Елімізге қоныс аударғандардың бірі – Анастасия Евсеева. Ол 2012 жылы көршілес Ресейден Шымкент қаласына көшіп келіпті. Он бір жылдың ішінде якут қызы қазақтың салт-дәстүрін, тілін де жетік меңгеріп алған.
– Бүгінде құшағы кең қазақ көптеген ұлысты өз маңына ұйыстырып отыр. Мені де жатсынбады. Алғаш келген кезімнен бауырына басты. Қазақ – тәлімі мол салт-дәстүр мен мәдениетке бай халық. Санкт-Петербургте оқығанымда қазақ диаспорасымен жақсы араластым, түрлі іс-шараларына белсенді қатыстым. Жыл сайын наурыз мейрамын бірге тойлаймыз. Ұлттық тағам ет, бауырсақ әзірлеп, бірге қазақша әндер айтатынбыз. Осыдан кейін Қазақстанға бір күні барамын деп мақсат тұттым. Сөйтіп, оқуымды аяқтай сала ойланбастан арманымды жүзеге асырдым. Алғаш Шымкент қаласында тұрдым. Якут халқының ас дайындау мәзірінде ұқсастық көп. Мәселен, біз бауырсаққа ұқсас құймақ пісіреміз. Қымызды якуттар да сүйсініп ішеді. Тілімізде де аса айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Мысалы, қазақ тіліндегі «бар», «кел» сияқты сөздер мағынасы мен айтылуы жағынан бірдей. Содан болар, қазақ тілін еш қиындықсыз меңгеріп алдым. Әрі оңтүстік өңір таза қазақи орта ғой. Сөйтіп, 2017 жылы журналист құрбым Әлия Таласова облыстық «Ақтөбе» телеарнасына жұмысқа шақырды. Сол сәттен бері Ақтөбе құтты қонысыма айналды, тұрақтап қалдым. Мұнда жаңалықтар бөлімінде тілші, диктор және тақырыптық бағдарламалар жүргізушісі болып жұмыс істедім, – деді А.Евсеева.
Телеарнада білімі мен білігін шыңдаған якут қызы қазір Ақтөбе жұртшылығына жақсы таныс. Қат-қабат жұмыстарымен қатар, ол қоғамдық мәдени іс-шараларға атсалысудан да тартынған емес.
– Уақыт өткен сайын Қазақстанға өз елімдей бауыр басып қалдым. Ұлтым өзге болса да, жаным – қазақ. Менің бұл жақта өз ортам, қолдаушы жанашыр жақындарым бар. Сондықтан осы елдің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мәселен, қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой, YouTube-тен арна ашуды жоспарлап жүрмін. Қазақстанды өзге ұлттың көзімен әлемге таныстырғым келеді. Тіпті Ресейдегі өзімнің достарым мен туыстарым да Қазақ елі туралы тереңірек білуге құмартады. Бұған қоса бірнеше жыл бойы мен Екатерина Голотинаның жетекшілігімен «Добро», «Zello help» және «Антиковид 19» еріктілер қозғалыстарының ең үздік командасының құрамында волонтер болдым. Соңғы үш жылда біз 15 мыңнан астам отбасына әлеуметтік көмек көрсеттік. Бұл да қазақ бауырларыма деген шын жүректен жасап жүрген көмегім, – деді якут қызы.
Сонау қиын-қыстау заманда елімізде табан тіреп, киелі мекеннен пана тапқан түрлі диаспора өкілдері бұл күнде ауызбіршілікпен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Қазір олардың қатарына қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін жатсынбай қабылдаған Анастасия Евсеева сынды жастар да келіп қосылды.