Мемлекет басшысының «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы аясында іске асырылатын басты жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» ауыл азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.
Биыл ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру үшін 17 мыңнан аса шағын несие беру жоспарымен бюджеттен 100 млрд теңге бөлінген. Сөйтіп, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына жұмыс істеп тұрған бизнестерін дамытуға, жаңа кәсіп түрлерін ашуға немесе кооперативтерге бірігу арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік туды. Берілетін шағын несие мерзімі – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Аталған жоба аясында несие алудың тиімділігі – оның жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 2,5%-дан аспайтындығы. Мұндай шарттармен несие алу ауыл тұрғындарында бұрын-соңды болмаған мүмкіндік, өйткені бірде-бір коммерциялық банк осындай сыйақы мөлшерлемесімен несие бермейді.
Шағын несиенің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (2023 жылы – 8,6 млн теңге), кооперацияны дамытуда 8,0 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (2023 жылы 27,6 млн теңге) белгіленген.
Аталған несиені алу үшін тұрғынның кез келген қаржы институтында берешегі болмауы керек. Салық органдарында, басқа да бюджеттік мекемелерде қарызы болса ұсынған жоба кері қайтарылады. Сонымен қатар кепілге қоятындай заңдастырылған үй-жайының болуы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Несие берілген соң 1 жылға дейін каникул қарастырылған, яғни несие алушы азамат бір жылға дейін банкке ешқандай төлем жасамай, бизнесін аяққа тұрғызу үшін жақсы мүмкіндіктерге ие болады. Жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу арқылы жеңілдетілген несие алу да ауыл азаматтарына тиімді болар еді, бұл ретте жабдықтар мен техниканы сатып алуға субсидиялар беру көзделген. Осы мақсаттарға шамамен 1 трлн теңге бөлінбек. Алайда кооперативтерге бірігуге көпшіліктің жүрегі дауламайды. Өйткені көптеген ауыл адамының ойында кооперативке өткізген жерінен, мүлкінен айырылып қалам ба деген қорқыныш та жоқ емес.
Бағдарлама аясында барлық қызмет саласы бойынша ауылдық жерде бизнесті кеңейту немесе жаңа кәсіп түрін ашу ауылдар мен шағын қалаларды дамытатыны сөзсіз. Бұл болашақта жұмыссыздықтың төмендеуіне, ауылда кәсіпкерліктің дамуына, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюына әкеледі. Өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді деп күтіліп отыр. Бағдарлама шеңберінде микрокредиттеу облыс әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алуды жүргізу арқылы айқындайтын сенім білдірілген өкілі арқылы жүзеге асырылады. Осыған сәйкес, микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімі мен сомасы сенім білдірілген өкілдің шешімімен белгіленеді және кредиттік шартта көрсетіледі.