Мәдениет • 02 Мамыр, 2023

«Соғады сен деп жүрегім»

676 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есті әннің ешқашан ескірмейтіні әлімсақтан аян. Көңілден кетпейтін сыршыл музыканың ғұмыры қашанда ұзақ. «Музыканың ғұмыры нотада емес, ноталар арасындағы тыныштықта» деген Моцарттың сөзі кейде еріксіз еске түседі. Расында да, жаздың жылы жаңбырындай әдемі ән адам жанының емшісіндей көрінетіні бар.

«Соғады сен деп жүрегім»

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жерлестерінің ортасынан­ алыс­тамаған композитор Сәрсен­бек­ Бәкірдің қай әні болсын, тың­дар­манның жан әлемімен аста­сып жататындай көрінеді. Оның жанарындағы беймәлім тыныш­тық­ты сақтаған риясыз романтика әсері жылдар бойы тарқамайтын әнге айналып жатады.

Әнге мәтін сұрамай, өлеңге ән жазатын композиторлар қа­зір­­­гі кезде «Қызыл кітапқа» еніп кет­­кен секілді көрінетіні бар. Сәр­сен­­бектің әндерін тыңдағанда оның,­ шын мәнінде, поэзиядан алыс­та­ма­ғанын түсінесің. Өйткені әнде­рінде мән мен мазмұн қатар жүреді.

Айтулы ақын Серік Тома­нов­тың «Соға­ды­­­­­ сен деп жүре­гім»­ өлеңі композиторды бей­жай қалдырмағаны анық. Өйт­ке­ні жүрек қылын шертетін шы­­ғарманы композитор ғажап әуен­ді әнге айналдырды. Әуелде «Аузы­нан­ айдың түскен қыз» әнімен тың­дарманның жүрегінен ойып тұрып орын алған композитор шығар­малары уақытында нағыз хитке айналғаны айдай ақиқат. Сол бір мөлдір шақты ешкім ұмыт­қан жоқ.

Ақиқатында Сәрсенбектің қай­ әнін тыңдасаңыз да тынып ағып жатқан өзен көз алдыңызға келеді. Әндері бір тыныштықты қалап тұрғандай көрінеді. Алқын-жұлқын, даңғазаға толы арзанқол дүниенің микро­скоппен іздеп табу қиын шығар. Ал «Соғады сен деп жүрегім» шығармасын тыңдаған кезде дамылсыз соғып тұрған сағыныш сағатының сыртылын естігендей күй кешесің. Ән бір сәтте сырласыңа айналып кететіндей-ақ. Болмысынан әнінің алыстамағанын түсінесің. Әйт­пе­се,­ уақыттың бүгінгі ағымынан алшақ­тамай, тойға арналған тал­ғам­­сыз әндердің соңына түсіп кетер­ ме еді. Алайда ол ондай қадам­ға барған жоқ. Талғампаз ком­­позитордың таңдауы басқа. Қуаныштысы сол – өз әлемінен алыстамағаны.

«Соғады сен деп жүрегім» әні, нағыз ретроға айналатын туын­ды екені сөзсіз. Өйткені ком­позитор бір маусымдық ән жаз­ған­ емес, жазбайтын да шығар. Жыл­дар жылыстаса да, Сәрсенбек Бәкір­дің­ осы бір әні жұрттың жүрегінен өш­кен жоқ. Қайта уақыт өткен са­йын сағыныш сазына айналған дү­ние өз құнын арттыра түскен секілді.             

«Алаулап менің нұр өңім,

Өзіңді ойлап жүремін.

Көңілдің таппай бір емін,

Соғады сен деп жүрегім.

Қыпша бел, құлын мүсіндім,

Көңілдің құсын ұшырдым.

Өмірдің мына өзіңсіз,

Мәнсізін енді түсіндім», деп келетін ән қайырмасы кісі баласының жүрегіне жылы тиетіні сөзсіз.

Серік Томановтың өлеңіне жа­зыл­­ған тамаша әнді тыңдағанда бойыңды әдемі бір сезім билеп алатыны рас. Өлеңде сағымға айналған жылдардағы сағыныш табы сайрап жатыр. Ал композитор әнге­ айналдырғаннан кейін шығарманы өнер­­сүйер қауым лезде жаттап алғаны да ақиқат. Өйткені саз бен сөз тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Көңіл түкпіріндегі сезім пернелерін дөп басқан туын­дының әуені мен мәтіні егіздің сыңарындай жараса кеткені сөзсіз.

«Көргенше сені асықтым,

Күйін бір кешіп ғашықтың.

Өзіңнен ұзап қалсам-ақ,

Сезімнің селін тасыттың», деп бас­талатын қайырма алдын­дағы шумақта жігіттік шақтың аңсар-арманы айна-қатесіз бері­ліп­ тұр. Әннің сөзіне зер салып­ қараған адам ақынның бойын­да­ғы­ алапат сезімнің өлең тілінде өзге­ше өрнек алғанын бірден бай­қай­тыны рас.

Лирикалық ән тыңдаушыны те­бірентпей қоймайтыны дау­сыз. Қалай алып қарасақ та әуел­де­ «Нұр-Мұқасан» дуэтінің, кейін­нен­ «Музарт» тобының орында­уында жұрттың жүрегінен орын алған «Соғады сен деп жү­ре­гім» әнінің өлмейтіні рас. Бүгін­гінің талантты әншілері жаңаша көзқараспен көңілден шығатындай кавер нұсқасын жасаса да артықтық етпейді.