Президент • 02 Мамыр, 2023

Мемлекет басшысы әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салған Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы әлемдік шахмат элитасының өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, Астанада өткен беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Мен, ең алдымен, Дин Лижэнь мырзаны тартысты өткен сайыста әлем чемпоны атағын жеңіп алуымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ гроссмейстер Ян Непомнящийге көрсеткен шеберлігі үшін құрметімді білдіремін. Әлемнің бүкіл шахмат қоғамдастығы турнирге назар аударды. Шахмат жанкүйерлері шаршы тақтадағы ойынды жіті бақылады. Турнир сәтті өтті деп есептеймін», деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты.

«Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің атсалуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Президент шахматшылардың биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ФИДЕ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру маңызды екенін атап өтті.