Себебі Қуанышбаевтың Абай бейнесін дәл автор қиялындағыдай бейнелілік биігіне алып шығады дегенге Мұхтар Әуезовтің өзі үлкен күмәнмен қарапты. Тіпті әу баста ұлы жазушы Абайға лайық актер таба алмай: «Әттең, актер Свердлин қазақша білсе, нағыз Абайдың бейнесін жасай алар еді-ау!..» деп аһ ұрыпты. Оның үстіне шоқтығы биік бұл тарихи бейнеге әркімнің-ақ таласы һәм дәмесі болғаны анық. Таласты та тартысты сәтті режиссер Асқар Тоқпанов: «Мен Абайды Қалибекке бердім дегенімде, тіпті актерлер де сенген жоқ. Оны мен Шәкен (Айманов) мен Қапанның (Бадыров): «Тоғызыншы дублер болсақ та Абайды ойнаймыз...» деген творчестволық тілектерінен аңғардым» деп жазады.
Алғашқы талқылауда басты рөлге Қалибекті лайық деп тапқан режиссер Тоқпанов таңдауына Мұхтар Әуезов те өзінің көңілтолмаушылығын жасырмапты. Ал мұндай күдік әлбетте сезімтал актер көңілін сенімсіздікке ұрындырғаны анық. Дәл осы кезді режиссер былай деп еске алады:
«...келесі күні Мұхтар театрға келді. Көрермендер залының ең түкпіріне барып отырды да маған: «Бастай бер!» деді. Репетиция басталып кетті. Айдар мен Ажарды байлау сахнасынан бастап ойға шомып тұрған Абайға Оразбайдың: «Аруақ бары шын болса, қанат-құйрығыңды отармын сенің!» деген жеріне дейін үні шықпай отырған автор, Абайдың: «Сен не дейсің?» деген жерінде атып тұрып, жүгіріп бірінші қатарға жетіп келіп: – Ей, Қалибек, «сен не дейсің?» дегенді айта алмайсың ғой. Тілің күрмеледі ғой... Осы күнге дейін бір сөзін айта алмайсың. Сенен қалай Абай шығады? «Сен не дейсіңде» бүкіл Абай бейнесінің кілті тұр. Осы бір сөзінде күйіну де, түңілу де, тебірену де, таңдану да, тағысын тағы толып жатқан көп астарлы сыр жатыр. Ал сенің «не дейсініңде» жалаң қабат, жай адамның айтатын, онда да тұтықпа жабының үні ғана тұр. Пәлі, сендердей актері бар, мынадай режиссері бар мен бақытсызбын. «Абай» трагедиясы – симфония, ал симфонияны балалайкамен ойнаса не болар еді? Сендер балалайкашысыңдар, деп Қалибекті де, мені де, бүкіл коллективті де қатты мұқатып, күдер үзе автор Семейге жүріп кетті».
Осы оқиғадан кейін тығырыққа тірелген шығармашылық топ енді шындап саса бастайды. Алайда шегінерге жол жоқ еді. Сондықтан режиссер актер бойына Абайды «сіңіру» үшін сан түрлі айла-тәсілге көшеді. Оның алғашқысы – режиссерлік менмендікке салмай, бірінші планға актердің өзін шығару. Яғни Асқар Тоқпанов актерді өз талабы негізінде тоқпақтамай, керісінше сахнагерге барынша еркіндік береді. «Абайды менен артық ешкім білмейді, тіпті режиссерінің өзі менен сұрайды, үйренгісі келеді» деген сана Қалибекке берік орнасын деп тіледім. Бұлай еткен себебім – актер өзіне өзі әбден берік сенсе, Абайға лайықты саналы тәкаппарлық, ұстаздық сезімі оның ойына нық орнап, бекінеді. Режиссер білетіндігін білдіріп, актердің алды-артын орап тастаса, онда жалтақтық, шәкірттік пайда болады, өзіне өзі онша сеніңкіремейді, қанаттана, шабытқа ие бола алмай қалады» деп түсіндіреді бұл қадамын режиссердің өзі.
Екіншісі – Қалибек Қуанышбаевтың актерліктен бөлек, жазушылық та өнері бар. Кезінде жарық көрген «Шаншарлар» деген жинағы сахнагерді ұлы ақын бейнесіне жақындата түсер тамаша жол еді. Осыны түсінген режиссер дайындық барысында актер ойынындағы аталған шығармашылық қабілеттің барынша ашылуына жағдай жасайды. Нәтижесінде, «Абай аузындағы ойлар, ойлардан туған сөздер сахнада жаттанды айтылмай, жазушы Қалибектің өз тілегінен, мақсатынан туған ыстық, әсерлі, әрекетті дүниеге айналып отырды. Абай мен актердің тілегі де, ойы да табиғи қабысып, Абайдың жылауы, қуануы, күйінуі, түңілуі Қалибектің өз қасиетіне айналып, кейіпкермәнділік дәрежесіне көтерілді».
Абай бейнесінің шынайылық биігінде бедерленуіне жол салған үшінші тәсіл – грим. Заманындағы өз ісінің кәнігі шебері әйгілі суретші Сергей Гуськов жасаған грим Қуанышбаевты Абай бейнесіне тіптен жақындата түсті: «Абай гримімен актерлерге келгенде бәрінің көзқарастары, бағалаулары мүлде өзгеріп кетті. Үлкенді-кішілі – бәрі-бәрі ибадатпен, құрметпен қарсы алысты. Тірі Абайды көргендей болып ардақтап, бас ие қабылдады» деп еске алыпты режиссер бұл тарихи сәтті.
Сөйтіп, қалың қазақ асыға күткен «Абай» қойылымының премьерасы 1940 жылдың 20 қазанында зор табыспен өтеді. Басынан сенімсіздік танытқан автордың өзі шебер сомдалған Абай бейнесіне иланғаны, тәнті болғаны соншалық: «...Жаман Қалибектен жап-жақсы Абай шығыпты» деп риза көңілін жасырмай, актердің қолын алып, құшағына қысыпты.
Қалибек Қуанышбаевтың Абай бейнесін кемеліне келтіре кейіптегені соншалық, өз дәуірінде бұл табысты еңбек Томазо Сальвини мен Остужевтің Отеллосы, Б.Бабочкиннің Чапаевы сынды кесек бейнелермен қатар айтылды. Ал тарихи қойылымды көзімен көргендер Қаллекидің Абайын әлі күнге дейін аңыз ғып айтады.
Рас, сахнада ойлы, кесек бейне тудыру оңай емес. Әсіресе, кейінгі кезде түрлі форма мен жаңалық қуып, жалаңдыққа ұрынып жатқан кей режиссердің жеңіл жұмыстарын көргенде, еріксіз алғашқы Абайдың сахнаға шығу тарихын еске аламыз. Сондай сәтте жаңалық емес, ең әуелі кемелдікке көтерілуді ойлаған талағампаз Әуезов, талапшыл Тоқпанов һәм кемеңгер Қуанышбев одағы ойға оралады. Театрдағы жаңалыққа құштар жастарға сахнада ұлы Абайдың тарихи бейнесін тудырған тұлғалардың осы бір жемісті еңбегі тағылым болса, қанеки?!.