Қоғам • 27 Сәуір, 2023

Тұрмыста зорлық көрсететіндердің 90 пайызының жоғары білімі жоқ

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров ОКҚ алаңында өткен брифингте отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша елдегі жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрмыста зорлық көрсететіндердің 90 пайызының жоғары білімі жоқ

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – жалпы бүгінгі күннің өткір әлеуметтік проблемасы, өйткені ол құрбандардың өздеріне ғана теріс әсер етіп қоймайды, сонымен бірге қоғамды тұрақсыздандырады, әлеуметтік тәртіпке қауіп төндіреді. Жыл сайын полицияға отбасылық жанжалдарға қатысты 100 мыңнан астам шақыру келіп түседі», дейді Р. Зұлқайыров.

Алайда келіп түскен 100 мыңнан астам хабарлама бойынша кінәлілер ешқандай жазаға тартылмаған. Заң бар болса да, жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Оның бірден бір себебі жәбірленушілердің «үйдегі ұрысты сыртқа шығарғысы келмегенінен» болып отыр.

«Сонымен қатар олардың 60%-ы бойынша полиция жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмады (2023 жылғы 3 ай –27 357 хабарламадан 10 548 нарядқа есептен шығарылды). Онсыз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері зорлық көрсеткендерді жауапқа тарта алмайды. Салдарынан жазасыздық – жүгенсіздікке жол береді», дейді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары.

Қол жұмсау жанжал шығаруға бейім адамдардың әдетіне айналған. Ал оның соңы, одан да ауыр зардаптарға әкеп соғып жатыр.

ІІМ мәліметінше, Құқық бұзушылардың 80 пайызы ер адам.

Соның ішінде, 30 жастан 50 жасқа дейінгі ер адамдар 52 пайыз. Тұрақты жұмыс орны барлар 74 пайыз болса, кәсіптік және жоғары білімі жоқтар 90 пайыз.

Тиісінше, зардап шегетіндердің 78 пайызы әйелдер.

Ренат Зұлқайыровтың сөзінше, көбіне олар жәбірлеушіге материалдық және психологиялық тәуелді. Жылдар бойы қорлау мен қорқытуға шыдайды. Балалар да зардап шегеді. Олар қатыгез көріністерге куә болады. Денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, отбасындағы зорлық-зомбылық жасөспірімдердің психикасына, рухани және эмоционалдық дамуына кері әсер етеді. Балалар отбасында көретін мінез-құлық пен агрессияның бұл үлгісін олар қатарластарына және үйден тыс жерде көрсетеді.