
Елімізде 226 мың неміс тұрады
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, аталған құжатқа Берлинде Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Бундестаг депутаты, ГФР-дің қоныс аударушылар және ұлттық азшылық істері жөніндегі Федералды үкіметінің уәкілі Натали Павлик Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының 19-отырысында қол қойған. Сонымен қатар отырыста Роман Василенко Қазақстандағы білім беру жүйесіне Германияның кәсіптік-техникалық моделін енгізу және неміс техникалық жоғары оқу орындарының өкілдіктерін ашу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
«Мәдениет, білім және әлеуметтік салада қолдау көрсету бойынша екі ел үкіметі қабылдаған лайықты іс-шаралар Қазақстандағы этностық немістер болашағының жақсы болуын қамтамасыз етеді және екі мемлекет арасындағы жақсы қарым-қатынастардың нығайтуына маңызды үлес қосады. Қазір елімізде «Возрождение» отандық немістер бірлестігі», Орталық Азиядағы жалғыз Қазақстан-Неміс университеті, неміс мәдени орталықтары, мектептері, ТМД кеңістігіндегі жалғыз мемлекеттік республикалық академиялық неміс драма театры бар, сондай-ақ апталық, немістілді «Deutsche Allgemeine Zeitung» газеті шығып тұрады», деді дипломат.
Ал ҮАК-ның тең төрағасы Натали Павлик Қазақстанның этностық немістерінің екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған маңызды үлесін және Германияның Федералдық үкіметі осы бағыттағы жұмысын жоғары деңгейде жалғастыратынын атап өтті.
Жалпы, қазақ еліне неміс ғалымдары көп зерттеу жүргізген. Ғылыми экспедициялардың бірімен 1734 жылы қазақ жеріне табаны тиген Фридрих Миллер Солтүстік Қазақстанның географиялық сипаттамасын қағазға түсіріп, жергілікті халықтың тұрмысы туралы жазба қалдырған. Өткен ғасырдың орта шегінде астроном Струве Арал және Каспий теңіздерінің гидрографиялық картасын құрды. Көшпелі қазақтың тұрмыс тіршілігі туралы Вильгельм Бартольд пен Фридрих Радловтың жолжазбалары студенттерге әлі де «азық» болып келеді.Алғашқы неміс қоныстары Қазақстанда XIX-XX ғасырларда пайда болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған уақытта олардың орналасу аймағы біраз кеңіп, немістер қоныстанған ауылдардың саны көбейе түсті.
Қазақстандағы алғашқы неміс селосының іргетасы Рождественское (Фриденсфельд) деген атаумен 1885 жылы қаланған екен. Ал атышулы Столыпин реформасының тұсында яғни 1905-1911 жылдары Қазақстанның солтүстігінде Александрталь, Алтенау, Кенигсгоф, Пруггергоф секілді бірнеше ондаған неміс қонысы пайда болды.
Қазір Қазақстанда 226 мың этностық неміс қоныстанған. Әр жылдары елден Германияға 1 млн неміс қоныс аударған. Жалпы, «екі ел арасын медицина мамандары жалғап отыр», деген пікір айтады сарапшылар. Осы орайда саналы ғұмырын қазақ медицинасының дамуына арнаған, 2000 жылы тарихи отанына оралған Александр Альбрандт туралы айта кетейік.
Қазақ арасынан шыққан неміс дәрігері
Оның ата-бабалары Еділ немістері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға депортацияланған. Александр Альбрандт 1948 жылы 26 наурызда Қостанай облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігерлерінің арасында оның орны бөлек. Орджоникидзе орта мектебін бітіргеннен кейін Александр Альбрандт Қарағанды медициналық институтына оқуға түседі. 1974 жылы Орджоникидзе аудандық ауруханасына хирург болып жұмысқа келіп, 2000 жылы Германияға кеткенге дейін осы қызметті абыроймен атқарды.
«1974-1990 жылдары ол бас хирург, хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі болды, өзін батыл және тәжірибелі маман ретінде көрсетті. Альбрандт мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Жанқиярлық еңбегі үшін ол көптеген марапатқа ие болды. 1990 жылы оған жоғары санатты хирург біліктілігі және «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді», деп еске алады педагог, ақын, журналист Надежда Рунде.
25 жыл ішінде хирург Александр Альбрандт жеті мыңнан астам операция жасады. «Александр Федорович ерекше мінезге ие болды. Оның шығу тегі де, ешкімге ұқсамайтын траекториясы да, сан қырлы таланты да, бір сөзбен айтқанда, ол харизмасы жоғары адам болды, осы қасиеттері оны бәрінен де ерекшелеп тұратын», дейді кіндік қаны қазақ елінде тамған замандасы Надежда Рунде.
Ата-бабасының туған отанына келген Александр Альбрант отбасымен Германияның тарихи орталықтарының бірі, өзі суреттегендей жанға жайлы Регенсбург қаласына қоныстанды. Дәрігер-хирург осы жерде 22 жыл өмір сүріп, өткен жылдың 22 қарашасында 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Қазір оның ұрпақтары медицинадағы жолын жалғастырып жатыр. Ұлы Германияның жетекші клиникаларының бірінде хирург. Келіні мен қызы да медицина саласында қызмет атқарады.
Германиядағы қандастар
Ал бірқатар Алаш қайраткері мәңгілік мекен еткен неміс елінде қазір 260 үй қазақ отбасы, яғни 1500-ге жуық қазақ бар. Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының мәліметі бойынша Кельн қаласында 160 қазақ отбасы, Мюнхенде 75, Берлинде 30, Гамбургте 10 және бірлі-жарымды Дюссельдорф, Майнс секілді қалаларда тұрады. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан олар бұл санға кірмейді.
Германиядағы қандастардың жалпы тұрмыстық жағдайы жаман емес. Олар әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Сол себепті Германияда өмір сүріп, азаматтығын алуға ниеттілер көп. Қазір қазақтар арасында немістің ірі фирма, компания, емханаларында білікті мамандар жетерлік. Мәселен, медицина докторы Жәдік Шенолдың есімі Германияда кең таралған. Ми-жұлын, жүйке жүйесінің ауруларын емдейтін ол бүгінгі күнге дейін 4 мыңнан астам күрделі операция жасаған. Жеті тілді жетік білетін Киль университеті ауруханасының нейрохирургі Жәдік Шенол Қазақстанда көп болмаса да, ана тілін ұмытқан емес. Ол Азия, Америка елдеріне де жиі барып, осы саладағы танымын тереңдету жолында тынымсыз тер төгіп келеді.
– Нейрохирургиядан басталған тәжірибеме 20 жылға жуық уақыт болды. Мен барлығын тізбектеп отырамын. Қазірге дейін 4 мыңнан астам ауруға нейрохирургиялық ота жасадым. Оның ішінде мидың ісіктері, мидың тамырындағы аурулар, миға қан құйылған жағдайларда жасаймын. Сонымен қатар гидроцефалияда, яғни жұлындағы ауруларда да операция жасаған кездерім көп, – дейді қазақ дәрігері.
Жат елде дүниеге келгеніне қарамастан, ол қазақ балаларына бүйрегі бұрып тұратынын айтады. Кейбірін тіпті тегін емдеген. «Елден келген науқас жол, ауруханадағы жатын орын мен дәрі-дәрмек шығынын өтесе жеткілікті», дейді Жәдік Шенол.
Тілі немісше таза, алайда түрі мен қою қара шашына қарап, әлемнің әр түкпіріндегі науқастар «ұлтыңыз кім?», деп сұрайды екен кейде. Мұндай сәтте дәрігер «қазақпын», деп мақтанышпен жауап беретінін айтады. Ал Мюнхен қаласының тұрғыны Мүттәлі Ұлыжай ұшақ моторын жасайтын зауытта бөлім басшысы болып қызмет атқарады. Берлиндегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малбақан сондағы компьютер бағдарламаларын дайындайтын ірі фирмада жетекші маман ретінде танылған.
Жалпы, Германиядағы қазақтар ұлттық дәстүрді берік ұстанады. Неміс елінде тұрақтаған отандастарымыздың айтуынша құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, сүндет той секілді тойлары көп. Қазақстанда туып, кейін ес білген шақтарында тарихи отанына оралған немістер де қуанышты сәттерін қазақ стилімен атап өтетін көрінеді.