Әлем • 30 Сәуір, 2023

Өзбекстанда референдум өтіп жатыр

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Өзбекстанда Конституцияға өзгертулер енгізу бойынша референдум басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Риа Новостиге сілтеме жасап.

Өзбекстанда референдум өтіп жатыр

Өзбекстанда референдумда дауыс беру үшін сайлау учаскелері ашылды. Учаскелер жергілікті уақыт бойынша 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Заң мәтіні жергілікті БАҚ-та 15 наурызда жарияланды. 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беру басталғаннан бері ешқандай бұзушылықтар тіркелмеген.

«Дауыс беру ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтеді», деді комиссия төрағасы Зайниддин Низамходжаев.

Қолданыстағы Конституция 1992 жылы қабылданған болатын. Осы уақыт аралығында аталған заңға 15 рет түзетулер енгізілді. Құқықтық актінің жаңа редакциясына тағы 27 бап енгізілмекші. Осылайша баптар саны 128-ден 155-ке дейін артады. Түзетулерден соң заң 65 пайызға жаңартылады деп күтілуде.

Атап айтқанда, республика тұрғындарына президенттің өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту туралы тармақты қабылдау ұсынылады. Сонымен қатар Конституциялық заң жобасы қазіргі Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеевке қатарынан екі мерзімнен кейін бұл қызметке тағы бір рет сайлануға мүмкіндік береді.

Енгізілген басқа өзгерістердің қатарында сенаторлар санын 100-ден 65-ке дейін қысқарту, өлім жазасына тыйым салу және ел азаматын шет мемлекетке беру туралы тармақ бар. Конституцияға алғаш рет азаматтық қоғам институттары және олардың қызметінің кепілдіктері туралы жеке тарау енгізіледі. Түзетулер сонымен қатар Парламенттің төменгі палатасының мемлекеттік бюджеттің атқарылуын бақылау және Есеп палатасының есебін қарау жөніндегі өкілеттіктерін бекітеді.