Руханият • 02 Мамыр, 2023

Қансейітте қасиет бар

422 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бала күнімізде үлкендердің аузынан «қасиетсіз» деген реніш сөзді еститінбіз. Сонда «қасиеті бар адам қандай болады?» деп ойланатынбыз. Жер басып жүре келе қасиеті бар мен жоқты, текті мен тексіздің таразысына гір тасын қоюды өмір шіркіннің өзі үйретті, әртүрлі әлеуметтік топтың ортасына түсіп, қасиетсізден қашып, қасиеттіге жанастық, тексіздің сөзін «ит үредіге...» теңеп, тектіге тоқтадық.

Қансейітте қасиет бар

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қансейітті студент кезінен білем. 70-жылдардың ортасында ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыды, филфак пен журфактың еншісі бір, филфак мұғалім дайындаса, журфак қара әріпке шұқшиған газетші дайындайды, бірақ әдебиет деген алтын тамыр қалам ұстап, әуреге түскендерді бір-біріне үйір ғып тіл табыстырды, әдебиет деген ақбоз үйдің ішінде бірге ғұмыр кешуді пешенеге жазып, сүрлеуімізді бірге салдық.

Әдебиетші қауым сөз бола қалса, қай классиктің қай күні дүние есігін ашып, көз жұмған сәтіне дейін бірге жүргендей жатқа айтып, жаназасын шығаратын бір алмас қылыш жігіт болды. Сұңғақ бойлы, қоңқақ мұрын, кең жауырын, тіпті күреске салса да жамбасы жерге тиместің өзі болар ма еді. Студент-жастардың семинарлары мен құрылтайларында сөз сөйлеп, баяндама жасап, ғылым жолына түсіп, білім мен зердені алақанына уыстап жүрген сұңғыла студент Қан­сейіт Әбдезұлы еді. Білгенін айтудан жалықпай, көргенін боямасыз баяндап, әдебиеттің алтын сүрлеуіне түскен жігітің қызыл дипломды қанжығасына байлап, әдебиет пәнін жасөспірімге ұғындырар ұрымтал ұстаздың өзі боп шыға келді. Қарап жүрген жоқ, өзінен төменгі курста оқитын үріп ауызға салғандай Гүлбаршынға оңашада сабақ үйретіп, жан сезімін қоса жеткізіп, махаббат туралы жыр-дастандарды жатқа айтып жүріп, қолына құс ғып қондырды. Екеуінен өрбіген үш қарлығаш қазір көзінің ағы мен қарасы, перзент парызына биік қарап, әке мен ана қасиетін бойына сіңірген ұлағат иелері.

Қансейіт ә дегеннен ғылымға бет бұр­­ды. Аспирантураға түсті, әдебиеттің алтын көмбесіне инемен құдық қазған­дай шұқшиып, сол көмбеге біржола сүң­гіп кетті. Тәкен Әлімқұлов деген құ­пия қаламгер оның жан дүниесін ол­жалап, жолын кеңейтті, «Қайыс бел­дік»-ті тағып ап, «Қара жаяу» жігітің «Ақбоз ат»-тың белін майыстырып, Тәкен жүрген жолмен айқай далаға қа­рай тарта берді. «Ел мен жер» деген тұң­­ғыш зерттеу монографиясын жа­рия­лады. Қазақ прозасына өзіндік өрнек салған Тәкен оның әдебиеттегі әке­­сіне айналды, әр сөзі мен әрбір эпизодын екшеп, електен өткізіп, мәні мен мағы­насын кітапқұ­мар оқырманға сыр ғып жеткізді, ха­лық Тәкеннің қиялы мен сөз қат­парла­рын Қансейіт арқылы терең тани түсті. «Тәкен Әлімқұлов және қазақ прозасы», «Тәкен Әлімқұлов және 1960-1980 жылдардағы қазақ әдебиеті», «Жазушы және заман шындығы» атты зерттеу кітаптары жарық көріп, қазақ ғылымына қазына боп қосылды.

