Абылай ханға Ақ орда салып беру туралы 1755-1756 жылдары шығарған жарлықтарын, сызбалық бас жобаны, құрылысқа қажетті қаржының көлемі жазылған құжаттарды тауып, көшірмелерін алып, елге әкеліп, сол кездегі Мем­ле­­кеттік хатшы Иманғали Тасмағам­бетовтің көмекшісіне тапсырады. Нәти­жесінде, Петропавлдағы Абы­лайдың ақ үйін қалпына келтіру «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасына енгізіледі.

Қуат аға облыс әкімінің орынба­сары кезінде Петропавлда Ғабит Мү­сіреповке ескерткіш орна­ту­ға, Жамбыл ауданындағы Қожа­берген жыраудың зиратын көте­ру­ге, Есеней би мен Ғабеңнің ата­сы Мүсірептің қабірлері басы­на белгітастар қоюға ұйытқы болды. Ресейдің Омбы қаласына әде­йі­леп барып, ондағы Мағжан Жұмабаев оқыған педагогикалық училищенің қабырғасына ұлы ақынға арнап мемориалдық тақта қоюға бастамашылық етті. Осы қалада ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов ескерткішін орнатуға да аянбай атсалысты.

Қуат Есімханұлы – қазақ тілінің нағыз жанашыры еді. Аудандарды аралаған сапарларында әртүрлі ұйымдардың маңдайшаларындағы мемлекеттік тілде жазылған атауларынан қате көрсе-ақ, қабағы қарс түйіліп, дереу түзеткізетінін жұрт әлі күнге ризашылықпен әңгіме қы­лып отырады. Облыстың барлық мекемесінде апта сайын бір күн – Қазақ тілі күні болып белгіленіп, сол күні жұрттың бәрі мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысатын жаңа дәстүр пайда болған еді...       

Қуат аға өз шешесін де, әжесін де «аналарым» деп атайтын. Бала кезінде жетімдік көріп өссе де еш­қашан сыр бермеуге тырысып, намысы мен жігерін шар болаттай шыңдап өскен қайсар азамат өз бойына небір асыл қасиеттерді ақ сүтімен дарытқан қос анасын жиі есіне алып, аруақтарына тағзым етіп отырушы еді. Сонысын білген соң бірде оған өтініш айтып, өз аналарына деген перзенттік сүйіспеншілігі мен сағынышына толы, тебіреністі әңгімесін бейнекамераға жазып алып, телеэфирге шығардық. Сол шағын хабарды аналар туралы ақ өлең десе де болады. Көріп, тыңдап отырып, «Қазақтың бар асыл қасиетін бойларына жиған киелі аналарының тәрбиесін көрген ұл ғана осындай текті азамат болып өсетін болар» деген ой түйгенбіз.

Облысқа Тайыр Мансұров әкім болып тағайындалғаннан кейін шамалы уақыт өткенде Қуат аға әкім­дікке бір шаруаммен келген мені көріп, кабинетіне шақырды. «Ке­туге бел будым. Айғайласпай, жұл­қыспай, абыроймен кетуді жөн көр­дім», деді. Бұл мінезі бірбеткей, ұстанымы берік, ешкімнің алдында еңкейіп, иіліп-бүгілмейтін өр тұл­ғалы азаматтың түпкілікті шешімі еді. Келесі күні қызметтес жолдастар жиналып, «бір вагон жігітке тұратын азаматқа» ризашылық лебізімізді білдіріп, қимай қоштасып, Астанаға шығарып салдық.

Елордада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындарын басқарған Қуат ағамыз қолы тигенде меценаттықпен айналысып, Түркістан қаласында – Мағжан Жұмабаевқа, Павлодар қаласында – Майра Уәлиқызына, Алматы облысының Малайсары ауы­лында – Малайсары батырға, Пав­лодар облысының Құркөл ауылында – Сәбит Дөнентаевқа, Астана қаласының №52 мектебінің ауласында Баян батырға, Ақмола облысында – Қанай биге ескерткіштер орнатуға, басқа да игі істерге ұйытқы бол­ғанын естіп, сыртынан сүйініп жүр­дік. Әсіресе Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аянның Көкшетау қаласындағы қа­бірін іздеп тауып, басына белгітас қой­ғызғаны Қуат Есімханұлы сынды иман­ды да парасатты азаматтың ғана қо­лынан келген сауапты іс болғаны хақ.

...2008 жылы Петропавлдағы Абы­лайдың ақ үйі салтанатпен ашыл­ды. Алайда оған жиналған қа­лың қауымның ішінен Қуат ағаны көре алмадық... Кейін өзі Астанадан ар­найы келіп көрді. Қасына еріп жүр­ген маған: «Менің Тайыр Мансұ­ров­ты мақтайтын жөнім жоқ шығар. Бірақ Абылайдың ақ үйін тамаша етіп қалпына келтірген еңбегін баға­ламауға болмайды», деді шынайы ризашылықпен. Ішіндегі өкпесін әділдікке жеңгізе білген үлкен жүрек иесі ғана айта алатын сөз еді бұл.

...2020 жылы коронавирус пандемиясы елге жаудай тиіп, жағадан алып тұрған кез. Зейнет демалысында жүрген Қуат аға бір күні телефон соғып: «Мынау қиын-қыстау уақытта халқымыздың ертеңгі жағдайын ойлау керек. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзім танитын аудан әкімдерімен хабарласып, «Ауылдардағы әлжуаз отбасылар қиналып қалмауы үшін оларға бұзау, тауық балапандарын әперіңдер, өсіріп нәпақа қылсын», деп кеңес бердім. Өзім де хал-қаде­рімше ауылдағы ағайындарға көмек­тесіп жатырмын. Ауызың жеткен әкім­дерге сен де осыны айт», деді.

Иә, Қуат ағадай есіл ердің жүрегі елім деп соқты бұл пәни дүниедегі дәм-тұзы таусылғанша.