Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бірқатар сарапшы әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар бұл үдеріске үрке қараудың қажеті жоқ деп есептейді. Себебі жаһанның жүзден астам дамыған мемлекеті осы бағытта оңтайлы жұмыс жүргізіп, өз елдерінің экономикасын өрістетуге жол ашқан. Аталған мәселеге қатысты ойын ортаға салған саясаттанушы Асхат Қасенғалидың пікірі төмендегідей.
«Әлеуметтік желілерде «Қытай қаптайды», «Қытай жаулайды» деген жазбалар көбейіп кетіпті. Мұндай пікірлер жуырда шыққан «Қазақстан мен Қытай азаматтары 30 күн визасыз жүре алады» деген мәселеге байланысты айтылып жатыр. Ал жағдайға басқа қырынан үңіліп қарасақ, ешқандай да қытай қаптамайды. 2022 жылы біз «қытай азаматтары 14 күн визасыз жүре алатын» өзгеріс енгізгенбіз. Бір жылға жуық уақыт болды, қаптаған қытай көрмедік. Дәл сол сияқты болады. Қытайдың жалпы біздің азаматтар үшін 30 күн визасыз режімге рұқсат еткені – жақсы жаңалық. Қытай елшілігінің алдында виза алуға тізіліп кезек тұратын. Қытайдан келген қандас достарым жетерлік, солардың туыстары, таныстары виза алу үшін айлап құжат жинап жүретін. «Ана жерден анықтама әкел, мына жерден құжат әкел» деп шапқылайтын. Ал енді мынау – сол азаматтар үшін жақсы жаңалық. Алтайдың арғы бетіндегі қандасқа да тиімді. Оның үстіне Қытайға демалуға, медицинасы жақсы болғандықтан ем алуға баратындар да жеткілікті. Олар үшін де әуре-сарсаң азайды. Сондықтан эмоцияны жиып қойып, мәселеге Қытайға кіру үшін виза алуға табан тоздырған қазақтың да көзімен қарау керек», дейді А.Қасенғали.
Пікір иесі өткен жылы Қазақстан мен Қытай сауда қатынасы алғаш рет Ресейді артта қалдырып, көршіміз экономикалық және сауда қатынасындағы басты серіктеске айналғанын айтады. Әрі Қытайға кіріп кәсіп көзін ашып, шапқылап жүрген жандарға уақыт жағынан да, қаржы үнемдеу тұрғысынан да тиімділік артқан. Бұл тұрғыда Қытайдан киім-кешек тасумен айналысатын алматылық Елназар Ахметбек 30 күнге дейінгі визасыз режім өзіне оңтайлы жағдай тудырғанын айтады.
«Соңғы аптада Қытайға емін-еркін барып келдім. Бұрын виза мәселесінде кедергілер туындап, алған тауарымды шекарадан күтіп алуға мәжбүр болатынмын. Тауар жеткізуде біраз қаржым делдалдарға жұмсалатын. Бұл жолы ішкі Қытайға өзім барып, өндіріс фабрикаларын аралаудың сәті түсті. Атажұртқа 2000 жылы Қытайдан көшіп келгенбіз. Ол жақта әлі тұрып жатқан туыстарымыз бар. Карантиннен бергі шекарадағы қиындықтардың салдарынан өлім-жітім жағдайларында қатынай алмай қиналғанымыз рас. Қазір ол жақта туыстары тұратын азаматтар үшін де қолайлы сәт туып отыр», дейді ол.
Жоба жүзеге асқалы бір ғана Алматы қаласының өзіне мыңдаған қытай азаматы келіп, шаһардың туристік орындарын аралаған. Әсіресе Көктөбе, Медеу шатқалы, қаладағы тарихи-мәдени музейлерге келуші туристердің саны артқан. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шетел азаматтары тарапынан ешқандай құқық бұзушылық жағдайлар тіркелмепті.
Үкімет қаулысы негізінде Сыртқы істер министрлігі дайындаған құжатта екі елдің азаматтары туризм, емделу, транзит немесе іскерлік кездесу мақсатында көрші мемлекетте 30 тәулікке дейін болуды жоспарласа, виза рәсімдемеуге құқылы. Ал одан ұзағырақ мерзімге қалғысы келсе, сапарды жоспарлау кезінде визаға өтініш беруге тиіс. Екі ел арасындағы бұл келісімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қытай еліне ресми сапары кезінде одан әрі өрістету көзделген.
«Қытайда жұмыс істейтін кәсіпкерлеріміз аз емес. Енді екі ел арасындағы сауда-саттық нығаяды. Біз қытай нарығына ет өнімдерін, дәнді дақыл және тағы басқа азық-түлік тауарларын жеткіземіз. Тауар айналымын ұлғайтып, инвестор тартуға таптырмас мүмкіндік туып отыр. Іскерлік кездесулер де жиі өтетін болады. Визасыз режім еліміздің кезекті дипломатиялық жеңісі деп ойлаймын», дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов.
Өткен жылдың дерегіне үңілсек, Қазақстан төлқұжатының күші әлемдік паспорт индексінде 55-орында. Ел азаматтары 30-ға жуық мемлекетке визасыз бара алады. Ал қырықтан астам мемлекеттің визасын сол елге барғанда әуежайдан алу мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен, отандастарымыз Грузияда 1 жыл, Арменияда 180 күн, бауырлас Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан елдерінде 90 күн визасыз жүре алады. Дәл солай Беларусь, Ресей, Моңғолия елдеріне үш ай мерзімге барсаңыз, алдын ала виза алудың қажеті жоқ. Молдова, Албания, Украина, Коста-Рика, Колумбия, Намибия елдері де отандастарымыздан 90 күндік сапары үшін виза талап етпейді. Сол секілді Тәжікстан, Өзбекстан, Қатар, Индонезия, Малайзия елдеріне бір айға барамын десеңіз, виза алмайсыз. Бұл тұста кейбір елдер туристік науқанға қолайлы кезеңдерді белгілеп, сол аралықта өз елдеріне емін-еркін кіруге жол ашады. Мысалы, Черногорияға сәуір мен қазан айларының аралығында жолыңыз түссе, виза алудың қажеті жоқ, ал сапарыңыз қараша мен наурыз аралығына жоспарланса, елшілікке жүгінуге тура келеді.
Туризм – көптеген мемлекеттің басты табыс көзі. Мұндай мүмкіндіктер елдің экономикалық қуатын нығайтып, мәдениетін көрсетудің төте жолы. Ендеше, әлемдік тәжірибеде бұрыннан қалыптасқан үрдіс еліміздің саяси беделін арттырып, халықаралық байланыстарға оң ықпалын тигізеді деп сенейік.
АЛМАТЫ