Аймақтар • 27 Сәуір, 2023

Көлік апаты көбейді

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында қара жолда қара жамылғандардың қарасы азаймай тұр. Жыл бұрын Күйік асуында 15 көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан жүргізушілер сабақ алмаған секілді. Өкініштісі сол, жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғасы салдарынан бақилық болғандардың саны аз емес.

Көлік апаты көбейді

«Жыл басынан бері Жамбыл облысында 220 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 31 адам қаза тауып, 300-ден астам жолаушы түрлі дәрежеде жарақат алған. Статистикаға жүгінсек, жол апатынан болған қайғылы жағдайлардың 99 пайызына жүргізушілердің кінәлі екені белгілі болып отыр. Бұдан бөлек мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының 16,7 пайызға артқаны анықталды. Қысқасы, бұрынғылардың қателігінен бүгінгілер са­бақ алмай отыр», дейді облыстық полиция депар­таментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин.

Өткен жылдың алғашқы жартысында ішімдік ішіп көлік тізгіндеген 396 азамат анық­талса, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен 112 тұрғынның көлік жүргізу құқығы шектелген. Ал көлікті мас күйінде қайтадан қаймықпай басқарған 21 жүргізушінің қате­ліктен сабақ шығармағаны жаға ұстатқан еді.

«Жол-көлік оқиғаларының санын – 17, қаза тапқандардың санын – 26,2, ал зардап шеккендердің санын 22,8 пайызға төмендете алғанымызға қарамастан, қаза тапқандардың саны 31 адамға жеткені кімді де болсын ойландырмай қоймайтыны анық. Кісі шығыны әрбір отбасы үшін орны толмас қайғы екенін көлік жүргізушілері қаперде ұстаса деген тілек бар. Автокөлік тізгіндеген әрбір азамат күре жолдың бойында ережені сақтаса дейміз ғой. Алайда нәтиже біз күткендей болмай тұр», дейді полиция департаментінің бастығы.

Департамент басшысы келтірген деректерге сенсек, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі көлік жүргізушілерінің жол қозға­лысы ережесін саналы түрде сақтамауынан болады екен. Нақтырақ айтар болсақ, автокөлік тізгіндеген азаматтардың дені жылдамдық режі­мін асыруға келгенде алдына жан салмайды, маневр жасау ережелеріне пысқырып та қарамайды. Сондай-ақ жол белгілеріне назар аудармайды, жаяу жүргіншілер өткелдерінен құйғытып өте шығады. Соның салдарынан қайғылы жағдайлар жиі тіркеледі.

Өкініштісі сол, өткен жылдың есепті кезе­ңімен салыстырғанда жолда орын алған апаттар салдарынан бақиға аттанған балалардың саны төрт есеге артып отыр. Жылдың басындағы статистика осылай деп сайрап тұрса, жыл жа­былар тұстағы дерек туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

«Жалпы, көптеген жол-көлік оқиғасының артында бала өмірі тұрғанын өңір тұрғындары ескере бермейтін сияқты. Жасөпірімнің тағ­дырына бәріміз жауапты екенімізді ұмытпа­уымыз керек. Өйткені бүгінгі бала – еліміздің ертеңі, болашағы. Жыл басынан бері тіркел­ген жол-көлік оқиғалары кезінде қаза тап­қан балалардың ешқайсысы көлікте арнайы ұстау құрылғысымен қамтылмаған. Ата-аналар кө­бінесе автокөлік орындығын сатып алуды кейінге қалдырады, бірақ бұл баланың өмірінен немесе денсаулығынан қымбат емес екенін есте ұстаған жөн. Қоғам осыны дер кезінде түсінсе екен», дейді А.Баймурзин.

Қалай десек те қара жол қателікті кешір­мейтіні айдан анық. Ал соңы қайғы­лы жағ­даймен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі күре жолдың бойында тіркеледі. Қысқасы, автодәлізде көлікті желмен жарыс­қандай басқаратын азаматтарға ес кірмейінше, қайғыдан қара жамылғандардың статистикасы ескірмейтіні, анығырақ айтсақ, жақсы жағына қарай өзгере қоймайтыны анық.

 

Жамбыл облысы