Тарихи тұлғалар тағдырын арқау еткен туындылар қазақ әдебиетінде аз емес. Осы тақырыпқа арналған біраз шы­ғарманың көркемдік ерекшелігі мен орын­далу шеберлігіне арналған «Тарихи тұлғалар және қазақ әдебиеті» атты кітап – құнды дүние. Көркем әдебиетте тарихи тұлғалардың жиынтық бейнесін сомдауда қазақ қаламгерлері едәуір жеңістерге қол жеткізді. Олар кімдер еді? Біз қан­дай кейіпкерлерді жанымызға жақын тұ­тып, рухани нәр алдық? Бұл жерде де Тәкеннің орны бөлек. Сыншы Тәкен тақы­рыбын бастан-аяқ саралап, жіліктеп, кейіпкерді көз алдыңа тартып, қасыңа отырғызады. Олар: «Телқоңырдағы» күй­ші Сүгір мен Сүгірдің әкесі, «Сейтек сары­нындағы» Сейтек, «Жиендіктегі» домбырашы Тәпсір, «Қараойдағы» ақын Махамбет, «Ұрыдағы» Мәлке, «Көк қаршығадағы» Ақан сері, «Ел мен жердегі» Сәкен, «Қара қобыздағы» қо­бызшы Ықылас, «Күйшідегі» Төлеген Момбеков, «Күрең өзендегі» Назар бейнелері. Бұл кітап жоғары оқу орындарына оқу құралы ретінде пайдаланылса, болашақ ұстаздар – ертең шәкірт алдына шығар жас мұғалім осылай терең білім кәусарымен сусындап барады. Бұл кітап тек Тәкен Әлімқұлов емес, қа­зақ тарихында, қазақ қоғамында әр ғасыр­да өмір сүріп, әр қилы тағдыр кешкен батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер тұлғасын айшықтауымен де құнды. Қорқыт пен Ықылас, Құрманғазы мен Дәулеткерей, Біржан сал мен Ба­луан Шолақ, т.б. айтулылар бейнесіне қа­ны­ғып, айызың қанып отырады. Ал­да-жалда Қансейітке: «Осы Тәкеннің «Орталық шабуылшы» деген әңгімесі­нің кейіпкері кім еді?» десең, компьютерге, әйт­песе қалта телефонға үңілмей-ақ табанда тоқетерін айтып береді, ор­та­лық шабуылшының қорғаушыдан доп­ты қалай алып, қақпаны қалай көз­дегені өз алдына бір әңгіме. «Бұл жер­­де қазақтың «Қайрат» боп қатарға қо­сылуы ғой бізге керегі» деп аңқылдап айтып, ақырына дейін жеткізеді. Өзі жан­күйер, өзі шахматшы, жанрға жаңа­лық енгізген біртүрлі болмыс Тәкен­­нің әр басқан қадамы мен табан ізі Қан­сейіттің көкірегінде сайрап жатыр. Ол сәт сайын жаңарып, жаңғырып тәкен­тану деген ілім кәрі Қаратаудай биік­теп барады. Тәкен Әлімқұлов кешегі Тәттімбет пен Ақан, Махамбет пен Сәкен, Ықылас пен Сүгір сияқты тари­хи тұл­ғалардың кесек образдарын сомдаса, Қансейіт – Тәкеннің қаламгер­лік-адами әдеби образын жасаған сын­­шы. Бір сыншы Паустовский көтеріңкі ­ро­ман­тикалық лепке әуес болса, Тәкен ішкі монологқа, диалогқа көбірек әуес дей келіп, Әлімқұловты Паустовский сияқ­ты аса үздік суреткерлер қатарына «қосылып қалған екен» деген ұғым тумаса керек деп сақтандырғандай болады. Мен айтар едім, Тәкен Константин Паустовскийден бір де кем емес. Орыс қоғамында олардың аттары жүйрік бол­ды, оларды түпнұсқадан таныса, біз аударып-қотарып танылдық. Ал аударма дегенің қотыр жол, қотыр жолға тас төсегенмен жып-жылтыр асфальт бола алмайды. Осы біз қашанғы Әуезовтің маңдайын Сократтың маңдайына тели­міз? Әуезовтің маңдайы қазақтың пеше­несіне біткен маңдай емес пе? Осыны айтып та Қансейіт біраз тер төкті, оның Тәкенге төккен тері адал.

Әдебиет – Қансейіттің маздап жан­ған ошағы. Осы киелі ошаққа тамызық тастап, отын лаулатып, жұртты жылы­тып отыру – оның ең ізгілікті ісі. «Тарих және тағдыр», «Кейіпкер және тар­тыс» атты кітаптары әдебиет тарихы мен ке­йіп­кер болмысын таразылауда әде­биет ғылымына қосқан зор үлес дер едік. Қазақ әдебиеті тарихына арнал­ған бірнеше оқу құралы да болашақ баспал­дағында тұрғандарға даңғыл жол, ілгері тартар ізгі ниет.

Әдебиет пен өнер айтылмай қалған алмағайып заманда өзіне дәріс беріп, өмірдегі жолын айқындаған ірілердің басқан ізін жаңғыртып отыруды ол еш­қашан есінен шығармайды. Солардың атын атап, мерейтойы өте қалса, есімін ел тезіне салу да екінің бірі бара бермес салмағы зілдей тірлік. Зейнолла Қаб­долов, Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекіл­баевтардың атын атап, баспасөзде еңбе­гін ел есіне салу да осы бір кең пішілген жігіттің еншісінде. Ол шәкірттік парыз бен адамдық, кішілік жолдан ешқашан айныған емес. Өмірі орта жолда кілт үзілген айтулы сыншы Сайлаубек Жұмабековті «Тірілермен тірімін» деп айдар тағып жазған мақаласы бақилық досты шын көңілмен іздеп, мұрасына қамқор болып, есімін еске алайық, тұ­тан­бай қалған отты бірге үрлейік деген сарынмен көңіліңді құлазытса, бір жағынан, өлінің жоқтаушысы бар екен деген ой жаныңды жылытады. «Қара­ғай тектес, сынса да морт сынатын» сын сардарының әдеби өмірден ерте кет­кеніне өкініш білдірсе де, оның рухани екінші өмірі басталғанын көңілге медет тұтып, жазған-сызғанын жария етіп жаңғыртуды кім жанашыр болса, соның есіне салады. Ал «Алаштың рухани көсемі» атты мақаласының орны бөлек. Ахмет Байтұрсынұлы туралы аз айтылған жоқ. Мына мақалада ол қазақ әдебиеттану ғылымындағы «Әдебиет танытқыштан» кейін де алаштық идея, Ахаң бастап берген қазақ әдебиетінің ілімі тоқтап, тоқырап қалмай, Көк тудың мәңгі желбірейтіндігіне иісі қазақты сендіре сөйлейді.

