Бұрын да, қазір де әділ шешім шығару әр судьяның басты міндеті болған және болып келеді. Судья үшін әрбір қаралған істің нүктесін қою ешқашан да оңайлыққа түспейді. Себебі, қаралған дау біржақты шешілмейді, дауласқан жақтың бірінің көңілінен шықса, екіншісінің сот шешіміне риза болмайтыны белгілі жағдай. Осының салдарынан ел арасында «Тура биде туған жоқ, туған биде иман жоқ» деген пікірлер қалыптасқан. Соның бір қырын мына төмендегі деректерден аңғарамыз.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің түкпір-түкпірінен Жоғарғы Сот Төрағасының, Судьялар одағының атына республика судьялары қарап, тараптардың көңілінен орын алған, оң шешімдер қабылданған істер бойынша өз алғыстары мен ыстық лебіздерін жолдап жатқан хаттар лек-легімен келуде. Аталған хаттардан судьялар жұмысының жанданып келе жатқанын, оларға деген халық сенімінің арта түскенін көруге болады.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заңды білмеушіліктен күнделікті өмірде кездесіп жататын келеңсіздіктерге амалсыз ұрынған жандарға заң аясында қолұшын беру – сот жүйесінде қызмет атқарып жүрген әрбір судьяның кәсіби міндеті, азаматтық борышы. Бүгінгі күні «елім, жерім» деп шетелден туған атамекеніне келген оралман ағайындарымыздың соттарға деген алғыстары да жетерлік. Бұған төмендегі хат дәлел.
Мәселен, Н.Қонысбек, Ж.Үміт, ағайынды Набидоллалар алыстан ат арытып, атамекені – Қазақстанға 2013 жылдың күзінде қоныс аударып, Қарағанды облысына атбасын тіреген. Алайда, араб әліпбиінен шала сауатты болғандықтан және кириллицамен жазылған құжаттарды мүлде оқи алмағандықтарынан Қарағандының көші-қон полициясы олардың құжаттарында кемшіліктер бар деп, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін хаттама толтырған.
Бұл мәселе Қарағанды облыстық сотының төрағасы Е.Серікбаевтың, облыстық соттың судьясы Т.Ерімбетовтің араласуымен оң шешімін тапқандығын көрсетіп, елімізде осындай соттардың болғанына қуаныштымыз, – деп өз ризашылықтарын білдірген.
Сот жүйесінде судьялардың әділ шешім шығаруы көп жағдайда олардың мол тәжірибесіне, адал еңбегіне және терең біліміне байланысты. Осы орайда, Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Таранчуктің хатында заң мен Конституция талаптарын қатаң сақтайтын, уақытпен санаспай еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен және адалдықпен қарайтын судьялар бар екені айтылып, судья К.Е.Өтетілеуовке өз алғысын жолдаған.
Бүгінгі таңда Елбасы тапсырмасымен сот жүйесін ізгілендіру, адами қадір-қасиетке көбірек көңіл бөлу соттардың басты назарында деуге болады. Соттардың қылмыстық істер бойынша сот процестерінде адам тағдырына аса жауапкершілікпен қарауын, жасөспірімдер тарапынан жасалынған қылмыстарды мұқият зерттеулерін қоғам да талап етіп отыр. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәмидің атына келген Қызылорда облысының тұрғындары Қ.Саражов пен А.Таласованың алғыс хатын тебіренбей оқу мүмкін емес. Арыз иелері 2014 жылғы 21 сәуірде Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасы 10-сынып оқушысы Ә.Сақтапбергеннің қылмыстық әрекетін ҚК 103-бабының 3-бөлігінен осы заңның 101-бабының 1-бөлігіне қайта дәрежелеп, қылмыс әрекетін жасаған сәтте баланың 16 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатқанын айта келе, судья М.Ахметовке әділетті шешім шығаруға мұрындық болғаны үшін ақ жүректерінен шексіз алғыстарын жолдаған.
Осындай алғыс хаттар еліміз азаматтарынан ғана емес, шетелдіктерден де келіп түсуде. Түркия азаматы Хакан Индже Ақмола облысы, Зеренді аудандық сотының төрағасы Қ.Әбішевке жұмысындағы кәсіби шеберлігі мен менің талап арызымды қарау кезіндегі жеделдігіне өз ризашылығын білдірген.
Құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргендер қатарында сот процестеріне тікелей араласып, том-том істердің қалай жүргізілетінін өз көздерімен көретін адвокаттардың іс-тәжірибелерінен көп сыр аңғаруға болады. Мысалы, «Қорғас ісіне» сырттан шақырылып, бірінші инстанциядағы сотқа қатысу қолайлығына өз бағаларын беруді жөн көрген Астана қаласы адвокаттарының хаты келіп түсті. «Біз сот тергеуі сатысының техникалық жағынан жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өткіміз келеді. Бәріміз үшін соттың ресми сайтында сот тыңдауларының хаттамалары уақтылы, жедел орналастырылғанын көру өте қолайлы болды. Сот отырысының хатшысы хат-хабарлар алмасуды электронды түрде іске асырып отырды. Бұл сот құжаттары мен хабарламаларын және өтініштер мен кепілдемелерді мерзімінде алып отыруымызға мүмкіндік берді. «Қорғас ісін» қарау процесінде қолданысқа енгізілген бұл оң тәжірибе бүкіл Қазақстан аумағындағы сот жүйесінде де қолданылады деген үміттеміз. Жұмысты ұйымдастырудағы мұндай тәсілдер қажет емес шағымдар ағынын едәуір қысқартып, процеске қатысушылардың барлығының уақытын айтарлықтай үнемдейді. Сондай-ақ, біз барлық сот корпусы, тіпті, қандай күрделі істерді қараған кезде де, процессуалдық заңнама аясында қалыпты тыныш ахуалды орнықтыру мүмкіндігіне назар аударады деген сенімдеміз», – деп жазады Астана қаласынан хат жолдаған «Кулубекова және серіктестері» адвокаттар кеңсесінің жетекшісі А.Кулубекова мен адвокат Д.Сәрсембаева.
Гүлшара ӘБІШҚЫЗЫ,
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасы хатшылығының меңгерушісі.
Астана.