Қансейіт – көсемсөзші. «Таным көк­жиегі» деген кітабын оқып, осы жігіт филфакты емес, журфакты бітірсе де, тәп-тәуір журналист атанып, «Қазақ әде­биеті» мен «Жас Алаштың» жұлдызы боп жүрер ме еді деп қаласың. Өмірдің күн­гейі мен көлеңкесіне үн қосып отыру – көкірегі сергек зерделі қаламгерге тән құбылыс. Ол айтпаса тұра алмайды, көзімен көріп, қолымен ұстаған нәрсенің ақ-қарасын ажыратуға асығады, кей кездері жүгенге бой бермес жер тарпыған тарпаң ба дерсің.

Ғылым бар да, көркем шығармаға сын айту бар. Сыншының қолында май­шам болу керек, өйткені жазушы сыншыға мойынсұна бермейді. Ол сын қа­йығында отырып та ескегін еркін есе­ді, жоқтан бар жасауға әуес емес, өзі дә­рісін тыңдап, өсиетін бойына дарыт­қан Зейнолла Қабдолов жүрген соқ­пақпен аяғын еркін алып, тек әдебиет теориясына ғана бағынып, әділ сөзін кесіп айтып салады. Оның бір қасиеті – шындықты шымбайға тигізіп жеткізу, ұстазы Қаб­до­лов айтқан «әдебиет – ардың ісі»-нің алдында өзін асқақ ұстау.

Қансейітте марапат аз емес. Ресей Ғылым академиясының әдебиеттану сала­сындағы М.Шолохов атындағы алтын медалінің иегері, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Білім беру ісінің құрметті қыз­меткері, Халықаралық Ш. Айтматов ака­­де­миясының академигі. Ол үшін ең қым­баты – өзі білім алып, жұртқа ілім үйретіп жүрген, Әуезов пен Қаб­долов лекция оқыған аудиторияда бола­шақ ұс­таздарға дәріс беруші профес­сор деген лауазым. Ол – филология ғылым­да­рының докторы. «Қызмет қолдың кірі» деп, ғылым десе жанып жүре беретін бойында қасиеті бар осы бір аңқылдаған азаматқа да жетінші ондық «сен енді жас шалсың» деп сорайып, мойнын созып тұрғандай. ҚазМУ мен ЖенПИ-де декан, Абай атындағы ҚазПИ-де проректор боп жүрген кезін еске алса, өзін уақыт шіркіннің алдында, ғылым-киенің артында жүргендей сезінеді. Жүрек шіркін болашағыңа білім бер деп дүрс-дүрс соғады. Аудиторияда лекция оқу оның ең қымбат сәттері, сағынышы дер едік.

...Бірде бір топ қаламгер Өтеген батыр бабаның басына бардық. Ас соңы­нан ұрпақтары бата сұрады. Сонда Қан­сейітті білетін бір ақсақал: «Батаны осы жігіт берсін, Төле би бабаның тікелей ұрпағы ғой» деп иегімен нұсқады. Бәрі­міз солай қарай бұрылдық. Ол кеше мен бүгін­нің алтын тамырын байлап, кексе­лікке бет бұрған кейіпте қасиетті сөз айт­ты. Үлкен сөз, тыңдаған құлақтың құры­шын қандырар тәлімді тағылым. Бата бере білу де – бір қасиет.

Байқаймын, Қансейіт – киені бойы­на дарытып, пір тұтқан болмыс. Киеде қа­сиет бар. Үлкеннің үлкендігін, кішінің кішілігін бағалап, жақсылық болса жариялап, жамандық болса жаны күйзеліп отырады. Қасиет дегеніміз осы емес пе? Төле би бабаның атап айтып кеткен лұғаты да осы емес пе? Абыз баба­ның жетінші ұрпағы ұлт үшін шыр-пыры шығып жүріп, жетінші ондықтың үзеңгісіне аяқ іліктірсе, санасында әркез ұлтты тұтастандырып, болашаққа бағамды сөз айт­қан Төле би бабасының рухы тұрады. Жақсы сөзімен ел-жұртын соңынан ерткен адам – қадірлі. Қатар жүріп кісі қадірін айту да парыз.

 

Қуандық Түменбай,

жазушы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты